ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өткен аптада өлкемізге іссапармен келіп, жаңадан ашылған IT маман Тимур Бектұрдың ашқан "timur academy" атты орталығымен де танысқан болатын. Дәл осы орталықтың жұмысының бағыты да жастарға заман талабына орай керек курстардан құралған. Ол жөнінде Тимур өзінің ФБ парақшасында толықтай тоқталып өтті. - Курстар ақылы да, тегін де болады. Ауыл және аудан жастарына басты назар аударсақ деп отырмыз. Ал мүжәлсіз отбасы мен жағдайы шектеулі жандар үшін барлық курс тегін болмақ, - дейді. Біздің сұқбатқа тартуымыздың себебі де осы. Жастардың белсенділігін аттыру, білімін дамыту бағытын қолға алған шаруаға, азаматтық қоғамды қалыптастырудағы мұндай бастамаға жастарды неге шақырмасқа? - Академиялық білім алу артық етпейтін заманда бұл жобаң өте керек деп есептеймін. Белгілі бір мерзімді жоба ма? - Жоқ, бұл ешқандай да мерзімді жоба емес. Тендер аясындағы жоба емес. Көлеңкелі бизнес те емес, кәдімгі жеке бастамаларымның бірі. Алғашында ұсыныс ортаға тасталып, бір топ тілектес жандар арқасында осы нәтижеге қол жеткіздік. Құдай қаласа, мәңгілік болады деп ойлаймыз. Осындай бір уақытта тоқтаймыз, асарымызды асап, жасарымызды жасап, боламыз деген ой жоқ. Керісінше, осы бастамамыз өзгелердің тарапынан да қолдау тауып, ары қарай жұмысын жалғастырады деген ойдамын. - Өзің айтпақшы амбициялы академиялық жобаның оқыту бағыттары мен салалары да жаңалыққа басымдылық беріліп отыр. Робототехника, менеджменттің әлеуметтік желілермен байланысуын, жаңа медиа мен талант тану сабақтарың мені қызықтыра түсті. Бәріне бір өзіңнің уақытың да жетпейтін болар,көмекке кімдер әзір? - Көмекке менің қасымда бір топ жастар бар. Көпшілігі жастар бірлестіктерінен келді. Менің ағылшын сөйлеу клубы (English speaking club) ортам бар. Сол жерден өзіммен пікірлес, ойлас жандар табылып, осындай идеям бар дегенде қосылып, көмекке келіп жатырған жайы бар. Ағылшын тілінде Headhunting деген сөз бар. Тура аудармасында адамның басына аңшылық жасау деген сөз. Ал бизнестегі мағынасы таланттарды іздеу, ойы ұшқыр, пікірлес жандарды өзіңе тарту арқылы команда жасау дегенді білдіреді. Сол әдіс арқылы менімен үндеседі - ау деген қыз - жігіттермен, идеямыз бір, ойымыз бір жерден шығатын жандармен қосылып жұмыс жасамақпыз. Мысалыға айтатын болсақ, «Жастар кадрлық резерві» деген «Жас отан» жастар қанатының жобасында танысқан Бақытжан деген инструктор жігіт бар. Робототехника саласында өзінің қолынан келетінін жасап, білгенін үйретіп, бөлісіп жүр. Сол кезде бұл жігітпен бірге жұмыс жасауға болады екен деп ойлап қойдым. Кейін де қолдаулар білдіріліп, бірге жұмыс жасадық. Көмекке негізінен барлығы әзір. Сөз деген басқа, іске келгенде басқа болып жатады. Сондықтан қасыма осы қалай деген жандарды жинадым. Бізге кәзір жұмыс жасау керек болып тұр. Қалғаны біртіндеп қосылады деп жоспарлап отырмыз. Не қажет, қандай көмек керек деген сұрақ туындайтын болса, бізге қазір өзінің білгенін үйрете алатын иснтрукторлар қажет. Мысалы мұнайшы, химик, биолог, математик, инженер, құрылысшы, ІТ маманы болуы да мүмкін. Біздердің басты мақсатымыз айқын. Негізінен екі бағытты алып отырмыз. Мысалы ЖОО бітірген түлектерді айтар болсақ, өздері бірден жұмысқа орналасып кете алмайды. Себебі, оқу орыны берген қандайда болсын білімі мен жұмыс беруші талап ететін жауапкершілік талаптары екеуі екі түрлі. Оның үстіне жұмыс тәжірибесінің жоқтығы бар. Екіншіден, өңірімізде жастарымыздың көбі тіл білмейді. Тіл жағынан қиындықтар көріп жатады. Менің өзім сондай мәселелерге көп жолықтым. Яғни, қазақша білемін, орысшам шорқақ, ағылшынша білмейтін болдым. Соның кесірінен «Болашаққа» түсе алмадым, басқа да халықаралық бағдарламаларға қатыса алмадым. Біз осы жерде ағылшын тілін дамыту арқылы, қазақ тіліне акцент қоя отыра, облысымыздың жастарын халықаралық деңгейге шығарғымыз келеді. Мемлекеттік тілден бірден ағылшын тілін оқыту арқылы өңіріміздің жастарын халықарылық жоғарғы оқу орындарына, халықаралық бағдарламалар арқылы оқуға түсуге көметкесуді көздейміз. Қандай білім жетіспеуі мүмкін, не қажет деген олқылықтар орнын толтыра отыра білім трамплинын жасағымыз келеді. Біз жастарға көмектессек дейміз. Қалғаны бізге сын. - Әсіресе ауыл, аудан жастарын тартуды көздеп отырған жобаңа шалғай ауылдар мен аудандардың қатысы қалай болмақ, жастардың жұмыстағысы мен сабақтағылары үшін уақыт реттеле ме? - Сенбі, жексенбі келе алатын жастар үшін біздің есігіміз ашық болады. Ал басқа уақытта жұмыста жүргендер мен ауысымды жұмыста жүргендер үшін, тіпті мүлдем келе алмаймын деушілер үшін, біздің онлайн академиямыз болады. Ол дегеніңіз-интернет сайт арқылы өзіміздің курстарымызды ұсынатын боламыз. Негізгі фокустың өзі сол онлайн академия. Аяқтай келуге көп адамның уақыты шақ келмеуі мүмкін. Дегенмен, аяқтай келіп оқимын деушілер үшін де әзірміз. Адамдар сұраныстарына қарай, кейбір адамдар онлайн оқығанды қиынсынып, одан айта салшы, тыңдайын дейтін де дәстүрлі оқыту тәсілін қалайтын аудитория түрі де болады. - Оқу ұзақтығы мен ақысы қанша?Алғашқы талапкерлер табылып жатыр ма? - Оқыту ақысы да ұзақтығы да әртүрлі. Мысалы робототехника курсы 3 айға созылып, оқу ақысы айына 10 мың теңгеден. IELTS немесе TOEFL осы екеуінің ақысы 45 мың теңге. Бұл курстар 2 ай оқытылады. Ол республика бойынша 3 есе арзан. Ал басқа компьютерлік бағдарламалық, инжинерингке, менджментке қатысты курстардың өзінің ұзақтығы мен бағалары әртүрлі болады. Оны енді жақында біле жатасыздар. Талапкерлер көп. Әсіресе компьютерлік бағадарламалар мен сайт жасау, интернет маркетинг, ағылшын тілі, IELTS сияқты курстарға орталықтың ашылатынын алдын ала естіп, жекеге шығып хабарласып, сұрап жатқандар көп. - Бітіруші қандай құжатқа ие болады, оның рөлі қандай жерлерде ойнайды? - Бітіруші әзірге, біздің орталықты бітіргендігін растайтын сертификатқа ие болады. Шынымды айтсам, ол сертификат дәл қазір еш жерде ойнамайды. Біздің мақсатымыз да бізден алатын сертификаттың рөлін арттыру. Біздің академияны бітірушілерге берілетін баға «ол мына орталықты бітірген бе, демек ол бір нәрсе біледі. Оның қабілеті жетеді екен» дегенге жеткізу. Жалпы қысқа мерзімді курстардың сертификаттары жұмыс берушілерге танымал болады. Себебі, қысқа мерзімді курстарды осындай тренинг орталықтар береді. Біздің қазіргі мақсатымыз да сол бітірушіге беретін құжатымызды қандай да бір маңызға ие қылу. Ол кез-келген орталықтың түпкі мақсаты деп есептеймін.
- Ісіңізге сәттілік! Жауабыңызға рақмет!
Милана ЕЛЕУСІНОВА