Сенаторлар Риддердегі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бір күндік еңбекақысын аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында болған алапат өрттің салдарынан ондаған үй толықтай өртеніп кетті. Өкінішке қарай, қайғылы жағдай адам өліміне әкеліп соқты.
Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары мен Аппарат қызметкерлері өрттен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін жеткізді.
Еліміз Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қазір өрттен зардап шеккен қала тұрғындарына көмек көрсетуде және оларды баспанамен қамтамасыз ету жұмысымен айналысып жатыр.
Осындай қиын кезеңде сенаторлар бір күндік еңбекақысын өрттен зардап шеккендердің көмек қорына аудару және Риддер тұрғындарын қолдау жөнінде шешім қабылдады.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мәжілісмендер бір күндік жалақысын Риддердегі өрттен зардап шеккендерге аударған болатын.
Айта кетейік, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өртшықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли БАҚ өкілдеріне Риддер қаласының Лесхоз кентіндегі орман өртінің алғашқы ықтимал себептерін атады.
ҚР Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері алапат өртке қатысты күдіктіні ұстады.