©
Былтыр рекордтық 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуға арналған баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017 жылғы Индустрияландыру картасы бойынша 1,5 трлн теңгеге жуық сомаға 120 жоба енгізіліп, 10 мың тұрақты жұмыс орындары құрылды. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 4 мың шақырымнан астам жол қайта жөнделді. Ел экономикасының сапалы өсімге жетуіне «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру өз үлесін қосып отыр. Соның арқасында рекордтық 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспана алғанын білдіреді», - деді Р. Дәленов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар былтыр екпін қойылып отырған салаларда ілгерілеу болды. Бұл ретте фармацевтика - 42 пайызға, ал көлік құрастыру - 39 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 7,3 пайызға артты. Жалпы, 2017 жылы инфляция тұрақтанды. Макроэкономикалық жағдай да оңтайлы болды.
«Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Ішкі жалпы өнім 4 пайызға жоғарылады және бұл көрсетікіш әлемдік экономиканың өсімінен жоғары. Яғни әлемдік экономика 3,6 пайызға өскен болатын. 2017 жылғы басты экономикалық қорытындыға тоқталсақ, ІЖӨ өсімінің үштен екі бөлігі шикізаттық емес экономикамен қамтамасыз етілді. Барлық ішкі салада өсім болды. 2016 жылғы 22 салада, ал 2017 жылы 31 салада оң өсім байқалды», - деді Руслан Дәленов.