Жуырда Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «Astana Media Week» медиа-апталығы өтіп, онда отандық медиа-нарықты дамыту, заманауи технологиялар мен ақпараттық кеңістікті тереңдету, әсіресе аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарын уақыт талабына ілестіруге айрықша маңыз берілді. Осы апталық шеңберінде өткен қазақ тілді журналистердің біліктілігін арттыруға арналған семинарда қозғалған жоғарыда көрсетілген тақырып өте өзектілігімен ерекшеленді. Семинарды бастан-аяқ жүргізген белгілі журналист, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай қазіргідей бәсекелестік кеңінен етек жайған замандағы конвергенттік журналистика ұғымының қыр-сырын ашып таратты. Бүгінгі таңда жаңа медиа дәуірі басталып кеткендігін атап өткен ол, кеңінен аудитория тарту, молынан ақпарат таратуда жаңа өзгерістерге бейімделіп, жаңа мүмкіндіктерді мейлінше ұтымды пайдаланудың тиімді болатындығын атап өтті. Оның айтуынша, конвергенттік журналистиканың өмірімізге дендеп ене бастағанына 1-2 жыл емес, бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Заманауи технологияларды, жаңа аудио-видео мүмкіндіктерді жан-жақты пайдалана отырып, тың ізденістерге , тың формаларға жол ашу шетелдер мен Ресейде қолданысқа енгелі әлденеше жылдар өтті. Қазір, жасыратыны жоқ, жас та, кәрі де қалта телефонына шұқшиған заман. Медиа үшін - аудиторияның артынан жүгіретін, оқырман жоғалтпауға тырысатын уақыт. Өйткені, күн өткен сайын ғаламтордың инновациялық, жаңғыртушылық мүмкіндігі күшеюде. Қаласаң да, қаламасаң да, жаңа технологияларды игермейінше жетістікке жете қоюың екіталай. Өйткені, аудиторияның қарым-қатынасы, әлеуметтік желілердің ықпалы өсті. Әлемде 7 млрд. халық болса, интернетті пайдаланушылар саны 4 млрд.-қа жуықтады. Қазір әрбір отбасында, әрбір балада бір-бір ұялы телефон, қажет болса планшет, смартфонға дейін бар. Әлемдегі ең кедей деген Индия, Индонезия, Ауғанстан секілді әлеуметтік жағдайлары төмен елдердің өзінде ұялы байланысқа жүгінеді. Мүлде сауатсыз дерлік Африка елдері де ватсапты пайдаланады. Тіпті мәтін түрінде болмағанның өзінде аудио-видеоөнім түрінде таратуға мүмкіндік беріп отыр. Яғни, географиялық, демографиялық, этнографиялық тұрғыда да өріс жая түсуде. Болжамдар бойынша, алдағы уақытта интернет пайдаланушылар қатары бұрынғыдан әлдеқайда көбейе түсуі әбден мүмкін... - Жақында Өзбекстанда болдым. Ең мықты деген бес жұлдызды қонақүйінің өзінде интернет байланысы өте нашар болды. Қазақстан бұл жағынан әлдеқайда ілгері кетті. Бұған жуырда Ақтауда болған кезімде толық көзім жетті. Маңғыстау облысының елді мекендері 100 пайыз дерлік интернет желісіне қосылған екен.Аудандық газет пен жергілікті теледидар арқылы сол өңірдің жаңалығын естісе, интернет арқылы әлемді көреді ғой. Бұл аталған хабар таратушы салалар арасындағы өзара бәсекелестікті күшейте түседі,-дейді Бибігүл Нұрғалиқызы. Жалпы аймақтардың интернет пайдалану бойынша үлесіне назар аударсақ, Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр-94%. Одан ары қарай жылжысақ, Алматы облысы – 87,3%, Астана қаласы 86,9%, Алматы қаласы- 80,9%, Маңғыстау облысы- 70%, ал жалпы қазақстандықтардың 63,3 пайызы интернетті пайдаланады екен. «Мәселен, осыдан шамамен 4-5 жыл бұрын Талдықорғанда болғанымда, тұрғындар жергілікті ақпарат көздерінен гөрі интернетті көбірек пайдаланатынын айтқан болатын. Одан бергі жылдар ішінде ғаламтордың үлес салмағы мейлінше өсе түскеніне шәк келтірмеймін» дейді Б.Жексенбай бір сөзінде. Ал әрбір мақала, әрбір бағдарламаны пайдалану мәселесін жас айырмашылығына қарай қарастырсақ, төмендегідей екен: 16-24 жастағылар-30%, 25-34 жастағылар -29-30%, 35-44 жастағылар – 29%, 45-54 жастағылар-11%, ал 55 жастан жоғарылар интернетті мүлде аз көреді-(4%). Бұдан шығатын қорытынды, интернетті серік етушілердің негізінен жастар екендігіне күмән болмаса керек. Тағы бір дерекке назар аударсақ, еліміздегі 3 млн. 470 мың интернет пайдаланушылардың 870 мыңы алматылық болып шықты. Ал БАҚ үшін 12-54 жастағылар интернетті пайдаланады. Әрине, мұндай жағдайда әлеуметтік желілер дәстүрлі ақпарат құралдарымен қаншалықты бәсекеге түсе алады деген сауал туындайтыны өзінен-өзі түсінікті. Семинар тренерінің айтуынша, бұл ретте тағы да әлемдік статистика мен тенденцияға жүгінуге тура келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерден фейесбукті мәселен, 1,5 млрд. адам пайдаланса, ал балалардың өзі енді телеарналардан гөрі ютубқа( бейнероликтер) ауысуда. Твиттер желісінің тартымдылығы қазірде сәл аз көрінгенімен келешекте жоғары сұранысқа ие болуы ғажап емес. Өйткені, твиттер өте жылдам ақпарат көзі ретінде пайдалы. Онда ҚР Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевтың, АҚШ президенті Д.Трамптың жиі пост(ақпарат) жариялайтынының өзі жәйдән-жәй болмаса керек. Интернет БАҚ үшін бір жағы ақпарат көзі десек те, бұл ресми ақпаратқа деген қызығушылықты азайтады. Көпшілік азаматтардың жеке парақшасына көбірек көңіл аударады. Сондықтан БАҚ әлеуметтік желілерді жұмысты жетілдіруде тиімді түрде пайдалана білсе ғана ұтады. Соңғы бес жыл ішінде әлеуметтік желілердің арасында ватсап коммуникация құралы ретінде бірінші орынға шығыпты. Оны әлем бойынша коммуникация бестігіне енгізіп отыр. Сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдары кез келген коммуникация құралдарын тиімді пайдалануды жолға қоя білсе ғана құба-құп. - Сондықтан да 2011 жылы Израил мемлекетінің 92 жастағы сол кездегі президенті Ш.Перес Америкаға барған сапарында берген сұхбатында әлемді ешқандай революциясыз, қақтығыссыз-ақ бағындырған деуге боларлықтай, «Facebook» әлеуметтік желісі сайтына негіз қалаған компанияның бас директоры, әлемнің ең жас миллиардерлерінің бірі америкалық Марк Эллиот Цукербергпен кездесіп, тіл табысқысы келетінін айтқан екен... Ендеше, конвергенттік журналистика –ватсап, твиттер, фейесбук..., міне, осылардың барлығының жұмысын пайдалану арқылы ақпаратты аудиторияға жеткізу, - деді Б.Жексенбай ханым. Біздің өзіміз сол интернетті пайдаланып, Конвергенттік журналистика деген сөзге жауап іздеген едік. Онда бұл сөзге төмендегідей анықтама беріліпті: «Конвергенция - латын тілінен аударғанда "конверго" - жақындатамын деген мағына береді. Ол медианың әр түрлі қырларын бір ғана продуктіде қолдану. Конвергенттік журналистика дегеніміз - ақпараттық және комуникативтік технологиялардың ортақ ақпараттық ресурсқа құйылып, интеграциялануы. Павликова М. канадалық БАҚ және коммуникация зерттеушісі Дэни Макуэйдің анықтамасына келесі анықтама береді: " Бұл бір ғана мазмұнды тауардың әр түрлі арналармен, құралдар бойынша әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Конвергенттік журналистика бұл беттесу процесі болып табылады, бір ғана ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың интеграциясы, толысуы." Әрине, заманауи конвергенттік журналистика туралы «бас жаттықтырушының» тамаша ақпаратттық түсіндірмесіне қарамастан жиналған журналистер қауымы түрліше ой өрбітті. «Медальдың екі қыры бар» демекші, біреулер оның пайдалы қырларына баса мән берсе, бірақтары бүгінгідей жаһандану дәуіріндегі кейбір кері сипаттарына да тоқталып өтті. Зияны туралы атап айтқанда,әлеуметтік желілер алтын уақытты көп алады, сауатсыз жазылады, авторлық құқыққа нұқсан келеді, яғни бір адамның жазғанын екінші адам пайдаланып кетеді, журналистик этика бұзылады, кейбір блогерлер «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп бес-алты пост жазып, танымал болғысы келеді деген секілді пікірлер айтылды. Ал интернеттің пайдасына келгенде оның жеделдігін, газеттен көре алмайтын кейбір нәрселерді желілерден көруге болатынын,уақыт талабына ілесуге ықпал ететінін,бұрын кітапханаларда нешебір әдебиеттерді ақтарып әлекке түссең, енді әлеуметтік желілер, сайттар таптырмас ақпарат көзі екендігін, осы желілер арқылы тәжірибелі журналистерден, ақын-жазушылардан, тіл мамандарынан ақыл-кеңес алып отыруға болатынын тілге тиек етеді. - Интернет деген үлкен бір комбайн ғой, қанша ақпарат болса да қомағайлана «жұта» береді. Қалай болғанда да пайдасы көбірек. Әртүрлі форма, тәсілдердіі(әлеуметтік желілерді) тиімді пайдалану арқылы ақпарат тарату, яғни конвергенттік журналистика түптеп келгенде тиімді деп қарауға болады,-деп сөзін қорытты Б.Жексенбай. Ол шын мәніндегі кәсіби дүниелердің, яғни БАҚ-тың тұғырлы діңгек болып қала беретініне күмән келтірмесе де, жасанды интеллектің күшеюі арқасында шынайы журналистиканың жоғалып кету қаупі де бар екендігін жасырмады. Жоғалмаса да, интернет, компьютерге, яғни жаңа технологияларға жасанды интеллект арқылы берілуі мүмкін. Өйткені, бұған қосымша шығын кетпейді. «Біздің кезімізде қалыптасқан журналистика формасы өзгеріске түсіп жатыр.Журналистиканың өзгеріп жатқанын мойындап әрі өзіміз өзгеріп, ақпарат толқынында жұтылып кетпеуді ойлауымыз керек.Шын мәніндегі кәсіби журналистер әбден елеп-екшелген, тексерілген, ақиқатқа негізделген, дәлелді материалдар беруіміз керек» деді әріптестерін өз біліктілігімен, қара сөзге жүйріктігімен ұйыта білген шешен. Бибігүл Нұрғалиқызы сондай-ақ кез келген проблема, идея, мәселелерге түрлі қырынан қарауға мүмкіндік беретін, нақты нәтижеге жетуде ұжымдық жауапкершілікке жүгінетін, компания менеджментіне алуан түрлі мәселелерді, мәселен, персоналды іздестіруге жол ашатын, БАҚ үшін фактчекинг, краундтранслейшн, краудсечинг түрінде қолданылатын краудсорсинг терминіне де мысалдар арқылы толыққанды жауап берді.
Ғалым ӘРІП
Сурет ғаламтордан алынды