©
ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев «Жусан» операциясынан кейін де қақтығыс аймақтарында жүрген қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстары жалғасатынын мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жусан» операциясы тікелей Елбасының тапсырмасымен орындалған және бұл туралы кеше арнайы мәлімдемені естідіңіздер. Елбасы айтқандай, Қазақстан өзінің азаматтарына әрдайым қолдау көрсетеді. Бұл гуманитарлық операция, ең алдымен, Елбасымыздың халықаралық аренадағы жоғары беделінің және еліміздің бейбітшілік бастамалары, қағидаттары негізінде жасалған болатын», - деді Ержан Ашықбаев СІМ-де БАҚ өкілдері үшін өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Қазақстан Сириядағы жанжалды тоқтату және сол елде бейітшілік пен тұрақтылықты орнату процесіне белсенді атсалысып келеді. Сирия бойынша Астана процесі шеңберінде соңғы екі жылдың ішінде келіссөздердің 11 раунды Астанада өткізілген болатын. Аталған келіссөздердің арқасында Сирияның көптеген аймақтарында қантөгіс тоқтатылып, бейбітшілік орнаған.
«Халықаралық терроризммен күресу біздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шеңберіндегі абыроймен аяқтаған қызметімізде де ерекше орын алған болатын. Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017 жылғы 21 желтоқсанда қабылданған 23-96 қарарын толығымен қолдап, оның аясында қызмет атқарып келеді. Аталған қарар БҰҰ мүше мемлекеттеріне шетелдік террористер тарапынан қауіп-қатерлерді анықтап, қарсы тұруға қолғабыс етуді, әсіресе Сирия және Иракта қақтығыс болып жатқан аймақтардан қайтып оралған террористермен күресуге бағытталған. Өткізілген операция толығымен гуманитарлық сарында. Оны ұйымдастыруға және сәтті өткізуге Қазақстанның бірқатар мемлекеттік органдарының өкілдері белсене атсалысты. СІМ тарапынан әріптестерімізге ризашылық білдіреміз», - деді ол.
Ержан Ашықбаев сонымен бірге, ҚР СІМ көптеген шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдарға алғыс білдіретінін айтып өтті.
«Олармен дипломатиялық деңгейде, арнайы қызметтер арасында келіссөздермен бірлескен іс-шаралар атқарылып келеді. Қазақстандықтарды, әсіресе, Елбасы кеше айтып өткендей, жас балаларды елге қайтару жұмыстары жалғасын табады. Біз бұл мақсат бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз», - деп түйді вице-министр.
Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды.