1414 телефон нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығына хабарласқандарға бұдан былай Кеңес атты робот жауап беретін болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысовқа сілтеме жасап.
«Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, байланыс орталықтарын оңтайландыру кезінде жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруге бейімделген, қажеттілік туындаса ғана оператормен байланыстырып бере алатын арнайы роботтар қолданылады. Бүгін біз де тестілік режімде Кеңес атты роботымызды іске қосқанымызды қуана хабарлаймын. Ол 1414 нөмірі бойынша мемлекеттік қызметті көрсетер кезде азаматтарға тиісті кеңес бере алады», - деп жазды Әсет Тұрысов Фейсбуктегі өз парақшасында.
Бұдан былай 1414 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласқан кезде қазақстандықтарға Кеңес атты робот жауап беріп, мемлекеттік қызметтің 10 түрі бойынша (роботты келешекте азаматтардың сұранысына ие барлық қызметтер бойынша бейімдеу жоспарланған) кеңес беретін болады.
Осылайша, қазіргі уақытта Кеңес жеке тұлғалардың мүлкі бойынша салық төлеу, соттылығы бар-жоғы жөнінде анықтама, зейнетақы аударымы бойынша анықтама, қозғалмайтын мүлікке тіркелген құқық бойынша анықтама алу, МӘМС, рұқсат беруші құжат пен лицензия іздеу, ЭСҚ алу, балабақша кезегін тексеру, ХҚКО-ның жұмыс тәртібі, жол ережесіне сай айыппұлдың бар-жоғы жөнінде анықтама алу секілді қызметтерге қатысты кеңес береді.
«Робот қазақ және орыс тілдерін, сонымен қатар қазақша және орысша араластырып сөйлейтіндерді түсінетіндей жасалған. Бұған қоса Кеңес Egov.kz порталы мен www.1414.kz сайтындағы қолданушылардың интерактивті online-кеңесі үшін виртуалды көмекші ретінде ұсынылып отыр», - деп жазады Ә.Тұрысов.
Виртуалды робот Кеңес «өзің жайлы айтып бер» деген сұраққа «өте ақылды әрі кеңпейіл» екенін айтып жауап береді. Сондай- ол азаматтарға «Отбасы», «Білім», «Мүлік», «Бизнесті тіркеу және оны дамыту» секілді тақырыптар бойынша ақыл-кеңесін айтады. «Портал туралы», «Парольды қалпына келтіру», «Мекен-жайлы анықтама» секілді сауалдардан да мүдірмейді.
Сонымен қатар, Ә.Тұрысов 2017 жылы 1414 Бірыңғай байланыс орталығының 113 операторы eGov.kz порталының қолданушыларынан келіп түскен 4,3 миллион өтінімді өңдегенін хабарлады. Операторлар күніне еліміздің түкпір-түкпірінен 14-16 мың қоңырау қабылдайды.
«Кеңес жұмысқа кіріскелі бері қоңыраулардың саны 15 пайызға азайды», - деп түйді ол.