Маңғыстауда 26-28 шілде күндері аралығында таеквондодан балалар мен жасөспірімдер арасында «Жас батыр кубогы» республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарысқа Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан және Әзербайжан мемлекетінен барлығы 500-ден астам спортшы қатысады.
- Бұл турнирді өткізу облыс үшін үлкен жетістік. Жас спортшыларымыздың тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Мұндай спорттық іс-шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табады. Біз бұл жарысты халықаралық, рейтингтік деңгейде, атап айтқанда жарыс жеңімпаздарына «спорт шебері» атағы берілетіндей дәрежеде өткізгіміз келеді, - деді Таеквондо WT бойынша МО жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Камила Сәрсенқызы.
Брифинг барысында таеквондо WT бойынша жасөспірімдер арасындағы МО аға бапкері Самат Жантілеуов турнирдің ерекшелігі жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Спорт шеберіне үміткер» атағы берілетінін айтып өтті.
- Таеквондошылардың жеңіс тұғырынан көрініп, біліктілігін арттыру мақсатында облыстағы үздік бапкерлер еңбек етуде. Олардың қатарында ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы Қуанғали Дастанұлы бар, - деді Самат Жантілеуов.
МО таеквондо WT федерациясының өкілі Сапаркелді Полатұлының айтуынша, бүгінде бұл спорттың түрімен облыс көлемінде 2 000-ға жуық спортшы айналысады.
Айта кетейік, турнир «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді.