Италиядағы көлік апатынан зардап шеккен жолаушылардың арасында Қазақстанның 9 азаматы бар екені анықталды. Олардың 5-еуі емханаға жатқызылды, ал қалған 4 адам қонақүйге орналастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Зардап шеккен қазақстандықтардың омыртқасына зақым келтірілген, бұғана сүйек пен қабырғалары сынып, көптеген жарақат алған. Жақын арада жергілікті дәрігерлер толық медициналық тексеру өткізіп, әрі қарай емделу бойынша кеңес береді. Біздің дипломатия отандастарымызбен бірге және оларға қажетті көмектің барлығын жасауда. Зардап шеккендердің туыстарына оқиға туралы хабар берілді», - делінген ақпаратта. Айта кетелік, бүгін Италияның Сиена провинциясында шетелдік туристер бар автобус аударылды. Көлік апатының салдарынан бір адам қайтыс болды, шамамен он адам түрлі жарақаттар алды. Барлық зардап шеккендер жергілікті ауруханаларға жеткізілді, төртеуі ауыр жағдайда. Бұған дейін СІМ қазақстандық консулдың Рим қаласынан Сиена провинциясына оқиға орнына жолға шыққанын хабарлаған еді.