Боливия президенті Эво Моралес өткен айда өткен президенттік сайлау барысында «айтарлықтай заң бұзушылықтар» болғаны туралы жарияланғаннан кейін жексенбі күні отставкаға кетті. Моралес 20 қазанда президент сайлауынан кейін болған наразылықтарға байланысты «елдің игілігі үшін» отсавкаға кететінін мәлімдеді. Наразылықтарда үш адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Сондай-ақ, Моралес елден кету жоспарында жоқ екенін атап өтті. «Менің қашуға ешқандай себебім жоқ. Боливия халқы ешкімді тонамағанымды білгенін қалаймын. Егер кім де кім бізді ұрлық жасады деп ойлайтын болса, өзіме келіп айтсын. Дәлелдер әкелсін», - деді ол. Жексенбі күні наразылықтарға байланысты Боливия қарулы күштерінің қолбасшысы командир Уильямс Калиман мемлекетте тұрақтылық пен бейбітшілік орнату үшін Моралестің отставкаға кетуін сұрады. Шерушілер мен Боливия оппозициясы сайлау билігін елдің бұрыннан келе жатқан социалистік көшбасшысы Моралестің пайдасына дауыс санауды манипуляциялады деп айыптады. Ол Латын Америкасындағы ең ежелгі мемлекет басшыларының бірі - Моралес елді 14 жылдан бері басқарып келеді. Моралестің отставкаға кеткені туралы хабар жарияланғаннан кейін, елдегі адамдар бұл жаңалықты тойлай бастады. Вице-президент Альваро Гарсия Линера Моралестің отставкасынан кейін бірнеше минут өткен соң отставкаға кететінін жария етті. Сенат президенті Адриана Сальватьерра Арриаза да, Депутаттар палатасының президенті Виктор Борде де жексенбі күні отставкаға кетті. Жергілікті БАҚ алдында сұхбат берген Боливия сенатының екінші вице-президенті Жанин Аньес президент болуға кезегінің келгенін айтты. Оппозиция депутаты Аньес жаңа сайлау өткізу мақсатында президент қызметіне кірісетінін мәлімдеді.
Дереккөз ҚазАқпарат