Ақтаудың халқы сәбіз бағасы қымбаттағалы бері оны сатып алудан бас тартып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтаудағы көкөніс сататын ірі компанияда Өзбекстан сәбізі 90 теңгеден, ал қазақстандық өнім 289 теңгеден сатылып жатыр. Алайда сатушылар ең арзан сәбіз тез сатылып жатқанын айтады. Ал базарларда бір келі сәбіздің бағасы 400 теңгеден 550 теңгеге дейін барады. Сатушылардың айтуынша, бұл өнімнің бағасы күннен күнге өзгеріп жатыр. «Сәбіз қымбаттағалы халық оны тұтынуды қойды, сондықтан оны базарға әкеліп те жатқан жоқпыз» дейді кәсіпкерлер.
Өткенде сәбіздің бағасы көтеріліп еді, енді қайта түсіп жатыр. Бүгін сәбіздің көтерме бағасы 400 теңге болды. Оған 50 теңге қосып сатып жатырмыз. Жас өнімдер келіп жатыр, бірақ олар қымбат. Мен арзанын алдым. Себебі халықтың қалтасы көтермейді. Кеше саттым, қымбат болған соң өтпей, тұрып қалды, - дейді сатушы Алия Мугимова.
Мен сәбізді алмадым. Өйткені қымбат қой, халық қымбат деп жатыр, - дейді сатушы Ақбөкен Ержанбаева.
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары өңірдегі азық-түліктің 90 пайызы сырттан жеткізілетінін айтады. Сәбіз өнімі қазір бұл аймаққа Түрікменстан, Иран, Өзбекстан, Ресей елдерінен және еліміздің басқа өңірлерінен жеткізіледі. Ал бағаның өсуі жеткізушілерге тікелей байланысты деді МО кәсіпкерлік және сауда басқармасының Сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы.
Бұл тауарлардың баға өсімі ең алдымен алып келінетін елдерде байқалып отыр. Сатушылар көтерме сауда жеткізушілерінен алып, 10-20 теңге қосып сатады. Мәселен, қазір өңірде Ресейден жеткізілетін сәбіз сатылып жатыр. Ал сәбіз Ресейдің өзінде қымбат. Жол шығындарын ескергенде, Маңғыстауда сатылатын өнімнің бағасы тасымалдаушыларға тікелей байланысты болып тұр, - деді МО кәсіпкерлік және сауда басқармасының Сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Әли Исатайұлы.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, көкөніс өндіру көлімі ішкі нарықты 95 пайыздай қамтамасыз етеді. 2020 жылы 644 мың тоннадай сәбіз өндіріліп, оның екі мыңға тоннаға жуығы экспортталған. Ал 32 мың тоннасы өзге елден жеткізілген. Биылғы 11 маусым күнгі есеп бойынша еліміздегі сәбіздің қоры 24 мың 600 тонна. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бұл қор қазақстандықтарға әлі жарты айдан көп уақытқа жетеді. Қазақстанда бір күнде 1 мың 200 тонна сәбіз тұтынылады. Ал бір адам жылына 23 келі сәбіз жейді екен.
Ауыл шаруашылығы министрлігі маусым айынан бастап Түркістан облысында ерте пісетін көкөністер өнімдерін жинауға кіріскенін хабарлады. Ал шілдеде Алматы, Жамбыл облыстарындағы егіндіктің өнімдері жиналмақ. Ерте пісетін көкөністердің көлемі жаз айларындағы Қазақстан халқының қажеттілігін өтейді, деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Махаббат Нұржанқызы