«Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында партияның жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту бағытындағы «Сәтті қадам» жобасының іске асырылу бағыты талқыланып, алдағы жасалатын жұмыстары пысықталды. Айта кету керек, жобаның мақсаты-жастарды кәсіпорындар мен мекемелерде тағылымдамадан өткізу арқылы жұмысқа орналастыру, аймақта жұмыссыздықты ауыздықтауға атсалысу.
«Жас Отан» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Әсет Нұровтың айтуынша, соңғы екі жылда жоғары және арнаулы оқу орнын бітірген 56 жетім бала есепке алынған. Оның ішінде Ш. Есенов атындағы КМТжИУ-н 10 бала және Жаңаөзендегі жоғары оқу орнын 6 жетім бала бітірген. Өзгелері колледждерде білім алған.
-«Сәтті қадам» жобасының бір бағыты-жетім балаларды жұмысқа орналастырылуын ұйымдастыру болып табылады. Сонымен қатар ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған балалармен де жұмыс жасау жобада қарастырылған. Бұл бағыттарда біз жұмыстарды қолға алып жатырмыз. 2015-2016 жылы ЖОО бітірген 56 жетім баланың 30-на хабарласып, жағдайларын біліп, жұмысқа орналасты ма, әлде қандай проблемалары бар, соны сұрап білдік. Біз хабарласқан 31 баланың 13-не жұмыс қажет екені анықталды. Оларды жұмысқа орналастыру үшін бес мекемеге хат жолдадық. Жалпы «Сәтті қадам» жобасын жүзеге асыру үшін 9 мекемемен әріптестік меморандумына қол қойылған болатын. Олар: «Қазморттрансфлот» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «МАЭК» ЖШС, «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ, «ҚазАзот» ЖШС, облыстық білім, денсаулық сақтау, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармалары мен Маңғыстау облысы әкімінің аппараты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады,-дейді Әсет Нұров.
Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қытай Құсайынованың мәліметінше қазіргі таңда Ақтау қаласында «Жастар практикасы» бойынша денсаулық сақтау, білім, әскери салаларында 272 орын бос тұр. Оның ішінде бала күтушісі, тәрбиеші, аспазшы, заңгер, қаржыгер, хореограф, психолог, медбике мамандары қажет. Алайда төленетін жалақы аз болғандықтан жастардың мұндай жұмысқа барғысы келмейтін көрінеді.
-2015-2016 облыста оқу жылын 4825 бала бітірді. Оның 3161-і ҰБТ-ға қатысып, 564 бала сынақтан өтпей қалған болатын. 85 оқушы қайта тестілеуден өтуге тілек білдірді. Кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша «Ерсай» компаниясының жолдамасымен бір түлегіміз Ералы кентінде дәнекерлеу ісі бойынша алты айлық курсқа жіберілді. Небәрі бес адам жұмысқа орналасты,-дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы білім бөлімінің бас маманы Гүлдариға Мамутова.
Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Нұрғалиева саяси кеңестің бюро мүшелеріне жетім балалар мен 2015-2016 оқу жылында бітірген түлектерді ерекше назарға алып, жұмысқа орналасуын қадағалау қажеттігін айтты. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы және «Сәтті қадам» жобасы бойынша жастардың өмірден өз орындарын табуына көмектесу туралы партияның тапсырмасын түсіндірді.
Венера МИРЛАН