Аймақтағы көру мүшесі зақымданған жандар массаж кәсібіне машықтанып, білімдерін шыңдауда. Екі айлық курстан кейін жеті зағип жан арнайы сертификат алып, алған білімдерін тәжірибе түрінде жүзеге асырып, жұмысқа да орналаса алады.
- Мемлекет басшысы халыққа арнаған әр жолдауында еліміздегі мүгедектердің өмір сапасын арттыру, олардың кәсіппен айналысуына жағдай жасауды жиі айтады. Сондықтан да біз зағип жандарды жұмыспен қамту мақсатында арнайы жоба жазып, оны қорғап, БҰҰДБ (Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы) арқылы қаржылай қолдау таптық. Осы жоба аясында бүгінгі таңда Ақтау қаласынан алты және Сайын Шапағатов ауылынан бір зағип жанды массаж кәсібіне оқытып жатырмыз. Одан бөлек болашақта массаж жасайтын арнайы орталық ашып, осы жерден білім алған жандарды жұмыспен қамтығымыз келеді. Орталықты жасақтау үшін қажетті құралдар мен 2 кереует сатып алдық,-деген Маңғыстау облыстық «Қазақ зағиптар қоғамының» төрағасы Амангелді Мұхамедов бүгінгі таңда облыста бірінші және екінші топтағы 711 зағип жан бар екенін атап өтті.
Массаж жасауды үйретуші Күнсұлу Еспағамбетова көзі нашар көретін адамдардың қолының сезімталдығы жоғары болатындығын айтады. Онымен қоса олардың үйренсем, білсем деген құлшынысы мен қызығушылығының да зор екендігін атап өтті.
-Аз уақыттың ішінде зағип жандар массаждың барлық түрлерін, техникасын үйреніп, ағзаға беретін оң әсерін біліп, массаж жасағанда пайдаланылатын кремдердің түрлерімен танысып жатыр. Курсқа қатысып жүрген жандардың массаж жасауға деген ынтасының зор екені мені қуантады. Бұл жандардың көзі көрмегенімен, қолының сезімталдығының жоғары екенін атап өткім келеді. Менің оқыған дәрісімді диктофонға түсіріп алып, үйлеріне барып, бірнеше рет тыңдап, түсініктерін келесі күні маған айтып келеді. Мен алғаш рет зағип жандармен жұмыс жасап жатырмын. Барлығының үйренсем, білсем деген талпысы қуантады. Енді екі айлық курстан кейін бұл жандар кәсіби сылап-уқалаушы мамандығын игеріп, олар өздеріне ғана массаж жасап қоймай, жақындарына да жәрдемдесе алады. Жеке кәсіптерін де ашуға да мүмкіндігі болады,-дейді «Мейірбике» медициналық колледжінің ұстазы Күнсұлу Еспағамбетова.
Венера МИРЛАН