Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бүгін Түпқараған ауданының әкімі Айдос Хамиев Ақшұқыр мәдениет үйі ғимаратында ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға жиырма бес тұрғын келіп, мәселелерін айтты. Келген тұрғындардың басым көпшілігінің мәселесі – су, газ, тоқ, жер және үй кезегі бойынша болды. Атап айтсақ, жалғызбасты ана Мұртазаева Салбиназ жылу қазандығын қалыпқа келтіруді сұрады және үйден тәттілер дайындап, өз кәсібін ашқысы келетіндігін, оған арнайы пеш қажеттігін айтып, өтініш білдірді. Ал 4 квартал тұрғыны Кірпіков Ерғожа электр жарығының күшінің әлсіздігін айтып, тоқ кабелін тартуды сұрады.
Сонымен қатар, 5 кварталдың тұрғындары Бисенбаев Нұрлыбек, Бөкетова Гүлбаршын, Ерназаров Қарлығаш, Алимбаева Айгүл есімді тұрғындар көше жарығының жоқтығын айтып, шағымданды. Аудан әкімі аталған барлық сұрақтарға жауап беріп, бірқатар мәселелер бойынша тұрғындарға түсінік берді. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеп, тікелей өз бақылауына алатынын жеткізді.