Ат спортының жанашыры
[ 2019 ] 14 желтоқсан, 03:45 | Жаңалықтар
«Елді ер танытады»,-деп халық ежелден айтады. Бұл ұғым адам санасымен бірге оянып, бүкіл өмірінде оның шындығына, тұрақты құндылығына көзін жеткізіп жүреді. Ұлттың, елдің, халықтың қабілеті де, сапасы да жекелеген тұлғалардың іс-әрекеті, өнері, қайраткерлік еңбегімен, оның кескін-келбеті, мінез-құлқымен өлшеніп, сол тұлғаға қарап, бүкіл ұлтқа баға беріліп жатуы да заңды құбылыс.
«Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» - деп Абай атамыз айтпақшы, сырт қарағанда ол сияқты ұзын бойлы, аққұба, өңді, тік мінеді, ойлап сөйлейтін адамдар аз емес. Алайда, қоғам үшін аз да болса өз үесін қосып жүргендерден кімнің кім екенін, адалдығын, азаматтығын, өткір сөздің шебері, мінезінің салмағын, ақ көңіл-ақжарқындығын, өзгеге өз ойын өжектемей тыңдататын парасатын, өкпелеткендерге де өті жарыла өшікпейтін болмысын тани түседі екенсің. Сондай азаматтың бірі ұлттық ат спортының жаңашыры, «Ақниет» мұнайшылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, №4 Мұнай газ өндіру басқармасындағы қабат қысымын сақтау цехының аға шебері Орынбасар Құлбеков.
Орынбасар Зиноллаұлы 1963 жылдың 22 наурызында қарашаңырақ атанған Қызылсай ауылында дүниеге келді. Отбасында жеті ағайынды. Орынбасар кішкентай кезінен бастап әжесінің қолында өскен. 1970 жылы Кендірлі аймағындағы Ақсу ауылындағы мектептің алғашқы табалдырығын аттады. 1980 жылы қаладағы Т.Әлиев атындағы №1 орта мектепті тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын АТП-5 автобазада жүргізуші қызметінен бастады. Отан алдындағы борышын Венгрияда өтеп келген соң, 1983 жылдан бастап «Өзенмұнайгаз» АҚ-на қарасты мекемеге жұмысқа орналасады. Жұмыс жасап жүріп, Өзен мұнай техникумын және Ш.Есенов атындағы университетте инженер мамандығы бойынша білім алады. Орынбасар әр жылдары мұнай саласында оператор, шебер, мұнай кәсіпшілігі басшысының орынбасары секілді қызметтерді атқарды. Ағамыздың әр сөзінен еңбек еткен жылдардың қиындығы аңғарылып тұрды. О.Құлбеков қашан да ізденіс үстінде жүреді. Мұнайшы мамандығымен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 2011 жылы «Арман тұлпарлары» Жаңаөзен ұлттық ат спорты федерациясының құрылуына зор үлес қосты. Аталған федерацияның ұйымадастыруымен «Адай» жылқысы ұзақ қашықтағы жарыстарға қатыса бастады. «Адай» жылқысы облыс, республика, шетелдерде өткен сынақ-жарыста жүлделі орындарға ие болып, қазақ елінің мерейін үстем етті. Қызметінде адал еңбек атқарғаны үшін Орынбасар Зиноллаұлы қала, облыс әкімінің Алғыс хатымен, «Өзенмұнайгаз», «Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ–ның дипломдарымен марапатталған. Сондай-ақ, «Құлагер», «Өзен кен орнына – 40 жыл» медальдарының иегері. Және де Орынбасар – Жаңаөзен қаласындағы медиаторлар жетекшісі, 100-ден астам әртүрлі қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істерді медиациялық жолмен рәсімдеп, дауласқан екі тараптың өзара татуласуына септігін тигізді.
«Қазақ қазақ болғалы аттың үстінде өскен халық. Оның жаны да атпен бірге, рухы да аттың үстінде өседі, сондықтан ұлттық ат спорттың болашағы зор және ұлттық спорттың басы-қасында рухы күштілер, елім деп еңіреген ұлтжанды азаматтар жүргенде қазақтың төл спорт түрлері биікке көтеріліп, әлемге танылатындығы анық. Мүмкіндігінше республика көлеміндегі ат жарыстарынан қалмай қатысуға тырысамыз. Жақында қазан айында Ақтөбе қаласында өткен 80 км қашықтыққа ат шабу жарысына қатысып келдік. Көп жағдайда «Өзенмұнайгаз» АҚ қолдау көрсетеді. Алғысым шексіз. Қаламызда жылына 9-10 рет ат жарысы өткізіледі. Атап айтар болсам, наурыз айында маусымашар ашылу салтанатынан бастап, Наурыз мерекесі, Жеңіс күні, балалар күні, мұнайшылар күні, ас беру садақасында ат жарысы өткізіліп тұрады. Халық ұлттық спортқа ақырындап бет бұрып жатыр», - дейді Орынбасар.
«Жақсының жықсылығын айт нұры тасысын» демекші, жомарт жүректі ағамыз 2014 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі балалармен араласып, көмек беріп келеді. 2017- 2018 жылдары Самат Ален, Тимур Ізтұрғанов, Әділет Меңдіғали сынды азаматтарға ат спортын үйретіп, еңбекке араласып кетулеріне атсалысты. Биыл тағы 4 адамды оқытып, оларды да еңбекке араласуға мүмкіндік алып берді. Сонымен қатар, ұлттық ойындарымыздан бөлек, жабық ат алаңын салып, теңіз топырағын төгіп ат терапиясын да қолға алып, мүгедек балаларға арналған орталық ашу да Орынбасардың арманы. Орынбасар Зиноллаұлы әңгіме барысында былай деді:
- Халықтық медицинаның бір түрі болып табылатын ат үстінде серуендету, ғылыми тілде «иппотерапия» деп аталады. Ат үстіндегі серуен – тек біздің елде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде балалардың церебралды салдығы (ДЦП) ауруына ең тиімді емдік тәсіл ретінде қолданылады. Ғалымдардың айтуынша, атпен баяу серуендегенде бала денесіне массаж алады. Жылқы малы науқас бала үшін – табиғи тренажер. Бұл жылқының емдік қасиетінің физикалық қыры болса, екіншісі – эмоционалдық сипатта. Дәрігерлердің айтуынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты шарты боп табылады. Жылқының мұндай емдік қасиеттері тек БЦС ауруына ғана емес, көптеген сырқатқа шипа. Сондай-ақ, тірек-қимыл аппаратының бұзылуында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында, простатитте, ақыл-ой жетіспеушілігінде де атқа мініп емделу ұсынылады екен. Жаңаөзен бойынша мүмкіндігі шектеулі 820 бала бар. Егер Құландыдағы ипподромды қолға алып, дамытсақ, сол балалардың денсаулығына оң пайдасын тигізер орталық болар еді. Ата-анасының ғана қарауында жүрген балаларға көңіл аулайтын жер керек.
Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың сауығып кетуіне себепкер болатын атқа мінгізіп емдеу-сауықтыру орнын ашу үлкен қаржыны талап ететіні анық. Орынбасар мырзаның бұл мақсатына жету үшін де үлкен қаржы көзі керек. Мақсат етіп отырған тағы бір жоспары болашақта тәжірибелі мамандар дайындап, ат спорты клубын ашу. Қазіргі таңда Құланды ипподромындағы кеңсе ғимаратын жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Орынбасар аға өзі несие алған. Және де ипподромда еңбек ететін 3 қызметкерлердің жалақысын өз қалтасынан төлеп отыр.
Бүгінде обасында Мейрамгүл апаның жұбайы, жеті баланың қамқор әкесі, мұнай саласының еңбегі сіңген мұнайшысы, айтулы бастамалардың басы-қасынан табылып жүрген ағамыздың бастамалары алға жүріп, қолдаушы табылады деген үмітіміз зор.
Гүлсім МҰРЫНОВА
1300
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.