Ыбырай атамыздың «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңіндегі «... айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» байланыс құралы – телефон бүгінгі таңда қауіпті құралға айналып отыр, одан түскен бір қоңыраудың салдарынан бүкіл жиған-тергеніңнен айырылып қалуға болады.
Fingramota.kz мобильдік нөмірге бір қоңыраудың нәтижесінде азаматтарымыздың ақшасынан қалай айырылатыны және оның алдын алып, өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін не істеу керектігін айтып береді.
Не болды?
Соңғы бірнеше күннің ішінде қазақстандықтарға мобильдік байланыс «операторларынан» түскен қоңыраулар жиілеп кетті, олар ұялы телефонның SIM-картасының мерзімі аяқталғанын және тиісті шартты ұзарту қажеттілігі жөнінде хабарлайды. Жалған оператор телефон картасының қолданыс мерзімін ұзартуды ұсынады, кері жағдайда ұялы телефонның нөмірі сағат 00.00-де бұғатталады-мыс. Үрейленген абонент онымен келіседі және оған әрі қарай не істеу қажеттілігі жөнінде нұсқау түседі.
Бірінші кезекте «оператор», назар аударыңыз, egov.kz. бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірінен СМС-хабарламамен келетін «талонның кодын» айтуды сұрайды. Алаяқтардың бұл нөмірді таңдауы кездейсоқ емес, өйткені бұл нөмір қазақстандықтарға бұрыннан белгілі.
Аңғал азаматтар смс-хабарламамен келген код нөмірін айтады және
«оператор» өзінің «құрбанын» ары қарай алдарқатып, өз дегенін істетеді. Мысалы, жүйеде ол кредит ресімдеуге әрекет жасалғанын көреді, енді ол қай банкте және абоненттің кредитті қандай сомаға ресімдемекші болғанын анықтайды. Ең бастысы, олар «құрбанына» кредитті заңсыз ресімдеу мүмкіндігін болдырмау үшін банктерге сұраныстар жіберетініне сендіреді. Абонент көмек көрсеткені үшін алғыс айтады, ал алаяқтар, өз кезегінде, барлығы белгілі болғаннан кейін қайта қоңырау шалуға рұқсат сұрайды. Абонент келіскен кезде телефонды ажыратпауды, қоңырауларға жауап беруді және олардың нұсқауларын қатаң сақтауды сұрайды.
Әрі қарай абонентке сіздің атыңыздан кредит ресімдеуге өтінімнің ресімделгені не ресімделмегені туралы сұрақпен «банктен қоңыраулар» түсе бастайды. Клиентте қандай да бір күдік туындайтын жағдайда оған банктен ресми құжат деп алдап, мөр, қолтаңба қойылған және заңсыз кредит ресімделгенін растайтын тиісті мәтін көрсетілген жалған үзінді көшірме жібереді. Алданған адам сеніп қалады және қатаң түрде нұсқауларды орындайды.
Сондай-ақ, алаяқтар психологиялық тұрғыдан әсер етеді: жәбірленушіге ақпараттың аса конфиденциалды екенін және тіпті қарулы органдарының іске қосылатынын, әңгімелер жария болған жайдайда сыбайлас адам ретінде жауапқа тартатынын, қылмыстық іс қозғалатынын айтып, туыстары мен достарына қоңырау соғуға тыйым салады.
Жәбірленуші мен алаяқтардың мұндай келіссөздері 2 сағаттан 5 сағатқа дейін созылады. Осы уақыт бойы адам қорқыныш пен алаңдаушылықты бастан кешіп, қысымға ұшырайды. Осы уақытта алаяқтар кредиттер ресімдейді және барлық байланыс тоқтайды. Кейбір адамдар бірте-бірте қателік жасағанын түсініп, әрекет ете бастайды. Кейбіреулер біраз уақыт өткеннен кейін ғана, яғни бірнеше күннен бір айға дейінгі уақытта, оның өзінде аталмыш кредиттерді төлеу мерзімі кешіктірілгені анықталғаннан кейін өздеріне қарыз ресімделгенін біледі.
Қандай шаралар қабылдау қажет?
Ең алдымен құқық қорғау органдарына өтініш жазу қажет. Өтініште болған оқиғына нақты және жан-жақты сипаттаңыз. Өтініш тіркелуге тиіс. Тіркеу нөмірі мен өтініштің қабылданған күні көрсетілген өтініштің көшірмесін жасап алыңыз.
Дербес кредиттік есеп алу үшін Мемлекеттік кредиттік бюроға және/немесе Бірінші кредиттік бюроға хабарласыңыз. Кредиттік есепті электрондық үкіметтің веб-сайтынан онлайн режимде алуға болады.
Сізге қай кредит ұйымында заңсыз кредиттің ресімделгенін білгеннен кейін өзіңіздің шартқа қол қоймағаныңызды және жасамағаныңызды және ақшаны алмағаныңызды көрсете отырып, өтініш жазыңыз. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына өтініш берген сияқты тіркеу нөмірі мен өтініштің қабылданған күні көрсетілген өтініштің көшірмесін жасап алыңыз.
Осы ұйымнан қандай құжаттардың негізінде кредит берілгенін сұраңыз, олардың көшірмелерін талап етіңіз: шарт, оған қосымшалар және растайтын құжаттардың көшірмелері, ақша қабылданған және аударылған шоттың деректемелері. Кредит ресімдеген кредиттік ұйымның қызметкері туралы деректерді анықтап алыңыз. Кредитордан қызметтік тергеуді жүргізуді және борышты талап етуді тоқтатуды талап етіңіз. Кредиттік ұйым құжаттарды ұсынған жағдайда Сіз Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым бере аласыз.
Егер кредит кредитоматтарда ресімделген болса, оларда бейнекамералар орнатылған, оның жазбалары арқылы алушыны идентификаттауға болады.
Егер бұл онлайн-қарыз болса, онда полиция IP бойынша қаскүнемдерді анықтай алады.
Кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңіз бойынша алаяқтар алғаны туралы айғақтар таба алмаса, тұрғылықты мекенжай бойынша мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арызбен жүгіну қажет.
Сот сіздің пайдаңызға шешім шығарған жағдайда, кредиттік ұйым:
- сізден борышты төлеуді талап етуге;
- берешекті есептен шығаруға;
- сіздің кредиттік тарихыңыздан бөтен адамның қарызы бойынша ақпаратты шығару туралы хатты жіберуге тиіс.
Кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеңіз. Жақында біз осы қызметті қалай орнату қажет екендігі туралы жаздық https://www.fingramota.kz/kk/post/kreditterden-erikti-bas-tartu-is-imyl-algoritmi
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қарыз алушы кредит ресімдеуден ерікті түрде бас тарту болған жағдайда кредиттік ұйым берген кредитті өтеуден босатылатын болады.
Телефоныңызға екі кезеңдік верификацияны орнатып қойыңыз, ол сіздің құпиясөзіңіз біреуге мәлім болған жағдайда да, сіздің есептік жазбаңызға деген қолжетімділікке өзіңіз ғана ие болатындай қауіпсіздіктің қосымша деңгейін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Өзіңізге, жақындарыңызға қамқор болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!