Ерекше көзге түскен студенттер тегін оқи алады, қалғандары үшін оқу ақылы болмақ. Бұл мәселелер бойынша Қорғаныс министрлігі еліміздің барлық өңірлеріндегі жетекші жоғары оқу орындарымен жұмыс жасауда. Жобаны қазірдің өзінде бірнеше ондаған жоғары оқу орындары қолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әскери қызметтен өтуді ынталандыру үшін Қазақстанның жоғары оқу орындары ҰБТ ұпайын есепке алмай, тегін жоғары білім беруге дайын. Қызметін абыроймен атқарып, жауынгерлік дайындықтың, сондай-ақ әскери тәртіптің жоғары көрсеткіштерін көрсеткендер үшін жоғары білім тегін болады. Мұндай әскери қызметшілерге Қорғаныс министрлігінің жоғары әскери оқу орындарына емтихансыз түсуге де мүмкіндік беріледі. Бұл ретте оқуға қабылдауда әскери қызметкерлердің балалары да басымдыққа ие болмақ.
Маңғыстау облысының жоғары оқу орындары жобаға қатысуға әлі өтінім бермеген. Келер жылы қабылдау тетіктері әзірленіп, содан кейін қолжетімді жоғары оқу орындар мен мамандықтардың тізімі жарияланады.