Бұдан 10 жылға жуық бұрын «Өзен жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшылары «Қазандықтардағы суды буға, буды қайтадан суға айналдырып, екеуінің үйкелісінен тоқ шығарамыз. Сөйтіп, өзімізді-өзіміз электр энергиясымен қамтимыз. Өзімізден артылған тоқты көршілерге сатып, көл-көсір қаржы тауып, табыстың астында қаламыз» деп бөріктерін аспанға атып, жаһанға жар салған болатын. Бірақ сол шағын жылу электр орталығы айтылған мерзімде іске қосылмады. Қазір жым-жырт. Мекеме басшылары мен мамандарының айтқан уәждері мен жасаған жоспарларын еске түсіріп көрелік. Олардың айтуынша, аталмыш кіші жылу электр орталығының құрылыс жұмыстарына ҚР Үкіметінің арнаулы қаулысымен бекітілген кешенді жоспарына сәйкес 2010–2015 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 7 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Ол қаржы игерілді дейді. Ал оның баптау жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Дегенмен бұған қажетті қаржы жергілікті бюджеттен бөлініпті. Соның нәтижесінде кіші жылу электр орталығының бір турбинасы 2016 жылы іске қосылыпты. Осының өзіне мекеме басшылары «электр қуатын тұтыну бойынша өзгеге тәуелділіктен толық арылатын болдық» деп қатты қуанды. Өйткені «Өзен жылу» кәсіпорыны жазда ай сайын 500 кВТ, ал қыста 1 млн. 400 – 1 млн. 500 кВТ электр энергиясын жұмсайды. Атап айтқанда аталмыш мекеме қала тұрғындарына қысқы маусымда тұрақты түрде және іркіліссіз жылуды жеткізіп беру үшін ай сайын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесіне 21 млн, ал оны тасымалдаушы «МРЭК» мекемесіне 7 млн., яғни екеуіне 28 млн. теңге қаржы төлеп отыр. Сол үшін алдағы кезеңдерде бір турбинаның қуаттылығымен өздеріне қажетті электр энергиясын өндіріп, өздерін өздері қаржымен қамтамасыз етпекші. Сонда айына кісіге төлеп тұрған 28 млн. теңге қаржы өз қалталарына қалады деген сөз. Екінші турбина іске қосылса, «Өзен жылу» МКК өздеріне жақын өндірістік аймақтарда орналасқан кәсіпорындарды электр қуатымен қамтамасыз ете алатын болады. Яғни тұтынушыдан сатушыға айналады. Демек, өзін-өзі қаржыландырады. Ол үшін сағатына 5 МГВТ тоқ өндірсе жеткілікті. Бұл бір айда ақшаға шаққанда орташа 40 млн. теңгедей қаржы келіп құйылады дейді мамандар. Бұл турбинаның халыққа бір сәтте үш түрлі пайдасы тиеді екен. Электр қуатын өндіреді. Тұрғындарға қалдық булар арқылы жылу беріледі. Халықты ыстық сумен қамтамасыз етіп, бірден үш функцияны қатар атқарады дейді. Аталмыш турбиналар толыққанды қуаттылықта жұмыс істейтін болса, кәсіпорын жұмысшыларының айлық жалақыларын 10–15%-ға көтеру мүмкіндігіне ие болатын көрінеді. Әзірше жұмысшылардың орташа жалақысы 82 мың теңгеден келеді дейді кәсіпорынның сол кездегі басшысы. Екіншіден, қала халқының электр энергиясына қажеттілігі айына 25 000 МГВТ болатын болса, осы екі турбина іске түссе, 10– 15%-ға қаланың қажеттілігі жабылады. Апатқа қарсы автоматиканың шкафын орнатқасын толық электр қуаты және жылумен қамтамасыз ететін болады. Болашақта жылу электр орталығында белгіленген жоба бойынша 80 адам жұмыс істеуі қажет. Содан өткен жылы 40 адам жұмыс істепті. Толыққанды іске түскесін турбинамен жұмыс істейтін мамандар, машинист, электриктер мен автоматика жөндеушілерін жұмысқа қабылдап, 80 адамға толтырамыз деген болатын сол кездегі кәсіпорын басшысы. Әйтеуір, оларды да даладан іздемейтінін де құлаққағыс етті. Өйткені мұндай мамандық иелері «Өзен жылуда» бұрыннан жетіп артылатын көрінеді. Жақында, яғни арадан 1,5 жылға жуық уақыт өткесін әлгі кіші жылу орталығына қайта соқтық. Нәтижесін білгіміз келді. Құрылысы басталмай жатып жаһанға жайылған жаңалығын жұртшылыққа жарқытарып жариялағымыз келді. «Өзен жылу» МКК-ның қазіргі директоры Бақытжан Өтеғалиевке жолығып, жағдайдың жай-жапсарын сұрадық. Сөйтсек МКК-ның бұрынғы басшылары тұлыпқа мөңіреген сиыр сияқты, қашпаған қашардың сүтінен дәметіп жүрген сияқты. Себебі электр орталығының шашау шығып жатқан шаруалары шаш етектен екен. Әрине, он екіде бір нұсқасы жоқ деп айтуға ауыз бармас. Біраз игілікті де маңызды істер атқарылған көрінеді. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, бұл іс тағы да теңгеге келіп тіреліп тұр. Сол қаржы табылмаса «сақалды құрылысқа» айналатыны күмәнсіз. – Кіші электр орталығының құрамында өз алдына Бийск қазандық зауытында жасалып, қойылған «ТЭ» деген 6 бу қазандығы бар. Соған қосымша 3 турбоагрегат орнатылған. Яғни тоқ шығаратын турбина. Сол қазандықтардан шыққан бу, әр түрлі параметрлердегі 380 градуспен турбоагрегатқа барып, сол турбинадан тоқ шығарып, пайдаланылған будың температурасы түсіп, бумен суды жылытып, жүйе бойынша сол жылуды қалаға беруіміз керек еді. Оның негізгі жобасы солай. Бүгінгі таңда кіші жылу электр орталығының тек бу қазандықтары жұмыс жасап тұр. 380 градустық буға қайтадан су қосып, 110 градусқа түсіріп пайдаланып тұрмыз. Әлгі турбинаға бармайды. Негізінде турбинаға барған бу тоқ шығарып кетуі тиіс. Бірақ біздегі бұл агрегат басқа жүйемен жұмыс жасап тұр. Оның тоқ шығармай тұруының екіүш себебі бар. Кезінде «Сантехпроект» мекемесі жасаған жобалық-сметалық құжаттарының кемшіліктері болды. Сол жобаның ішінде екі-үш нәрсе бекітілмей қалған. Мысалы, ол – электр энергиясының коммерциялық есебінің жүйесі, энергетикалық-телемеханикалық құралдар, сосын диспетчерлік басқару жүйесі. Біз тоқ шығарғасын міндетті түрде диспетчерлік байланыста болуымыз керек. Яғни, осыны бақылап отыратын «e.gov» деген ұлттық оператор бар. Сосын МРЭК деген аймақтық электр тораптық компания бар. Біз тоқ беретін болғандықтан тәулік бойы солармен үздіксіз байланыста болуымыз қажет. Сол жүйе енгізілмеген. Есептегіш құралдар қойылмаған. Байланыс жүйелері, тағы басқа бірқатар маңызды құрылғылар орнатылмай қалған. Сол үшін біз қайтадан жобалық-сметалық құжаттама жасадық. Ол – сараптамадан өтіп, дайын тұр. Бюджеттен көмектесеміз деп жатыр. Сол арман орындалса, алдағы жылы тоқ жүйесін іске қосып, мекемеміздің 2,7 МГВТ-тық тоғын өндіріп, қажеттігін өтеп, пайдаланамыз. Қазір сол тоқты қомақты қаржы жұмсап, өзгеден сатып алып отырмыз. Сәл де болса артық тоқ өндіріп жатсақ, көршілес мекемелерге сатып пайдалансақ, өзімізге де, өзгеге де жаман болмас еді. Мекемеміздің ең болмаса баяғыдан бері қордаланып қалған қарыздарын жабуға да, мекемедегі адам санын арттырып, жалақыларын сәл де болса өсіруге игі ықпал етер еді деп ойлаймыз. Жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бұдан қала әкімі де, облыс басшысы да толық хабардар. Тек қаржыға тіреліп тұр, – дейді «Өзен жылу» МКК директоры Бақытжан Өтеғалиев.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН