АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамда өткен отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Кеңеске Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиев, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Молдова Республикасының Президенті И.Додон, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедов, Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёев, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі С.Исаков және ТМД-ның Атқарушы комитетінің төрағасы - Атқарушы хатшысы С.Лебедев қатысты.
Қазақстан Президенті сөйлеген сөзінде ТМД-ға мүше елдердің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуда осы ұйымның ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысы ТМД-ны жаңғырту мен оны жетілдіруге қатысты бірқатар өзекті бағыттарды айтты. Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасын қайта қарап, жаңа іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды. Сонымен бірге, Қазақстан Президенті достастық елдері арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайту мәселелеріне тоқталды. - ТМД аумағында қызмет көрсетудің еркін саудасы бизнесмендеріміз үшін зор мүмкіндіктер туғызып, елдеріміздің сауда-экономикалық кооперациясын жаңа деңгейге шығарады. Үкіметтер басшыларының кеңесі мен Атқарушы комитетке Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісім жобасы бойынша жұмысты жандандырып, оны жуық арада қабылдауды тапсыруды ұсынамын, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының осы ұйымға төрағалығының нәтижелі болғанын айтып, келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Тәжікстан Республикасына табыс тіледі.
Дереккөз: ҚазАқапарт
Тағы оқыңыздар: Маңғыстаудағы алғашқы музейдің ашылғанына – 85 жыл