Ақтауда «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызының қатысуымен «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты кездесу өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған Ақтау қаласы әкімінің орыбасары Нұртас Сали, «Аналар кеңесінің» мүшелері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтар мен колледж студенттері қатысты.
Кездесудің ең негізгі бағыты ретінде отбасылық құндылықтар, ата-ана тәрбиесі, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі сынды мәселелер, сондай-ақ тіл мәселесі, ұлттық құндылықтарымыз, ерекшеліктеріміз, білімділік, патриотизм, жан-жақтылық, үздіксіз даму маңызы жайлы кеңінен талқыланды.
-Осындай жастарға берері көп жиынға уақыт бөліп келгеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Келелі, өнегесі мол әңгімелеріңіз арқылы жас ұл-қыздарымыз өздеріне керекті білімді де, тәрбиені де алды деп сенемін. Денсаулығыңыз мықты болсын, деді қала әкімінің орынбасары.
Жиын соңында «Ашық микрофон» әдісімен жастар ойын ортаға салып, пікір алмасты.