Қазақ ақыны, ойшыл, тарихшы, этнограф, шығыстанушы және қазақ халқының ауызша өнерін жинақтаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларының жаңа басылымы «Адам Жүсіпті «Мәшһүр» қылған адамдық жол...» деп аталады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мәшһүр Жүсіптің 165 жылдығына орай Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында облыс жұртшылығы, дін қайраткерлері, белгілі ғылыми-әдеби элитаның өкілдері, тарихшылар мен өлкетанушылардың қатысуымен салтанатты шара өтті.
Жаңа басылым «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Нүркен Асановтың бастамасымен, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының білікті мамандарының еңбегінің және М. Жүсіп ұрпақтарының қолдауы арқасында жарық көрді.
—Мәшһүр Жүсіп шығармашылығы – қазақстандықтардың рухани байлығы. Оның әрбір сөзі – даналық қоймасы. Мағынасы терең философиялық өлеңдері бүгін де құндылығын жойған жоқ, шығармалары ақыл-кеңестерге, өнегелі нұсқауларға толы, – дейді өлкетанушы Алқажан Еділхан.
«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау филиалының жетекшісі Меруерт Сұлтанбаева оның еңбектерінің өскелең ұрпақ тәрбиесіне ықпалы зор екенін айтады.
— Ғалымның еңбектері 10 000 дана таралыммен жарық көрді. Мәшһүр Жүсіп ғылымы тарих пен әдебиеттің, тіл білімі мен мәдениетінің іргелі саласының біріне айналды. Ал жаңа басылым ғалымдар, студенттер, мектеп оқушылары мен қарапайым кітап сүйер қауым үшін баға жетпес қазынаға айналады», – дейді Меруерт Сұлтанбаева.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында адамдар М. Жүсіптің қолжазбаларын жасырып, жойылудан сақтап қалған. Қазір олардың біразы цифрлық форматқа көшіріліп, Мәшһүр Жүсіп мұражайы мен бірнеше жыл бұрын жарық көрген 20 томдық басылымы зерттеушілерге қолжетімді. Қазіргі бес томдық жинақ зерттеушілер мен оқырмандар үшін көптеген тың деректерге жол ашады.