©
Бүгін Жаңаөзен қаласына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары келіп, қала активімен, Маңғыстау облыстық, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаттары, қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері және бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен кездесу өткізді. Кездесуге Мәжілістің экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі Хитуов Тарас Киікбайұлы, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұмаділдаева Наталья Васильевна, Мәжілістің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Махамбетов Мансұрхан Махамбетұлы, Мәжілістің экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі Сапарова Әлия Сүйіндікқызы қатысты.
Жиында депутаттар Елбасының халыққа Жолдауы, заңшығарушылық қызмет пен «Рухани жаңғару», «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру барысы және өткен жылғы атқарылған істер мен қабылданған заңдар турасында айтты.
Халық қалаулыларына жиынға қатысушылар тарапынан бүгінгі таңда қоғамда өзекті болып отырған теріс ағымдағы діни көзқарастар, жұмыссыздық, шағын және орта бизнесті дамытудағы түрлі қиындықтар, өңірдегі ауыз су мәселелері төңірегінде сұрақтар қойылып, ұсыныстар берілді. Депутаттар айтылған мәселелерді тиісті құзырлы органдарға жеткізуге уәде берді.
Айта кету керек, қаңтардың 3-і мен 12-сі аралығында барлық үш парламенттік партиялардың фракциялары мен Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжіліс депутаттарының сайлаушылармен кездесулері ұйымдастырылып отыр. Кездесулер облыс және аудан орталықтарында ғана емес, сонымен қатар, шағын қалалар мен шалғай ауылдарда да өтуде. Бекітілген бағдарлама бойынша Мәжіліс депутаттары аймақтардағы еңбек ұжымдарымен, жұртшылықпен кездесіп, өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандарға аралайтын болады.
Айжан НАСЫРОВА