©
Астанада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халықпен кездесіп, 2017 жылы министрлік атқарған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарларын таныстырды. Министрдің халықпен кездесуі онлайн режимде республиканың барлық өңірлерімен тікелей байланыс тәртібінде өтті.
Министр халыққа есеп берді
Министр Дәурен Абаев өз баяндамасында мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ауқымды жұмыстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсыруымен жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.
«Елбасымыз бұқаралық ақпарат құралдары, коммуникация мен мемлекеттік қызмет көрсету салаларын дамыту бойынша нақты мақсаттар қойды. Қазір бұл тапсырмалар жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр. Өткен жылы осындай форматта халықпен кездесу жиынын ұйымдастырған едік. Мұндай шаралар халық пен мемлекеттік органдар арасындағы жақсы сұхбат алаңына айналды» деген министр ведомствоның 2017 жылы атқарған жұмыстары жайында баяндады.
«Ең алдымен, мемлекеттік сектордың ақпараттық жұмыс сапасы артты, яғни ондаған тараулардың орнына бірыңғай республикалық медиажоспар қабылданды. Осылайша атқарылып жатқан реформалар халық туралы халыққа тиімді ақпарат таратуға жол ашты.
Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың сапасын арттыру үшін бірнеше нормативтік бастамалар қалыптасты. Мысалы, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс заң бойынша мемлекеттік сатып алудан алынып тасталды. Алайда арнайы қағида қабылданды. Осылайша қоғамдық ұйымдардың БАҚ-ты іріктеу процесін ашық бақылау мүмкіндігі пайда болды. Ал мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа жоғары талапқа сай БАҚ өкілдері ғана қатыса алады», – деді Д.Абаев.
Министр өз баяндамасында «Ашық үкімет» жобасына ерекше назар аударатынын, сондай-ақ еліміздің ақпараттық нарығын ынталандыру мақсатында қандай имидждік ісшаралар өткізіліп отырғанын атап өтті.
«Ашық деректер порталы арқылы ел азаматтары 2800-ге жуық дерекке қол жеткізуге мүмкіндік алады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі. Осы порталда 25000 нормативтік құқықтық акт пен дәл сондай көлемдегі бюджеттік бағдарламалардың жо- балары орналасады. Кез келген азамат мемлекеттік органдардың бірінші жетекшілерінің блогплатформасы арқылы өзін қызықтырған сұрақтарға жауап тауып, ашық диалог порталы арқылы интернет-конференцияларға қатыса алады. Бұл құралдардың барлығы ел тұрғындары мен мемлекет арасындағы көпірді нығайту үшін қолға алынып отыр», – деді ол.
«Биыл телевизиядағы журналистер аясында «Тұмар» байқауы екінші рет өтті. Бұл шара қазақ телевизиясының 60 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Осы жылдың маусым айында, яғни БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үркер» премиясы салтанатты түрде табысталады. Сонымен қатар қазақстандық БАҚ үшін Astana Media Week аптасын өткізу дәстүрге айналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында министрлік «Қазақстанның 100 жаңа есімін» жүзеге асыруда. Ашық дауыс беру нәтижесінде өз еңбектерімен үлкен әлеуметтік табысқа жеткен еліміздің жаңа есімдері белгілі болды. Өткен жылдың 1 желтоқсанында олар Елбасымен кездесті. «100 жаңа есімнің» қоғамға пайдалы жобалары мемлекеттің қолдауына ие болатынын атап өткім келеді»,– дейді Д.Абаев.
Цифрлық қызмет аясы кеңейеді
Республика бойынша цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтары жыл соңына дейін әр облыс орталығында ашылатын болады. Биыл екі көшіқон ХҚКО жұмысын бастайды. Пилоттық жоба Астанада іске қосылуда.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Дағыстандық делегация Есенов Университетінде«Жыл соңына дейін цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарын республиканың әр облыс орталығында ашу жоспарланып отыр. Бұл ХҚКО-ның жұмысы толығымен автоматтандырылып, яғни қызметтерді оператордың көмегінсіз алуға болады», – деді бұл туралы министр.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың соңына дейін екі көшіқон ХҚКО-лары ашылады. Алғашқы мұндай ХҚКО Астанада жыл басында ашылған еді. Оның ашылуына дейін резидент емес тұлғалар алты мекемеге дейін барып, әрқайсында жеке кезекке туруға мәжбүр болатын. Бүгінде бұл қызметтердің барлығы бір жерде «бір терезе» қағидаты бойынша беріледі. Мұндай жобалар тәжірибесі болашақта ұлғая түспек. Министр аталған жоспарлардың жүзеге асуы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қол жетімділік деңгейін көтеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Ал осы жылы үш облыс толығымен цифрлық xабар таратуға көшеді. Республика бойынша аналогтік xабар тарату жүйесі кезең-кезеңімен тоқтатылады. Оның орнына цифрлық телерадио xабар тарату жүйесі іске қосылады. «2018 жылдың аяғына дейін Маңғыстау, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары толығымен цифрлық телерадио xабар тарату жүйесіне көшеді. Еліміздің өзге де аймақтары цифрлық xабар таратуға 2020 жылдың соңына дейін ауысады. Сонымен қатар «Отау ТВ» отандық спутниктік операторын дамыту мақсатында жаңа «Отау +» ақылы пакетін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның құрамында шетелдік түрлі жанрдағы танымал 14 телеарна болады. «Отау+» үшін абонент айына 500 теңге төлейді», – деді Д.Абаев. Өткен жылы елімізде мемлекеттік тапсырыс негізінде 40 сериал түсіріліп, бірқатар телехикаяларды көрші елдер өз елдерінде көрсету құқығын сатып алған. «Отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша да мақсатты жұмыстар атқарылды. Біз тек қана қазақстандық көркем және деректі фильмдер көрсететін «Еларна» телеарнасын аштық. 2017 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 40 сериал түсірілді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге жоғары. Көрермен назарын өзіне аударған кейбір телехикаяларымызды Қырғыз, Ресей және Қытай т.б. елдер өз елдерінде көрсету құқығын сатып алды. Барлық қазақстандық телеарналарды онлайн режимде көруге мүмкіндік беретін «Galam.tv» жобасы жаңартылды», – дейді министр.
500 елді мекен ұялы байланыспен қамтылады
Министр Дәурен Абаев келер жылы тіркелмеген телефондарға ұялы байланыстың қосылмайтынын еске салды. Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын ұялы телефондарды тіркеудің жаңа ережелері қабылданып, сол кезден бері арнайы ақпараттық жүйе әзірленді. Оны іске асырудың арқасында ұялы телефондардың ұрлығын айтарлықтай азайтуға болады. Себебі ішкі істер органдары ұрланған телефонды IMEI-код арқылы бірден бұғаттай алады.
«Дегенмен IMEI-кодтың көмегімен телефон иесін анықтау қиын болып тұр. Ал жаңа норманы толыққанды іске қосу үшін IMEI-кодты адамның жеке сәйкестендіру нөмірімен, сондай-ақ телефон нөмірімен байланыстыру қажет. Осылайша ұялы байланыс пайдаланушылары 2018 жылдың аяғына дейін өз құрылғыларын тіркеп қоюы қажет. Себебі 2019 жылы 1 қаңтардан бастап тіркелмеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді», – деді Д.Абаев.
Министрдің сөзінше, IMEI-кодтардың базасын жасақтау кезінде Ұлыбритания, Түркия, Әзірбайжан сияқты мемлекеттердің тәжірибесі ескерілді. «Әрине, ұялы телефондарды тіркеуге қатысты xалық арасында дүрлігу туындауы мүмкін. Оны да жақсы түсінеміз. Сол себепті телефон тіркеудің онлайн қызметін іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті ол.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2021 жылға дейін Қазақстанның 1249 елді мекен жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылатынын айтты. Ұланбайтақ Қазақстанда шағын елді мекендер саны көп. Ал бұл елді мекендердің барлығына бірдей интернет тарту тиімсіз екені белгілі. Министрдің айтуынша, бүгінде перспективті, яғни болашағы бар елді мекендердің тізімі жасалды. Бұл жерлерде xалықтың саны өседі деген болжам бар. «Дәл осы елді мекендерге біз жоғары жылдамдығы бар интернетті тартып береміз. Сонда шамамен 2 млн. адам жылдам интернетке қосыла алады. Қалған ауылдардың мәселесін әлі де қарастыратын боламыз. Спутник арқылы береміз бе? Жоқ, әлде арнайы құрылғыларды жаңартамыз ба? Ол жағын әлі де талқылаудан өткіземіз. Шағын ауылдарға ұялы байланыс пен интернетті тартқан экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін мойындауымыз керек. Себебі желіні тартуға кеткен қаржы ақталмайды», – деді Д.Абаев. Дегенмен шалғай жатқан елді мекендерді ұялы байланыспен қамту шаралары да жалғаса береді. Қазіргі кезде бір мың адамнан асатын елді мекендерде ұялы байланыс бар. Ендігі мақсат – тағы 500 елді мекенді ұялы байланыспен қамту. Ұялы байланыс операторлары да тиісті міндеттемелерді алды. 2020 жылға дейін барлық елді мекендер ұялы байланыспен қамтылады деген жоспар бар. «Негізі, ұялы байланыс операторлары үшін де шағын ауылдарға қызмет көрсеткен тиімсіз. Адам аз болған сайын тариф қымбаттайды. Мысалы, Үндістанда ұялы байланыстың бағасы қымбат емес. Өйткені xалық саны көп. Делидің өзінде 15 млн. адам бар. Оның айналысында да біраз xалық тұрады. Бізде жағдай басқаша. Астанадан 100 шақырым шалғай жерлерде ауылдар аз. Халқы да көп емес. Соған қарамастан, біз ұялы байланыс операторларына нақты міндет қойдық. Олар әрбір ауылды ұялы байланыспен қамтуға міндетті», – деп атап көрсетті министр.
Журналист мәртебесі қалай анықталады?
Дәурен Абаев өткен жылдың соңын да Ақпарат және коммуникациялар бағытындағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізгенін мәлімдеді. Министр бұл өзгерістерге сәйкес белгілі бір төтенше жағдай бола қалғанда өкілетті орган үш сағат ішінде оқиға туралы жан-жақты ақпарат беретін хабарлама жариялауы қажет екенін айтты. Заңға «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын сәтті жүзеге асыруға негізделген кешенді нормалар енгізілген. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құратын және сараптайтын, жобалау процесін жеделдететін бағыттар бар.
«Балаларды интернеттегі деструктивті ақпараттардан қорғау үшін өткен жылы министрлік байланыс операторлары мен «Болашақ» қауымдастығымен бірлесіп білім беру интернет жобасын іске қосты. Бұл жобада балаларға арналған қауіпсіз интернет сервистерді, танымдық және ойын түріндегі бағыттар қарастырылған 3500-ден аса сайт бар», – деді министр.
Министрдің халыққа есеп беру кездесуінде БАҚ өкілдері тарапынан «журналистерді баспанамен қамтуға арналған бағдарламалар қарастырыла ма?» деген сауал қойылды. «Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының 95% жекеменшік компаниялардың еншісінде болғандықтан, жекеменшік БАҚ баспанамен қамту мәселесін өздері шешуі тиіс. Мысалы, мұғалімдердің барлығы бюджеттік қызметкерлер, ал журналистердің басым бөлігі бұл санатқа жатпайды. Осы сәтте «журналистің мәртебесін қалай анық таймыз?» деген сұрақ туындайды, себебі біз кез келген БАҚ қызметкерін журналист деп атаймыз», – деді Д.Абаев. Сондай-ақ министр мемлекеттің баспанамен қамтуға қатысты біраз шараларды қолға алып жатқанын, соның ішінде «7-20-25» бағдарламасын атап өтті.
«Біз әр ведомствоға бағынышты ұйымның басшысына осы мәселені қоямыз. Бұл мәселе бір жерде шешіледі, енді бір жерде шешілмей жатады. Бір жерде жатақхана бар дегендей. Егер ведомствоға бағынышты ұйымдардың басшылары маған ұсыныспен келсе, біз оларды міндетті түрде қолдаймыз. Сондықтан БАҚ жетекшілерінен ұсыныстар күтемін», – деп жауап берді министр журналист сауалына.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың xалыққа есеп беру кездесуін бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі рейтингісіне қатысты көтерілген мәселемен түйіндеді. Жиында Zero жүйесінің сары басылымдардың көбейе түсуіне жол беруі мүмкін болғандықтан, өзіндік жүйе жасақтау, әсіресе контенттің анализін, мақаланың сапасын анықтайтын тетіктер болса деген ұсыныстар айтылды.
Министр қазіргі уақытта жаңа жүйені әзірлеуге байланысты жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, интернетпен қатар, жалпы ақпараттық жүйені қайта қарайтын шешім жасалатынын жеткізді. «Жыл соңына дейін біз өздеріңізге бір шешімін айтамыз. Қазір ол мәселені қарастырып жатырмыз. Көтерілген мәселелер дұрыс әрі орынды. Біз бәрін зерделеп, интернет саласындағы бұқаралық ақпарат құралдарының ғана емес, жалпы ақпараттық жүйемізді қарайтын шешім-ге келіп қалдық. Соны жылдың соңына дейін ұсынамыз деп ойлаймын», – деп сөзін түйіндеді министр Дәурен Абаев.
Жайық НАҒЫМАШ