«Адай ата - Отпан тау» кешенінде филология ғылымдарының кандидаты, зерделі зерттеуші Қабиболла Сыдиықовтың туғанына 85 жылдығына орай «Қазақ әдебиетінің қара нары» тақырыбында танымдық шара өткізілді. Шараның мақсаты - елдік пен ерлікті жырлаған жыр саңлақтарының шығармаларын жүдетпей жеткізуші Қ.Сыдиықовтың өмірі мен шығармашылығын жастарға насихаттау. Шараға ғалымның туыстары: мұнай саласының ардагері Көркембай Алданазаров, заңгер, адвокат Нұрлыбай Ізмағанбетов, оның өмірі мен шығармашылығы жайында естелік кітап жазған жазушы Әбілқайыр Спан, Қ.Сыдиықов атындағы кітапхана қызметкерлері: Нұргүл Еңсегенова, Мираш Биниязова, «Отпан» МКҚК ұжымы: директор орынбасары Жадыра Кетеева, бөлім меңгерушілері: Құралай Ізімбергенова, қор сақтаушы Р.Қаржаубаева, экскурсовод Маржан Нәрешова, ғалыммен пікірлес болған Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің оқытушысы, ғалым ф.ғ.д Ж.Дүйсенбаева, «Болашақ» колледж студенттері қатысты. Шараны осы мекеме қызметкері Жомарт Айдарбек байыпты жүргізді. Ол ғалымның өмір тарихы мен шығармашылығына қысқаша тоқталып өтті. Көркембай аға зерттеушінің дала даналарының өмір тарихын, шығармашылық жолын зерттеу қияметті болғанын, оның ол қиындықтарға төтеп беріп, өзінің алға қойған мақсатына жеткен адам екендігін баса айтты. Кейбір шығармаларынан үзінділер келтірді. Ал заңгер, адвокат інісі Нұрлыбай Ізмағанбетов оның табиғатынан адал, ақындық қырларының да болғандығын шежірелер мен асыл сөздерді жинау, оған ыждағаттылықпен қарау, мәтінге аса мән беретін қырларын еске салды. Жастар арасында тілді шұбарлап, бұрып сөйлеу көп кездесетінін айта келіп, ана тілдің қадір-қасиетін бағалауды, жастарға оны құрметтеу парыз екендігін, еліктемеуді ескертті. Оқи отырыңыз: Ақтауда «Мирас тұрғын үй кешені» ел игілігіне берілді Ол туралы естелік кітап жазып, ұзақ жыл сапарлас болған інісі, қаламгер Ә.Спан Қабекең қалдырып кеткен мәдени мұра 12 том құрайтынын, өмірлік мұраты өлең, өнер мұрасын іздеп тауып, зерделеуге арналғанын мысалдармен баян етті. Олардың артында қалған жәдігерлерінің де жоқшысы бола білгендігін баса айтты. Зерттеуші ағаның шығармаларынан кітап көрмесін жасаған кітапхана қызметкері Мираш Биниязова еңбектерімен таныстырды. Сөзін Қабекеңнің: Ісім болмай, темір, қола жезбенен, Алтын, күміс, жыр іздеген кезбең ем. Ақын, жырау, әнші сазгер, сәулетші, Мүсіндедім бәрін сұлу сөзбенен, - деген өлең жолдарымен бастады. «Халық жүрегіндегі қаттаулы көмбе көздерін ашып, ата-бабалар үмітін, даналық тағылымдарын, ғасырдан-ғасырға жалғастырушы екендігін баса айтты. Ғалым еңбектеріне шолу жасады: М.Сатыбалдиевтің «Жартастағы жазуына» тоқталды... Айшықты сөздермен мәнін ашты. Кітаптың еш уақытта мәнін жоймайтын құндылық екендігін, бірақ қазір кітап оқудың сирексіп бара жатқандығын, кітаптың негізгі рухани азық көзі екендігін жастарға ұғындырды. Кітаппен дос болуға шақырды. Әдеби еңбегі, азаматтық өмір жолы өзінен кейінгілерге өнеге бола алатындығын, рухани байлықты жинастыру, зерттеу, насихаттаудағы еңбегі өлшеусіз», - деп тоқтады. Ғалым Ж.Дүйсенбаева 18-20 ғасыр аралығындағы жыр саңлақтарының шығармаларын зерттеуде ерекше жанкештілікпен еңбек еткен шын ғалым екендігіне мысалдар келтірді. «Ақберен» жинағынан кейін араға 28 жыл салып, індете ізденетін қасиетіне басып, «Біртума жыр саңлақтары» көмекші құралын шығарды. Осы құралда алдыңғы кітапта жазылмаған аты белгісіз, сирек аталған бірнеше ақын, жыршы, жыраулардың шығармашылығы қамтылғанын мысалдар келтіре отырып тілге тиек етті. Дерек жетіспеушілігінен орта, жоғарғы оқу орындарында тек шолу ретінде ғана өтілетін елдік пен ерлікті жырлаған жыр саңлақтары, кеңестік кезде оқуға тыйым салынған Мұрат Мөңкеұлы, Ғұмар Қараш, Кердері Әбубәкір, сондай-ақ репрессияға ұшыраған Насихат, Зәкәрия, Елбай сынды ақындар туралы мол мағлұмат берілгендігін қаперге берді. Құралай Ізімбергенова осы экскурсияның толымды өтуіне біркісідей атсалысты. Ақтау-Таушық-Жыңғылды-Қарқын-Қорған тауы-Тұщыбек-Отпан туралы мәліметтерді жол бойына түсіндіре айтып, ұстаздары Е.Өмірбаев, Қ.Сыдиықов сынды ағалардың өмір жолының соншалықты тағылымды екендігін, осы тұлғалардан үлгі алуға, туған өлке тарихын зерттеуге атсалысуға шақырды. Маңғыстау облыстық Қ. Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Нұргүл Еңсегенова жастарға өзінің жақсы тілектерін айтып, сәт сапар тіледі. «Қабиболла ағамыз – сан салалы талант», - деді жүргізуші. Оның сөзінен кейін ғалымның ақындығы, зерттеушілігі туралы студенттер: Қонысбаева Жанар, Сапар Салтанат, Берікқызы Оксана, Алпысбаева Мадина, Жұбан Гауһар, Жамалхан Жұмабекова ақын өлеңдерін оқып, өз ойларын ортаға салды. Сөйлеген ата, аға, апаларының тілектерін құп алатындықтарын жеткізді. Шарадан тыс жұмыстар да жалғасын тапты. Студенттердің өтініш-сұрауы бойынша Жомарт Айдарбек көп іс тындырды. Қазақ халқының құсбегілік дәстүрі бойынша құсбегі Айшуақ Асылжанұлын шақырып, кездесуге мүмкіндік туғызды. Құсбегі қойылған сұрақтарға жауап беріп, бүркіт баптаудың қыр-сырын әңгімеледі. Қасиетті Отпан тау құсбегілікті дамытуға ең қолайлы жердің бірі екендігін айтты. Жомарт Айдарбек Отпанның тәуелсіздік тұғыры екеніне де тоқталып, әңгіме қозғады.
Жанбибі ДҮЙСЕНБАЕВА, ф.ғ.д. ЖШС Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің оқытушысы
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="88762,88764,88765,88763,88766,88771,88769,88767"]