Облыстық ішкі істер департаментінде Ақтау қаласында таяуда орын алған 6 жасар қызды ұрлау және зорлау дерегіне байланысты брифинг өткізілді. Департамент басшысы Қайрат Дәлбеков журналистерге аталған қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Ағымдағы жылдың 20 тамыз күні облыс орталығында жан түршігерлік оқиға орын алып, дүйім жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Айдың күнінің аманында ауыр халге түсіп, өліммен арпалысқан 6 жасар қыздың айығуын тек Маңғыстау жұрты ғана емес, бүкіл ел тіледі. Ал, сәбиді ұрлап, оны айуандықпен зорлап қорлаған қылмыскерді іздеп табуға облыс тұрғындарының бәрі атсалысқан болатын. Әкімдіктен бастап, жеке кәсіпкерлер де қылмыскер туралы қандай бір ақпарат арқылы ізін басуға көмектескендерге қомақты қаржы көлемінде сыйақы тағайындады. Дегенмен, адамдықтан безіп, балғын өмірге балта шапқан күдіктіні құқық қорғаушылардың өздері тапты.
Күдікті Ақтау қаласының тұрғыны «А» есімді азамат болып шықты. 1984 жылы туған ол бұрын сотталмаған. Сот генетикалық-молекулярлық сараптама қорытындысы оның қылмысқа қатысы барлығын растады. Күдікті өз қылмысын мойындады, - дейді облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қ. Дәлбеков.
Қазір педофилге қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 120- бабы бойынша /зорлау/, 125 бабымен /адамды ұрлау/, 24-бабы бойынша /қасақана кісі өлтіру/ қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ал, қылмыскерді іздестіру кезінде азапталған сәби туралы жалған ақпараттар таратқандарға қатысты қазір іс қозғалған. «Кінәлілер анықталып, лайықты жазасын алатын болады» дейді облысымыздың бас полицейі Қайрат Дәлбеков.
Тамыздың 20-сы күні тапа-тал түсте жоғалып кеткен 6 жасар қыз бірнеше сағаттан соң облыс орталығының шетіндегі саяжайдан айуандықпен азапталған күйінде табылған болатын. Қазір ақтаулық бүлдіршін ауыр халде Астана қаласындағы Ана мен бала орталығының жан сақтау бөлімінде жатыр. Азғынның қолына түскен балғынның миы қатты шайқалған, екі аптадан бері әлі есін жимаған.
Анар ШАМШАДИНОВА