©
Мұнайлы аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті 11-отырысы жуырда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өтті. Отырысқа кеңес құрамынан тыс ауыл әкімдері мен сала мамандары қатысып отырды. Олардың кейбірі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама оқыды. Қалғандары оны талқылап, сұрақтарын қойды.
Аудан бойынша жер учаскелерінің берілу тәртібі туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Әлібек Өтегенов баяндады. Айтуынша, аудан аумағының көлемі 492,189 га. құрайды. Оның ішінде ауыл, ауылдық округтің жері 41465 га., ауыл шаруашылыққа арналған жерлер 245149,8 га., босалқы жерлер 180828,8 га., өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және басқа да ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер 24745,4 га. Қазіргі таңда аудан аумағында 322 шаруа қожалығы тіркелген, 311 жеке шаруа қожалығы және 11 заңды тұлғалар.
─ Жер учаскесіне жалдау құқығын табыстау немесе жер учаскесінің сатылуын сауда-саттықпен жүргізу үшін конкурс, аукцион ұйымдастыру мақсатында 2016 жылы 9 ақпанда аудан әкімдігінің №36 қаулысымен сауда-саттыққа (конкурстар, аукциондарға) шығарылатын 6 жер учаскесінің тізімі, оның ішінде Маңғыстау ауылынан 4, Қызылтөбеден 1, Дәулеттен 1 жер учаскесі бекітілді. Мұнайлы ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесіне 27504 азамат кезекке тіркелген. Бас жоспарға сәйкес, барлығы 3723 жер учаскесін беру қарастырылған. Атап айтсақ, Қызылтөбеден 1188, Дәулеттен 355, Батырдан 656, Маңғыстау ауылынан 264, Баяндыдан 1260 жер учаскелері. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұралған кезде азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады. ҚР жер кодексінің 44-бабының 5 тармағының 5-3 тармақшасына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелерін беруге су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда жол беріледі. Орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер учаскелерін беруге тек электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол беріледі, - деді Әлібек Өтегенов. Кеңес мүшесі Қалнияз Оңдабаевтың ауданның жер учаскесіне жалдау құқығын табыстау немесе жер учаскесінің сатылуын сауда-саттықпен жүргізу үшін конкурс, аукцион ұйымдастыру мақсатында неше жер учаскесі бекітілгені жөніндегі сұрағына Әлібек Өтегенов: «Бізде бос жер жоқ. Бұрынғы пайдаланылмай отырған жерлерді қайтаруға әрекеттеніп жатырмыз. Солай қайтарылса, аукцион арқылы сатуға мүмкіндік болады»,- деді.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз аудандық білім үйлестіру орталығының балабақша жөніндегі әдіскері Толқын Сәрсенбаеваға берілді. Ол «Аудан бойынша білім беру ұйымдарының 2016-2017 жылғы оқу жылына дайындығы және аудандық балабақшалар туралы» айтып өтті. Білуімізше, аудан мектептері 2015-2016 оқу жылын 24008 бала, оның ішінде 1-11 сыныптарда 22110 оқушы, даярлық топтарда 1898 тәрбиеленушімен аяқтаған. Ал, 2016-2017 жаңа оқу жылын 13 орта мектеп, 1 кешкі мектеп, 11 мемлекеттік балабақша, 4 шағын орталық, 18 жекеменшік балабақша, 1 өнер мектебімен бастайды деп күтілуде. Ауданның білім беру мекемелерінде 2016-2017 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық, яғни жылыту жүйелерін жуу, тазалау жұмыстары, жылыту қазандықтарының дайындығы, жылуға жауапты операторлардың білім тексеруінен өтуі сияқты шаралары жүргізілуде.
─ Қазіргі таңда 13 мектептің 11-інің, 11 балабақшаның 9-ның жылу жүйесі күзгі-қысқы кезеңге дайын. Қалған білім ұйымдары жылыту жүйесін жуу, тазалауға қызмет көрсету мекемелерімен келісімшартқа отырды. Жылу жүйесінің дайындығы туралы акт тамыз айының 10-на дейін алынады. Ауданның білім беру ұйымдарының жылу жүйесіне 10 000,0 теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Ауданның білім беру ұйымдарына биылғы жылы күрделі жөндеу қарастырылмаған. Алайда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында №4 орта мектепке ағымдағы жөндеу жүргізуге 7 751,0 мың теңге, №6 орта мектепке кешенді ағымдағы жөндеуді жүргізуге 74 623,0 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда №4 орта мектептің жөндеу жұмыстары аяқталды. Орындалған жұмысты қабылдау комиссиясы тексеріп, акт жасақталды. Енді №6 орта мектептегі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан басқа мектептер мен балабақшаларда 149 ерекшеліктегі қаражаттарының есебіне ағымдағы жөндеу, яғни сырлау, ақтау, есіктерін ауыстыру, еденге жаңа линолиум төсеу жұмыстары жүріп жатыр, - дейді Т.Сәрсенбаева. Баяндамашыны мұқият тыңдаған Табылды Әміров «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін тиісті дәрежеде ұйымдастырылуын және өткізілуін тапсырды. Ал, Қалнияз Оңдабаев: «Жер мәселесінен кейінгі үш тілділікке өту процесі өзекті тұр. Осыған білім бөлімі көңіл бөлу керек. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына да ат үсті қарауға болмайды. Өйткені, тұрғындар осы мәселемен көп келеді бізге», - деп өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, Қуантқан Боранбаев мектептерге балалар тасымалын ұйымдастыратын автокөлік мекемелерімен қандай жұмыстар жүргізілуде, олардың дайындығы қандай дәрежеде деген сұрағына тиісті жауабын алды. Өз кезегінде балабақша ашу жөнінде ауыл тұрғындары Г.Зулхармаева және Б.Әуезханов сөйлеп, өтініштерін білдірді. Сол кезде тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының маманы Г.Дәулетбаева бұл балабақшалардың талапқа сай екендігін айтты.
Басқұдық ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы ауыл әкімі Нуфтулла Қаржаубаев баяндап берді. Мұнда «Жол картасы» бағдарламасымен 27 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылса, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының 2-бағыты бойынша 12 адам кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шағын несие алып, жұмыстар жүргізуде. Округтегі өзекті мәселелер хақында ауыл әкімі Нуфтулла Қаржаубаевтың айтқаны: «Басқұдық ауылының санитарлық эпидемиялогиялық талаптарын сақтау мақсатында «Қошқар ата» өлі көліне қалдық сулар төгілетін каналды жабу немесе рекультивация, реабилитация жұмыстарын жалғастыруға ықпал ету; Басқұдық елді мекені орталығынан өтіп жатқан жоғарғы қысымды газ құбырын елді мекен сыртынан «Қошқар ата» көліне қалдық сулар төгілетін канал бойы бағыты арқылы көшіру; Елді мекендегі тұрғын үйлерді 100 пайызға сымды телефонмен қамтамасыз ету; Ауылдық округте ауылдық дәрігерлік емхана құрылысын салу, жер телімі бөлінген; «Балапан» бағдарламасы аясында ауылдық округте балалардың көптігіне байланысты мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар санын көбейту; Ауылдық округтен 600 орындық мектеп құрылысын салу, құрылыс орны дайын, жоғары орындарға ықпал ету; Басқұдық №9 орта мектепке қосымша 320 орындық байлама құрылысын салуды бастау». Кеңес мүшесі Қ.Оңдабаев Басқұдық ауылының ортасымен өтетін жолдың тарлығы, жаңадан салынған нысандардың жолға жақын орналасуы жайлы сұрағына лайықты жауабын алды. Баяндамашыға өзге сұрақ, ескертпе болған жоқ.
Емір шағын ауданындағы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында берілген тұрғын төлемдерді өтеуі туралы, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жасалған жұмыстар туралы Батыр ауылының әкімі Қарасай Абыханов мәлімдеді. «Батыр ауылында ағымдағы жылы бірқатар жұмыстар атқарылды», - деп сөз бастаған Қ.Абыханов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау күні аптасына екі рет (сәрсенбі, жұма күндері, сағ.16.00-18.00 аралығында) жүргізілетіндігін айтты. Есепті мерзім ішінде 104 азамат қабылданыпты. Қабылдауда тұрғын үйлерді электр және газ желілерімен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын салуға және кәсіпкерлік мақсатта, ауылдың бас жоспарына енбей қалған жер телімдері туралы мәселелер көтерілген. Тұрғындардан жыл басынан бері 109 арыз түскен, оның 51-і қанағаттандырылып, басқа арыз иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
─ Орындалған жұмыстар – Шерқала, Самал, Хазар шағын аудандарында 8500 дана электр бағаналары, жоба бойынша қойылатын 43 КТП-ның 43-і барлық шағын аудандарға орнатылып, 1412 тұрғын үйге электр жарығы берілді. Құрылыс жұмыстары жалғастырылуда. Жобаның жалпы құны 1 684 млн.теңге, мердігер мекеме «Айком ЛТД» ЖШС-і. Құрылыс ағымдағы жылы тамыз айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде, - деген Қ.Абыханов батыр ауылдық округінде 182 үйдің карьерде тұрғанын ескере отырып, оларды сол ауылдың басқа жерлеріне көшіру мәселесін ұсынды.
«Мұнайлы ауданының қоғамдық кеңесінің төралқасын сайлау туралы» мәселе бойынша талқылау жүргізілді. Төралқа құрамына қоғамдық кеңес төрағасы Т.Әміров, кеңес жанындағы комиссиялардың төрағалары Қ.Боранбаев, А.Оспанованың кандидатуралары бірауыздан қолдау тауып, сайланды. Отырыс қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары (Б.Сүлейменовке) және аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы (Ә.Өтегеновке) аудан аумағындағы жер учаскелерін аукцион арқылы беру мәселесін екі ай ішінде пысықтау, мемлекеттік меншіктегі жер телімдеріне жер учаскесінің жалдау құқығы немесе сатылуы жер кодексінің жаңа заң талаптарына сәйкес жүргізу бағытында шаралар алу тапсырылды. Аудан әкімінің орынбасары (Б.Біләловке) және аудандық білім бөлімінің басшысы (Е.Овезовке) аудандағы мектептердің 2016-2017 жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын қадағалау және тиісті шаралар қолдану, «Мектепке жол» акция тиімді дәрежеде ұйымдастыру, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс уақытын ұзарту бағытында және қажетті құрал-жабдықтарды анықтап, облыстық білім басқармасына ұсыну, ауыл тұрғындары Г.Зулхармаева, Б.Әуезхановтың жеке балабақша ашу туралы өтініштері жан-жақты тексеріліп, оң шешімін табудың жолдары қарастыру жүктелді. Аудан әкімінің орынбасары (Н.Жолбаевқа), Басқұдық ауылдық округінің әкімі (Н.Қаржаубаевқа), аудандық жер қатынастары бөлімі (Ә.Өтегенов) және аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі (М.Құдашевке) 2014 жылы Басқұдық ауылдық округі әкімдігінің шешімімен табысталған 5 жер учаскесінің иелерімен келіссөздер жүргізіп, жер телімдерін өзге жерге ауыстыру бойынша шаралар алу, ауылдардың бас жоспары бойынша елді мекеннің магистралдық инфрақұрылымына арналған коридордың (қызыл сызық) ішіндегі Басқұдық-Маңғыстау бағытындағы жол бойындағы барлық құрылыс жұмыстарын тоқтатып, жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында жұмыс жасау, Басқұдық-Маңғыстау бағытындағы жол бойының санитарлық тазалық деңгейін жақсарту және абаттандыруды қолға алу міндеттелді. Сонымен қатар Н.Жолбаевқа, Қ.Абыхановқа және аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі (Б.Әбдіхалыққа) Емір шағын ауданы тұрғындарының берешек қарыздары уақытылы төлеу бағытындағы жұмыстарды жандардыру, берешек қарыздарды жою (төлеу) бағытында ҚР заңдарына сәйкес, сот органдары арқылы тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.