Маңғыстау облысының бас имамы Алматы қаласына жасаған сапары барысында Нұр Мүбәрак университетінде оқып жатқан маңғыстаулық студенттермен кездесті. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сілтеме жасай отырып хабарлайды. Кездесу барысында елге, дінге қызмет етудің маңыздылығы сөз болды. Сонымен қатар, студенттерді алаңдатқан сауалдар төңірегінде сұхбат өрбіді. Исламтану, дінтану, теология саласы бойынша білім алып жатқан маңғыстаулық 80 шәкірт бас имаммен еркін әңгімелесіп, білім саласы бойынша ойын ортаға салды. Биыл Маңғыстау облысынан Нұр-Мүбәрак университетіне 2019 жылғы жаңа оқу жылына қабылданған студент саны – 33. Өз кезегінде бас имам Әнуар Ізімбайұлы маңғыстаулық шәкірттерді туған өлкеде діни қызметке шақырып, өкілдік тарапынан бірқатар мүмкіндіктер қарастырылатынын мәлімдеді. Кездесу соңында шәкірттер бас имамға алғыс білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.