Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында 15-17 қыркүйек аралығында өтетін дәстүрлі Aktau Open Fest фестивалі ұйымдастырушыларымен баспасөз мәслихаты өтті. Басты спорттық сайыстар, халықаралық турнирлер мен Amal Talks Motivation конференциясы, Арт фестиваль, Fashion көрсетілім талқыланды.
«Биылғы фестиваль жаңа үлгіде өтеді. Ерекше деуге болады. Фестиваль аясында асық ату, ләңгі тебу, қазақша күрес, толағай, арқан тарту сынды ұлттық ойындар ойналады. Еліміздің түкпір-түкіпірінен, ТМД елдері аумағынан қонақтар күтілуде. Сандық дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда 15 мыңнан аса өңір жастары ұлттық спорт түрлерімен айналысады екен. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, белсенді азаматтық ұстанымы және көзқарасы бар тұлғаны қалыптастыруда аталмыш шараның маңызы зор»,-дейді өңірлік жастар саясаты мәселесі басқармасының басшысы А.Нұрдәулетов.
«Облыс әкімдігі, өңірлік жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «SAMRUK-KAZYNA TRUST» қорына алғысымыз шексіз. Ойға алған жоспардың орындалуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан демеушілерге дән ризамыз. Фестиваль биыл төртінші мәрте өткізіледі. Халық фестивальді өткізу барысынан, бағдарламаның басты бағытынан хабардар. Жаңалықтар жоқ емес. Биыл қауіпсіздік шараларына аса мән беріледі. Кіру және шығу аумақтары белгіленеді. Металл іздегіш құралдар арқылы толықтай тексеріс жүргізіледі. Әрине, өрт қауіпсіздігі ережелері қатаң сақталатын болады. Фестиваль қонақтары мен көрермендерді сақтық шараларына түсіністікпен қарауға шақырамын»,-деп атап өтті «Дома Дома» қоғамдық қорының жетекшісі Самсон Аракелян.
Биыл фестиваль аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай «Тіл таңбалы ақындар» 5 томдық кітабының тұсауы кесіледі.
«Бұл осыдан он жылдан астам уақыттан бері қолға алынып, жасалып жатқан, осы өңірдің бір топ шығармашылық азаматтарының біріккен еңбегі. Бұл істің басында негізгі бас құрастырушы ретінде марқұм Жетібай Жылқышыұлы ақсақалымыз тұр. Сол кісінің жинақтап, құрастырып кеткен дүниесі еді. Осы дүниені құндылық деп таныған, қажет деп тапқан жанашыр азаматтар жан-жақтан толықтырып, үстінде жұмыстанды. Міне биыл сәті түсіп, жарық көріп отыр.Жинақ ұлттық әдебиетімізге қосылған ірі жауһар деуші едім»,-дейді ақын, журналист Ә.Бимағамбет.
Биылғы фестиваль аясында NFC (NAIZA fighting championship) панкратион, яғни аралас жекпе-жектен халықаралық турнир ұйымдастырылады. Маңғыстау, Атырау, Орал, сондай ақ Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елдерінен 20 спортшы қатысады. Турнир барысында саңлақ спортшылар Азия және NFC чемпиондары белбеуін сарапқа салады.
«Биыл он кәсіби айқас өтеді. 7 спортшымыз өңір намысын қорғайды. Ақтау, Жаңаөзен және Бейнеу жігіттерінен үмітіміз зор. Олардың қатарында Әлем чемпионы Мұрат Әбдірахманұлы, Азия чемпиондары Серікбай Қожыбаев пен Жеңіс Қайранов сынды кәсіби спортшыларымыз бар. Қызу дайындық жүріп жатыр. Жалпы жүлде құны 3 миллион теңгеге жуық қаражатты құрайды», -деп мәлімдеді «NAIZA fighter» кәсіби спорттық клубының жетекшісі
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Талант Құсайын