Ақтауда 2005-2006 жылғы жасөспірім ұлдар арасында қазақ күресінен ҚР чемпионаты өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Маңғыстау-Арена" спорт кешенінде 4-5 ақпан күндері өтетін чемпионатта боз кілемде белдесетіндердің саны 500-ге жуық. Ел біріншілігіне 14 облыс пен 3 қаладан 15 команда қатысады деп күтіледі. Бәсеке қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен балуандарға спорт шеберіне үміткер атағы берілмек.
ҚР спорт комитеті ұйымдастыруымен өтетін бұл чемпионатқа 30 шақты төреші төрелік етеді. Айта кетейік, ел чемпионаты жыл басталғалы қазақ күресінен өтетін бәсекенің ең алғашқысы. І, ІІ, ІІІ жүлдені алған спортшылар ұлттық құрама сапына енетін болады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ