Мәуліт мейрамы аталып өтті
[ 2019 ] 14 қараша, 12:30 | Жаңалықтар
571 жылғы Раббиғул-әууәл айының 11-нен 12-сіне қараған дүйсенбінің таңында Мекке қаласында тұратын қадірлі адамдардың бірі Абдулмуталибтің шаңырағында өзгеше сәби дүниеге келді. Кейін әр қылығы мен жүрісінен бұған дейінгі адам баласында байқалмаған ерекшеліктер көрініп тұрды. Адамзат бойында болуы тиіс жақсы қасиеттердің барлығы Мұхамметтің (с.ғ.с.) бойында жинақталған. Жылдар өте пайғамбарлығымен танылған Алла Елшілерінің сұлтаны болған Мұхаммет (с.ғ.с.) күллі мұсылмандардың сүйіктісіне айналды. Бүгінде Мәуліт Ән-Нәби, яғни, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту дәстүрі қалыптасты.
Биыл Алла Расулының туған күні 9 қарашаға тұс келді. Пайғамбарын (с.ғ.с.) сағынған үмбет Мәулітті бір ай бойы атап өтеді.
Жақында облыстық орталық мешітте Маңғыстау облысы бойынша әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Мәуліт мейрамы аталып өтті. Мерекелік кеште «Нұр-Мүбәрәк» Ислам мәдениеті университетінің биылғы түлегі, мешіт ұстазы Жазира Төреканова «Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сипаттары мен біз үшін ұмыт болған сүннеттері» тақырыбында уағыз жүргізді. Ал әйел-қыздар секторының меңгерушісі, ұстаз Әйгерім Ахметова Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен өзі дайындаған викториналық сұрақтар қойды. Ислам дінінің тарихынан, Пайғамбарлар Сардарының (с.ғ.с.) өмірбаянынан мағлұматы мол әйел жамағаты сауалдарға жауап беріп, бұйырған сыйлықтарын иеленді.
Кеш барысында ұстаздар шәкірттерімен бірігіп Мәуліт жырын жырлады, салауат айтылды. Тәлімдік және танымдық мәні зор мерекелік отырыс ақ жаулықты әжелердің ақ батасымен аяқталды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
938
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.