Кездесуге ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бірге Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева, Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин және Кәсіподақтар федерациясның төрағасы Ералы Тоғжанов қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жиында сөз алған вице-премьер азаматтардың әл-ауқатын арттыру, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау бағыттары бойынша Мемлекет басшысы тапсырмаларының жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ ол жаңаөзендіктерді мемлекеттік қолдау бағдарламаларын барынша пайдалануға, соның ішінде "Еңбек" бағдарламасына баса мән беруге шақырды. "Біздің ортақ мақсатымыз - қоғамдағы көкейтесті мәселелерді бірігіп шешу жолдарын қарастырып, азаматтарымызды жұмыспен қамту, олардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Егер мамандығыңыз жоқ болса - "Еңбек" бағдарламасы аясында белгілі бір мамандықты игеріп, қайтарымсыз несие немесе жеңілдіктері қарастырылған микрокредит алуға болады. Ең бастысы, мамандығыңыз сәйкес келетін жұмысты көп күтіп, қол қусырып отырмау қажет", - деп атап өтті Б. Сапарбаев. Оның айтуынша, облыс әкімдігі мен "Атамекен" ҰКП бірлесе отырып Жаңаөзен қаласының еңбек нарығына талдау жасалып, 2 мыңнан аса жұмыссыздар саны анықталған. "Олардың әрқайсысына әлеуметтік портрет жасақталып, оларды жұмыспен қамту жолын, гранттар мен микрокредиттер бөлу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, біліктілігін арттыру, жаңа кәсіпорындарға орналастыру мүмкіндіктерін қарастырудамыз", - деді. Жиында еркін форматта жалғасын тауып, жаңаөзендіктер өзекті деген өз сұрақтарын қойды. Тұрғындары тарапынан жұмыспен қамту, көшелердің тазалығы мен көгалдандыру жұмыстары, тозығы жеткен үйлердің көшірілуі, тұрғын-үй мәселесі, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау орталығын ашу мәселелері сөз болды. Барлық сұрақтарға сәйкесінше жауаптары мен түсініктемелер берілді. Вице-премьер бастаған үкімет мүшелерінің жұмыс сапары ертең Ақтау қаласында жалғасады. Бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, білім, денсаулық сақтау саласының өкілдері және жастармен кездесу жоспарланған.