Мұнайлылық параспортшы Ақтөбе қаласында ҚР VI жазғы параолимпиадалық ойынында үстел теннисінен ел чемпионы атанып, алтын медаль алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорт додасына еліміздің әр түкпірінен тірек-қимыл аппараты зақымданған 200-ге жуық спортшы қатысқан.
Үстел теннисінің нәтижесі бойынша Мұнайлы ауданына қарасты Маңғыстау ауылының 33 жастағы тұрғыны Мейірбек Өтепов дайындығы мен ептілігін көрсетіп, ақтық мәреге шықты. Ол финалда Павлодар қаласының сәйгүлігі, ҚР 21 дүркін чемпионы Владимир Капличті жеңіп, алтынды Маңғыстаудың қоржынына салды.
-Ақтық мәреде ешқашан жеңіліп көрмеген Владимир Капличпен кездестім. Өте қиын болды. Осы жолы бағым мен бабым қатар шауып, 3:1 есебімен ұтып, жеңіс тұғырынан көріндім. Бірінші жаттықтырушым Алишер Рохимбоевқа және тілеулестеріме рахмет айтамын,-деді Мейірбек Өтепов.
Айта кетейік, Мейірбек Өтепов отбасылы, 5 баласы бар. Үстел теннисімен 5 жылдан бері айналысады.