Маңғыстаудың марқасқа ұлы, былғары қолғап шебері, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен оның бапкері Марат Жакиев, Олимпиада қатысушысы Берік Әбдірахмановтың құрметіне орай сенбі күні кешісін теңіз жағалауында мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Сахна төріне көтерілген спорт саңлақтарының иықтарына жергілікті билік өкілдері шапан жауып, ізгі тілектерін білдірді. Кеште облыс өнерпаздары өнер көрсетіп, әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
- Мені қолдаған халқыма, түн ұйқыларын бөліп, жанкүйер болған жерлестеріме алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңызды сонау Рио төрінде тұрып сезіндім. Финалға шығып, алтыннан алқа тағу үшін барымды салдым. Іштей өкініш бар, әрине. Бұл жолы да бұйырғаны күміс медаль болды. Жеңіске жеткенім бапкерімнің арқасы деп білемін. Сіздердің қошеметтеріңізге, ыстық-ықыластарыңызға рахмет айтамын. Барлық жеңіс Сіздер үшін!,-деді Олимпиаданың екі мәрте күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов.
Естеріңізге сала кетейік аймақ басшысы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен оның бапкері Марат Жакиевті Toyota Land Cruiser 200 және Toyota Land Cruiser Prado көлігін сыйға тарқан болатын. Сондай-ақ, Берік Әбдірахмановқа 5 миллион теңгенің сертификатын берді. Сонымен қатар елге оралған Олимпиада чемпиондарын Елбасы Н. Назарбаев арнайы қабылдап, II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Елбасы қолынан осынау жоғары марапатты жерлесіміз, Олимпиаданың күміс жүлдесін алған Әділбек Ниязымбетовте иеленді. Президент Әділбектің медалін алтынмен пара-пар деген бағасын берді.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН