©
Астанадағы коммуналдық қызметтер дауылдың зардаптарын жою жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Элвира Жүргенбаеваға сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМК хабарлауынша, бүгін Астанада желдің күші 25 м/с жетті. Жаңбыр жауып, қатты дауыл соқты.
«Қазіргі уақытта Астанадағы коммуналдық қызметтер күшейтілген режімге көшіп, дауылдың салдарын жою үстінде. Сағат 14:30-дағы жағдай бойынша 13 адам өміріне қауіп төндірмейтін жарақатпен жедел медициналық көмек шақырған. Ең ірі оқиғалардың ішінде - Түркістан көшесіндегі құрылыс алаңындағы кранның құлауын, Бейбітшілік және келісім сарайы ғимараты шыныларының сынуын, Арнасай 127 көшесіндегі тұрғын үйдің, № 24 орта мектептің, Үркер шағын ауданындағы Е- 638 көшесіндегі №91 балабақша шатырының ұшып кетуін атап өтуге болады», - деп жазды Э.Жүргенбаева Фейсбуктегі парақшасында.
Сондай-ақ дауыл салдарынан «Думан» қонақ үйінің холындағы витражды терезелер шағылды. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртқы қаптамалары, соның ішінде кірпіштер көкке ұшты. Жол жиегіндегі бетонды діңгектер құлады. Қаланың әр ауданындағы тұрақтарда көптеген автокөлікке зақым келді.
Қалалық әкімдік төтенше жағдайдың салдары туралы 109 нөміріне - Ikomek мониторинг және әрекет ету орталығына хабар беруге болатынын хабарлайды.
Сонымен бірге, «Қазгидромет» РМК хабарлауынша, 23 мамыр күні де Астана қаласында солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 25 м/с жететіндіктен, дауылдан алдын ала ескерту жарияланып отыр. Ертең күндіз жаңбыр, кей уақытта қатты жел күтіледі.