Бүгінгі таңда №2 Ақтау қалалық емханасында ерлер денсаулығы кабинеті жұмыс жасайды. Мұнда жасы 18-ден асқан кез келген ер азаматтар келіп, денсаулықтарын тексеріп, дәрігерлерден тегін кеңес те ала алады.
Ашылғанына екі ай уақыт болған ерлер кабинетінің қызметін 290 азамат пайдаланған. Олардың 14-нен онкологиялық ауру түрлері анықталған. Бүгінде қатерсіз ісік анықталған екі азамат ота жасатуға дайындалуда.
-Екі ай ішінде тексерілген 290 азаматтың 81-нің денсаулығынан ешқандай кінарат таба алмадық. Жеті азаматтан эндокринолог қалқанша безінің ұлғайғанын және уролог простатит пен уретрит ауруларын 18 азаматтан анықтады. Ал, гастроэнтерологқа қаралған 11 азаматтың тек ғана біреуінің асқазаны сау болып шықты. 65 жастан жоғары 56 ер азаматтың ішінде тоғызының ғана денсаулығы жақсы. Бұл-дәрігерлер қауымын алаңдататын жағдай. Жалпы ер азаматтар уақытылы келіп, денсаулықтарын тексертуге немқұрайлы қарайтыны рас. Сондықтан да барлық ер азаматтарға денсаулықтарына көңіл бөліп, уақытылы тексеруден өтіп тұруға кеңес беремін. Бізге келіп, тегін қаралуға шақырамын,-дейді ерлер кабинетінің медбикесі Айша Симбаева.
№2 Ақтау қалалық емханасында ашылған ерлер денсаулығы кабинеті (№106) таңғы сағат 8.00 ден 17.00-ге дейін жұмыс жасайды.
Венера МИРЛАН