©
Астанада Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтті. Оның барысында Мемлекет басшысы Министрлер кабинетінің өткен жылғы жұмысына оң баға берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық өсімі өткен жылдың қорытындысында 4 процентті құрап, инфляция 7 процент төңірегінде болғанын еске салды.
«Бұл біз үшін алынған жаңа белес болып саналады. Сондықтан бұл жағынан мен Үкіметтің жалпы жұмысына, әрбір Үкімет мүшелеріне оң бағамды бергенім дұрыс деп санаймын. Халық та солай деп ойлайтын шығар. Дегенмен, әр уақытта жетістіктерімізге тоқмейілсіп отыра бермейміз. Алдымызда мақсаттар көп, бағдарламалардың орындалуының ішінде кемшіліктер бар. Оны әрине айтатын боламыз», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы заңның үстемдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. Бұл бағытта Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей, аз жұмыс жүргізілмеген. «Құқық қорғау құрылымдарының жұмысы үшін барлық жағдай жасалды, айлықтары көтерілді. Алайда құқық қорғау органдарына деген қоғамның сенімі әлі де төмендеу дейтіндей себептер бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев медициналық мекемелерді ақпараттық жүйелермен, сондай-ақ компьютермен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бұның барлығы бірыңғай денсаулықтың электронды төлқұжаты сияқты қызметтерді іске қосуға кедергі болып, қағазбастылықты көбейтіп отыр.
«Бұл - халықтың денсаулығы. Ұсақ-түйек нәрсе емес. Министрлік барлық жұмысты үйлестіруі тиіс. Әкімдер жүктелген тапсырманы орындауы қажет. Істей алмасаңдар, айтыңдар! Жұмысты атқаруға не кедергі? Бұл - аса өзекті мәселе, оны тездетіп шешу керек», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық сақтандыру мәселесін тағы бір мәрте пысықтап, дайындық шаралары туралы сұрады.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмысын сынға алды
«Құқық қорғау органдары «ҚазАвтоЖолдың» барлық дерлік басшылығын қамауға алды. Ішінде аймақтық филиалдардың жетекшілері де бар. Әрине, бұл жақсылықтың нышаны емес. Осының өзі қаржыны тиімді игеру және жол сапасы бойынша үлкен кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр», - деді Н.Назарбаев. Айта кетейік, соңғы үш жылда автомобиль жолдарын құрылысына бюджеттен 630 млрд теңге бөлінді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиевке ескерту жасап, цифрландыру мәселесін xалыққа түсінікті тілде жекізуді тапсырды.
Сондай-ақ мәжіліс барысында Мемлекет басшысы қала орталықтарындағы ескі хрущевкаларды сүріп, орнына жаңадан үйлер салу керек екендігін, мемлекеттік тұрғын үй құрылысын екінші деңгейлі банктер қаржыландыруы тиістігін, Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қатысты шешім қабылдауды жеделдету қажеттігін, мемлекеттік қарызды ұлғайтпай, керісінше оны кемітудің қадамдарын Үкіметің табысымен орайластырып отыру қажетттігін, ауыл шаруашылығы не үшін сынның астында қалатындығын айтып, тиісті тапсырмалар берді. Сөз ретінде кейбір әкімдіктер күнделікті өздерінің жұмыстарын «Рухани жаңғыруға» бұрмалап жатырғанын сынады.
Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері шет мемлекеттерден 300 млрд теңгеге жуық инвестиция тартты. Бұл туралы баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жануарлардан жапа шеккендер немесе бір тақырыпқа қос хабар«Сіздің осы жұмысқа күш салуыңыздың арқасында Тәуелсіздік алғалы бері мемлекетімізге шетелден 300 млрд АҚШ долларына жуық инвестиция тартылды. Қазақстан өз аймағында бұл көрсеткіш бойынша көшбасшы болып табылады», - деп атап өтті Үкімет басшысы. Бақытжан Сағынтаевтың айтуына қарағанда, қазіргі уақытта шетелден инвестиция тарту құрылымы өзгерген. «Шетелдік инвестициялардың 25 пайызы өндеу өнеркәсібіне бағытталып отыр. Шикізаттан тыс секторға - 50 пайыз. Елімізге шетелдік инвестициялардың жаңа толқыны келе жатыр», - деді ол. Премьер-Министр бұл сөзін нақты мысалдармен шегелей түсті. «Chevron компаниясының құны 37 млрд АҚШ долларлық инвестициясымен бірлескен Теңіз жобасының кеңейтілуінің қазіргі таңда әлемде баламасы жоқ. Қытай, Ресей, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Түркия мен өзге де мемлекеттермен өнеркәсіптік қуаттылықты дамыту бойынша құны 50 млрд АҚШ долларлық Сіздің келісімдеріңізді жүзеге асыру - Үкіметтің бақылауында», - деді Министрлер кабинетінің басшысы.
Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына кеңірек тоқталған Үкімет басшысы 2010 жылдан бері Қазақстанда құны 6 трлн теңгенің 1148 жаңа жобасы іске асырылғанын атап өтті. Осы жобалардың арқасында елімізде тұрақты түрде 107 мың жұмыс орны ашылған. Биыл Қазақстанда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 500 шақырымдық жолдың құрылысы аяқталады.
«Сіздің Жолдауыңыздағы міндеттерге сай, алдағы уақытта жергілікті жолдарға баса маңыз беретін боламыз. Олардың құрылысы үшін 150 млрд теңге бөлініп, бұл қадам ауылдар мен қалалардағы өмір сапасын арттырады», - дейді Премьер-Министр.
Одан кейін Қаржы министрі, Ұлттық банк басшысы сөз сөйледі.