«Азаматтық құқық» жеке меншік мекемесі Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының 2019 жылғы «Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысының жобасын жүзеге асыруда. Басты мақсат – азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру және ақпараттық-насихаттау жұмыстары арқылы жемқорлықтың алдын-алу. Азаматтардың жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру мақсатында облыс тұрғындары мен мемлекеттік қызметшілермен кездесулер ұйымдастырылып, сауалнама жүргізілді. Қазіргі таңда Маңғыстау, Түпқараған аудандарында және Жаңаөзен қаласында кездесулер, сондай-ақ, Ақтау қаласында мемлекеттік қызметшілермен Квэст-марафон ұйымдастырылды. Квэст-марафон - салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, күнделікті өмірдегі сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дағдыларды қалыптастыру, адалдық пен әдептілікке тәрбиелеуді көздеді. «Сыбайлас жемқорлық-ол қоғамның дерті, бір адам немесе бір мекеме онымен күресіп, жеңе алмайды. Жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатса да, кейбір тұлғаларға әсер етпейтіні анық. Жемқорлықты жеңу, оны болдырмау өте маңызды. Сондықтан да жиындар, зерттеулер және анықталған мәселелер бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс,- дейді «Азаматтық құқық» жекеменшік мекемесінің директоры Айнагүл Байбатырова. Маңғыстау облысы бойынша «Азаматтық құқық» жеке меншік мекемесі 2013 жылдан бері әрекет етеді. Осы уақыт ішінде облыс көлемінде азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру бағытында әлеуметтік жобаларды қолға алып келеді. Былтыр «Азаматтық бақылау» жобасын жүзеге асырған болатын.
Анар Шамшадинова