Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында мерекелік тарту мен жағымды жаңалықтардан Қарақия ауданының жұртшылығы да шет қалмады. Жетібайда жаңа балабақшалар ел игілігіне беріліп, ауыл халқы шадыман шаттыққа бөленді. Әлеуметтік маңыздағы нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімі А.Айдарбаев, облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева, облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов, аудан әкімі Ә.Дауылбаев қатысып, жетібайлықтардың қуанышымен бөлісті.
Арман-мақсаты алға жетелеп, мемлекеттің қолдауына иек артқан кәсіпкер Жасұлан Бисенбаев «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттік несиеге ауданда алғаш рет жекеменшік 90 орындық балабақша ашты. Балаларын, немерелерін әкелген ауылдағы ағайын құтты болсын айтып, шашу шашты. Көңілдері шат, жүздері жарқын жетібайлықтарды облыс әкімі Алик Серікұлы құттықтады.
«Құрметті, ауыл тұрғындары! Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында бағалы бастамалар, жарқын істер кеңінен қанат жайып, ел тынысына тың серпін беруде.Мұндай игі шаралар біздің өңірімізде де көрініс тауып отыр. Игі шараларды қолға аламын деген кәсіпкерлерді біз әрқашан да қолдауға дайынбыз. Балалар – еліміздің бүгіні мен ертеңі. Оларға жайлы жағдай жасау, денсаулығын жақсарту, саналы тәрбие мен сапалы білім беру– біздің басты міндетіміз. 2020 жылға дейін балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтуды жоспарлап отырмыз. Соңғы 3 жылда Қарақия ауданында 660 баланы қамтитын 6 балабақша ел игілігіне берілді. Ағымдағы жыл басынан бері облыс бойынша 1175 баланы қамтитын 16 балабақша есігін айқара ашты.Өңірімізде осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады. Жаңа балабақша балғындардың шат күлкісіне толып,тәрбиешілердің өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбегі өнегелі болсын» деген аймақ басшысы Алик Айдарбаев балабақша ұжымына естелік сыйлық табыстады.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған ақсақал Жеткізген Мырзақұлов көпшілікті балабақшаның ашылуымен құттықтап, балалардың қадамына сәттілік тіледі. Қолдарына шоқ-шоқ гүл ұстап, балабақша табалдырығын аттауға асыққан балалар тақпақ айтты. Көпшілік асыға күткен балабақшаның лентасы қиылып, жиналған қонақтар мен ауыл тұрғындары ғимараттың ішін аралап көрді. Екі қабатты ғимараттың іші әсем безендіріліп, заманауи үлгіде керек-жарақтармен жабдықталған балабақшаға 24 тұрғын жұмысқа қабылданған. «Айназ» балабақшасының директоры Бақтлима Ығылманованың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру мекемесі жекеменшік болғанымен, ата-аналар мемлекеттік балабақшамен бірдей төлемақы төлейді. «Балапан» бағдарламасы бойынша бөй көтерген балалар бақшасында 24 тұрғыны 3-6 жасқа дейінгі балалардан құралған 4 топ бар.
–Жақында 3 жасқа толған немерем Айаруды жаңа балабақшаға әкелдім. Балабақшада балалардың алаңсыз ойнауына, демалуына, ой-өрісін дамытуға, айналаны танып-білуіне барлық жағдай жасалған. Барша жетібайлықтарды бүгінгі қуанымен құттықтаймын!, –деді ауыл тұрғыны Әлия Бисенова.
Бұл күні Жетібай ауылында келбеті мен сәулеті жарасқан 280 балаға арналған «Жауқазын» балабақшасы да есігін айқара ашты. Ұлттық қордың қаржысына салынған әлеуметтік нысан көз тартар келбетімен ауылдың ажарын келтіре түскен. Жиылған қауымды құттықтаған облыс әкімі А.Айдарбаев ізі тілегін жеткізіп, балабақшаға теледидар сыйға тартты. Жетібай ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсен Сражанов оң болсын айтып, балабақша ұрпаққа тағылымды тәлім-тәрбие беретін орынға айналсын деген ақжарма лебізін білдірді.
Салтанатты сәтте жүздері бал-бұл жайнаған балалар ән айтып, би билеп, көпшілік назарына шағын концерттік бағдарлама ұсынды. Жаңа нысанның құрылысын жүргізген «Альянс лтд» ЖШС директоры Асқар Керелбаев символикалық кілтті балабақша директоры Айжан Құрмановаға табыстады. Аймақ басшысы Алик Серікұлы мен ауыл тұрғыны Сәрсен Сражанов балабақшаның лентасын қиған сәтте жетібайлықтар қуаныштарын шашу қып шашып, мәре-сәре болды. Бала тәрбиесінің күтіміне байланысты үйде отырған Жетібай ауылының тұрғыны Фарида Қалиева «Жауқазын» балабақшасына тәрбиеші болып жұмысқа орналасты. Жоғары білімді педагогтың 4 жастағы қызы да осы балабақшаға қабылданған.
– Төрт блоктан тұратын зәулім ғимаратта балаларды қабылдау, ойын, жатын бөлмелері, спорт, музыка залдары, асхана және тағы да басқа бөлмелер бар. Балалар 2 жастан бастап қабылданып, екі кіші топ болады. Жинақталған 14 топқа 28 тәрбиеші тәлім-тәрбие береді. Балабақшаға 90-ға жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмысқа алынды. Ішінде жас мамандар да бар. Қазіргі уақытта 200 бала қабылданды. Әлеуметтік нысанның құрылысына Ұлттық қордан 420 млн.теңге бөлінді,–деді балабақша директоры Айжан Құрманова.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ