Төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «AKTAU OPEN FEST-2016» фестивалі биыл жаңа ұлттық бағыттағы жобалармен толығып отыр. Алғашқы күні «Тіл таңбалы ақындар» атты 5 томдық жинақ жарық көрсе, соңғы екі күн негізгі спорттық шаралармен қоса, ұлттық дәстүрлі ойындар ұйымдастырылады. Ақтауда 15-шағын ауданда 16 қыркүйекте алтын сақа, толағай, қазақша күрес сияқты ойындарға кез келген тұрғын қатысып, бағын сынап көруге болады. Ұлттық нақыштағы киімдермен көрсетілім өткізу де осы шара аясында өтпек. Фестивалдің өту жоспары жөнінде Маңғыстау облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Аманғали Нұрдәулетовпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Биылғы «AKTAU OPEN FEST-2016» фестивалінің ерекшелігі неде? - Осы жолы фестивалді кең ауқымда өткізуді көздедік. Яғни Ақтау қаласында 4-рет ұйымдастырғалы отырған дәстүрлі фестивалге биыл қызықты жаңа жобалар енгізілмек. Ашылу салтанатында Сүндет Байғожин, Нұрлан Өнербай, Тамара Асар өнер көрсетеді. Қазақтың ұлттық ойындары тек Наурыз мейрамында ғана ұйымдастырылып жатады. Облыс көлемінде тек жылына бір рет ұлттық ойнымызды көрсетіп қана қойсақ, азаматтығымызға сын болар еді. Сол себепті биыл фестивалге алтын сақа, қазақша күрес, толағай сынды қызықты әрі қазақы ойындарды дәріптеп отыруды қолға алдық. Ескерте кетейін, бұл осы салада кәсіби айналысып жүрген спортшылардың жарысы емес. Фестиваль жастарға арналғаннан кейін, қызығушы кез келген бала қатысып, сынға түсіп көреді. - Ұлттық ойындар қай күні ұйымдастырылады? - 3 күнге созылатын фестивалдің соңғы 2 күні асық ату, толағай, қазақша күрес сияқты ойындар ойналады. Ең қызығы, қатысушылар саны шектелмейді және бағын сынап көрем деген кез келген қатысушыларды қуана-қуана қабылдаймыз. Айтпағым, ұйымдастыру барысында ұлттық ойындарымызға қатысып, сынға түсіп, сыйлықтар алуға мүмкіндігі бар. Ұйымдастыру алқасы бұл жарыстар үшін қызықты сыйлықтар үлестіреді. - Жастар аудиториясын зерттеген боларсыз. Қалай ойлайсыз, қазіргідей техника қарыштап тұрған заманда ұлттық ойындар ойнайтын балалар бар ма? - Бала күнімізбен асық ойнап, ләңгі теуіп өстік. Әрине, неге болмасын?! Мысалы, үйде балаларыма да барынша ұлттық ойындарды үйретіп, бос уақытымызда бірге ойнап жатамыз. Ал олар үшін бұл ойындар тың, әрі қызық. Визуалды емес, шынайы ойындарды насихаттау арқылы біз жастарға дұрыс тәрбиені бере аламыз деп ойлаймын. Үш ұлым да асық ойнауға, қазақша күреске қызығады. Фестиваль ұйымдастыру барысында ұққаным, мұндай жас шамасындағы балалар көзге көрсетіп, сайыстар ұйымдастырып қанаттандыра білсең, бәріне де қызығады. Тек ұлттық ойындарға деген қызығушылықты арттыру үшін жақсы әдіс керек. Сол себепті біз «AKTAU OPEN FEST» фестивалі арқылы жастардың жүрегіне жол табуды мақсат тұттық. - Ұлттық ойындар ішінен толағай деп аталатын ойынды бірінші рет естіп отыр екенмін. Ойналу тәртібі қалай? - Бұрын қазақ ертегілерінде «Тау көтерген Толағай» деген кейіпкер болушы еді ғой. Тауды қопаруға күші жететін қайратты батыр тұлғаларымыз көп болған. Бұл жаңа ойын емес, тек атауын жаңарттық. Толағай ойыны деп отырғанымыз – кәдімгі қой көтеру. Ауыр салмақтағы малды көтеру арқылы күш сынасу ойынын біз толағай деген атпен жоспарға енгіздік. Қазір смартфондардың, интернеттің дәуірі қалай еніп кеткенін білмей де қалдық. Телефонның ішіне үңілеміз деп, рухани байлықтарымызды ұмытып кетіп жатамыз. - Фестиваль 4 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Содан бері не өзгерді? - 2012 жылы 500-ге жуық жастар фестивалде ұйымдастырылған спорт түрлерімен белсене айналыса бастады. Ал қазір фестиваль аясында түрлі спорттық алаңдар салынып, бұған қызығушы жастар саны көбейді. Қазір 15 мыңға жетті деп айта аламын. Жастардың зиянды әдеттерге әуестеніп, уақытын құр өткізуден сақтаудың бірден-бір жолы – спортқа тарту. Бос уақытты тиімді әрі пайдалы іске арнау үшін фестивалдегі спорт түрлерін насихаттау маңызды. Баласы асық ату, қазақша күрес, баскетбол, street workout сынды спорттармен тұрақты түрде айналысып жүрсе, ата-ана үшін де қуаныш, әрі денсаулыққа пайдалы.
- Биыл фестивалде ұлттық киім үлгілерінен Fashion көрсетілім жоспарда бар екен... Ия, 16 қыркүйек күні 4-шағын ауданда Ұлттық сән киім үлгілерінен Fashion көрсетілім өтеді. Одан бөлек, Арт фестивалінде сурет өнері бойынша көрме ұйымдастырылып, көрермендерге мастер-класстар көрсетіледі. Сол жерде граффитистердің граффитті қалай салатынын көруге болады. Одан бөлек, 16 қыркүйекте Жанар Дұғалова мен «Формат» тобының қатысуымен концерт өтеді. Fashion көрсетіліміне Қазақстанның ең атақты дизайнерлері қатысып, халықаралық «San men Sahna» сахналық костюмдерінің қатысушылары, сондай-ақ Түркия елінің қонақтары қатысады. Атап айтсақ, Аида Кауменова – «Aida KaumeNOVA» сән үйі, Кенже Девятко – «Kenzhe» сән үйі, Нұржамал Нұрпейісова – «Нұр Шах» сән үйі, Нұрияш Нұрбергенова – «Өрнек» сән үйі, Галина Нағұманова – «Мария ханым» сән үйі, Түркиядан екі дизайнер – Dincerol Kerime, Tutuncu Ilknur. Ұлттық сән үлгілерін көрсетудегі басты мақсат – жергілікті дизайнерлерін тұрғындарға таныстыру, насихаттау. Сондай-ақ, ұлттық киімдер мен сән бұйымдарын елге дәріптеу. Қолөнер бұйымдарынан жәрмеңке де сол күні ұйымдастырылмақ. Айта кетейін, «Aktau OPEN FEST-2016» фестивалі Маңғыстау облысы әкімдігі, Жастар саясаты Самсон Аракелян басқаратын «Doma Doma» қоғамдық қорымен бірлесу арқылы ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт, туризм басқармасы да бұл фестивалге өз көмегін беруде. - Amal Talks Motivation конференциясына келетін қонақтар кімдер? - Конференцияға әлемге, елімізге танымал спикерлер қатысады, Олар: спортшылар, әртістер, дизайнерлер және т.б. Спикерлер 10 минут ішінде өз жетістіктерінің тариxымен таныстырып, мотивация мен өз жолыңды табу жолдары туралы әңгімелейді. Қатысушылар тізімі төмендегідей: • Кенже Девятко – дизайнер, Қазақстан • Bosila Danya Junior – би-бойбишісі, Франция • Денис Минин – воркаут, Украина • Илья Ильин – екі дүркін Олимпиада чемпионы • Әділбек Ниязымбетов — боксшы, Олимпиада ойындарының бірнеше жүлдегері • Сергей Цырульников – атлет, Қазақстан • Әнуар Бимағамбет — ақын, журналист, «Тіл таңбалы ақындар» 5 томдық жинағын шығарушы • Нұрбек Қарабалаев — «NAIZA fighter» кәсіби спорттық клубының жетекшісі • Сембіғали Смағұлов – суретші, Қазақстан
Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ