Маңғыстау туризміне зор серпін берілуде. Өркенді өлкемізге алғаш рет «Orient Silk Road Express» - «Жібек жолы Экспресс» туристік чартерлік пойызы келді. Оның ішінен шыққан қонақтар - сонау Алмания, Швейцария елдерінің саяхатшылары киелі жерімізді тамашалап, ұлттық құндылықтармен, салт-дәстүрмен танысуды көздеген.
Тасы алтын, құмы күміс, қойны толы қазына Маңғыстау жеріне аяқ басқан шетел саяхатшыларын ақтаулықтар құшақ жая қарсы алып, шашу шашып, алдарына шұбат, қазы-қарта мен бауырсақтар тосты. Жергілікті халықтың қонақжайлылығына сүйсінген шетелдіктер жүздері бал-бұл жайнап, ризашылықтарын білдірді.
-Маңғыстау жері шетелдіктер тарапынан үлкен қызығушылыққа ие. Өткен жылмен салыстырғанда өңірге келген саяхатшылардың саны өскен. Алматының ірі тур-операторы - «Turan Azia» компаниясы аймағымыздың ажарын көруге құштарлық танытқан туристердің көптігін айтып, өңірімізге шетел саяхатшыларын жіберу туралы ұсынды. Бұндай ұтымды ұсынысты қабылдап, біз келісімшарт жасастық. Бұл шарттың нәтижесі – көз алдыңызда. Осы саяхатшылардан кейін, тағы бір топ күтілуде. Оның ішінде 65 адам бар,-деді облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауынова.
«Turan Azia» туристік компанияның еуропалық әріптестерімен бірлесіп, ұйымдастырған пойызбен 30 шетел саяхатшы келді. Олар Маңғыстауда екі күн аялдайды. Бірінші күні, Ақтау қаласының көрікті жерлерін араласа, келесі күні киелі жердің тамаша табиғатын, тарихи ескерткіштерін көреді.
- Біз Өзбекстан елінен келе жатырмыз. Біздің басты мақсат – ел көру, саяхаттау. Бұл жайлы әрі жедел пойыз арқасында ұлан-ғайыр жерлерді тамашалап келдік. Қазақстанның шығыс жерлерімен жақсы таныспыз. Ал мына батыс аумағы бізге әлі жұмбақ. Маңғыстау облысының ерекше де қайталанбас нысандарын, ескерткіштерін, табиғатын толықтай тамашалағымыз келеді. Жаңа әсерлерге, жаңа сезімдерге бөленсек дейміз. Қазақстан халқының саяхатшыларды құрметпен қарсы алғаны көңіл қуантады. Біздің жолға шыққанымызға – 14 күн болды. Ендігі баратын қаламыз – Атырау, сосын Отанымызға ораламыз. Бізге мықты қолдау көрсеткен жергілікті компанияға алғысым шексіз, - деді алмандық саяхатшы Анке Руш.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="9503,9502,9496,9495"]