Тамыз айының 15-24 аралығында аудан аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Шара аясында әкімшілік тәжірибе тобының инспекторлары айыппұлдарын уақытылы төлемей жүрген тұрғындардың үйлерін аралады.
Бұл туралы мәлімет берген аудандық әкімшілік полиция тобының инспекторы Еркебұлан Есенқұловтың айтуынша, осы айдың 15-інен 24 жұлдызына дейін тәртіп сақшылары 218 тұрғын үйге барып, жалпы көлемі 3 млн.241 мың теңгені құрайтын 442 айыппұлды өндірген.Сондай-ақ, жедел-профилактикалық жұмыс барысында жергілікті полиция қызметімен бірлесіп заң бұзушылықтар бойынша 522 әкімшілік хаттама жасақталған.
− 2016 жылдың 7 айы ішінде аудан көлемінде әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 14 мың 671 хаттама толтырылып, 93 млн. 611 мың 580 теңгеге айыппұл салынды. Осыған дейін оның 57 млн. 545 мың 698 теңгесі төленген болатын. 2015 жылы – 97 млн. 566 мың 265 тенгеге айыппұл салынып, 61 млн. 586 мың 465 тенге өндірілген еді. Қалған борышкерлер әлі де асығар емес.Өздерімен кездесу барысында анықтағанымыздай, кейбіреулері айыппұлды төлесе де түбіртегін бізге алып келу қажеттігін білмейді екен. Сондықтан басқа борышкерлерге де ескерте кететін жайт, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодектің 810-бабы бойынша азаматтар егер де айыппұлды бір апта ішінде өтейтін болса, 50 пайызын ғана төлеу жеңілдігі қарастырылған,-дейді ол.
Е.Есенқұловтың сөзінше, аудан аумағындағы борышкерлердің тізімі ауылдардың учаскелік инспекторларына да берілген. Құқық бұзғандардың айып ақшасын өндіру мәселесімен ауылдың тәртіп сақшылары да айналысуда.
Шахида ЖҰМАН