Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында облысымыздағы білім беру қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесінің пленарлық отырысы болып өтті. «Білімді ел-мәңгі ел» деп аталған дәстүрлі тамыз кеңесіне облыс әкімі Алик Айдарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, ҚР білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және жалпы орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова, депутаттар, аудан әкімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысып, өлкеміздің білім беру саласындағы өткен жылғы жетістіктерді сөз етіп, алдағы міндеттерді талқылады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамы еліміздің білім беру саласына қатысты бірқатар міндеттерді анықтап берді. Облысымыздың білім басқармасы осы міндеттерді басшылыққа ала отырып, жұмыстануда. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова баяндады. 2015-2016 оқу жылы жауапты да өзгеріске толы жыл болған. ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталып, оның негізгі деңгейіне қол жеткізілген. Атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ҚР білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарлама бекітілді. «Білім» туралы Заңға өзгерістер енгізіліп, білім мен ғылымды дамытуға, оқу-тәрбие ісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін бірнеше нормативтік құжаттар қабылданған. Сондай-ақ, Зейнеп Жұмағалиқызының айтуынша, 12 жылдық білім беру, 5 күндік оқу аптасы, үш тілде білім беру және ұлттық бірыңғай тестілеу форматын өзгертуге қатысты маңызды мәселелер қолға алынған.
Қазіргі таңда мемлекет білім саласына қолдау көрсету үшін қолдан келген мүмкіндіктің барлығын жасап отыр. Себебі, ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат – ең қайтарымы мол, қайырымы кең шара. Облысымызда білім саласына арналған бюджет жыл санап өсіп келеді. 2016 жылы бөлінген қаржы 47,5 млрд.теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 5,3,млрд.теңгеге артты. Бұл білім берудің инфрақұрылымын дамытуға зор мүмкіндік беруде. Бүгінде өлкемізде 32 мыңнан астам бүлдіршінді тәрбиелеп отырған 245 балабақшаның 76-сы жекеменшік. Осы жылдың соңына дейін 3-6 жас аралығындағы балғындардың 81 пайызын қамтуды жоспарлануда. Дегенмен, мектепке дейінгі мекемелерге деген сұраныс толық қанағаттандырылмай отыр. Әсіресе, Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданында кезегін күткен ұл-қыздардың саны азаяр емес,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы З. Тастемірова. Жалпы орта білім беру жүйесінің бүгінгі дамуы туралы айтсақ, өңіріміздегі 146 жалпы білім ордасының 134-і күндізгі білім беретін мектеп. Өткен жылы өткемізде апатты мектептер толығымен жойылған. Үш ауысымды мектептердің қатары азайғанымен, қаупі сейілмей тұр. Статистикалық мәліметтер бойынша, соңғы үш жылда мектеп оқушыларының саны 4-6 мыңға көбейген. Биылғы оқу жылында Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында оқушылар үш ауысымда оқытылуы мүмкін. Ақтау қаласының күннен-күнге кеңейіп, қанат жайып келе жатқаны рас. Сондықтан да облыс орталығындағы 30,31,32,17-інші шағынаудандар мен Шығыс тұрғын үй массивіне мектеп керек. Білім сапасына келсек, биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша орташа балл 78,5-ті құрап, республикалық көрсеткіштен Алматы мен Астанадан кейінгі 3-інші орыннан көрінген. 111 «Алтын белгі» үміткерінің 77-сі өз білімдерін дәлелдеп шыққан. Үздік мектептер қатарына Мұнайлы ауданындағы №1, №5 орта мектептер, Ақтау қаласындағы №8 мектеп және Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылындағы жаңа мектеп-лицейі қосылған.
- Облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 1 оқушысы екілік алып, 2 оқушы «Алтын белгісін» қорғай алмаған. Бейнеу ауданындағы Тұрыш, Атамекен мектептері мен Жаңаөзен қаласындағы №14 орта мектеп үздіктер тізіміне іліге алмай келеді. Жаңаөзендік №10, Маңғыстау ауданындағы Б.Жұмалиев, Н.Жұбаев және Өтес орта мектептерінің ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіштері өткен жылдармен салыстырғанда 10-20 пайызға төмендеп барады. 2017 жылдан бастап ұлттық тестілеудің қалпы өзгереді. Бірақ, бұл жауапкершілікті түсірмейді. Жалпы білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелеу керек,-деді З.Тастемірова.
Жаңа оқу жылы жаңаша мазмұнмен басталып, 1 сынып оқушылары жаңа оқулықтармен оқитын болады. Облыс мектептері жаңа стандарт бойынша білім беруге толықтай дайын. 12 жылдық білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен көшу жұмысы жалғастырылмақ.
Кеңес барысында сөз алған ҚР білім және ғылым министрілігінің өкілі Зейнеп Мақсұтова облысымыздың білім беру саласының жұмысына көңілі толып, алдағы маңызды маусымға сәттілік тіледі.
- Алдағы оқу жылында алға қойған міндеттер жетерлік. Біз ел болашағы- жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі бәрінен де маңызды екенін ұмытпауымыз қажет. Маңғыстау өңірінің даму барысы мен облыс орталығының көз жауын алардай көркі көңіл қуантады. Ақтау маған қатты ұнады, тіпті өзімді бір сәтке шетелде жүргендей сезіндім. Маңғыстау – басқа облыстарға үлгі боларлық өңір екен,-деді З. Мақсұтова.
Биылғы жетістіктер баяндалып, алдағы жылға жаңа міндеттер талқыланған кеңес отырысында облыс әкімі Алик Айдарбаев білім саласын дамытудың маңыздылығына тоқталды.
- Негізгі бағыт-бағдарымыз «Ұлт жоспары». Мектеп маусымының оңай болмайтыны анық. Ағымдағы жылдағы реформалардың табысты орындалуы және алдағы жылдың үлесіндегі ЭКСПО-ның өткізілуі, мұғалімдерге байланысты болмақ. Ел болашағы – мектеп оқушыларының жетістіктері тек ата-аналар мен ұстаздарды емес, бұл қоғамды қуантады. Біз әркезде білімге мән береміз, өйткені, болашағымыз үшін білімнің, оның сапасының маңызы зор. Облысымызда білім беру саласына қарастырылатын қаржының көлемі жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдары ол 35 млрд.теңгеден 47 млрд. теңгеге жетті. Бұл – ең басты да маңызды инвестиция деп санаймын. Сөзсіз мектеп оқушысының әрбір жетістігінің артында мұғалім тұрады. Біздің облысымызда өз ісінің нағыз мамандары –үздік мұғалімдер баршылық. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын!-деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
Өңір басшысы сала басшылығына білім беру ісін одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. «Оқушыларды спортқа тартып, үйірмелерге қатыстыру – білім ұйымдарының міндеті. Бос уақытын дұрыс пайдаланбаған жасөспірім арақ-темекіге үйір болып, экстремистік топтардың ағымына еріп кетулері мүмкін» деп, Алик Серікұлы аудан әкімдеріне үйірмелердің санын көбейтуді тапсырды. Оқу ордаларының білім сапасын Назарбаев зияткерлік мектебінің деңгейіне көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамту және патриоттық тәрбиені насихаттау міндеті алда тұр. Облыс әкімі сондай-ақ, дуалдық жүйені енгізу жұмыстарының жеткіліксіз екенін айтып, жұмыстану қерек деді.
Тамыз кеңесіне қатысушылардың бірі – Түпқараған ауданынан келген І санатты мұғалім Клара Мұқанова. 28 жылдық тәжірибесі бар ұстаз білім саласындағы өзгерістерді ықыласпен қолдайды.
- Жаңаша білім мазмұны – заман талабы. Білім көзі – бастауышта, бала бастауыш сыныптарда дұрыс білім алуы тиіс. Менің шәкірттерім жаңаша білім алуға дайын деп есептеймін,-дейді Е.Өмірбаев атындағы орта мектептің мұғалімі К.Мұқанова.
Өңірдің білім саласының бүгіні мен ертеңін сөз еткен отырыс барысында ерен еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы марапатқа ие болды. Мұнайлылық мұғалім Балия Шамиғұлова, Маңғыстау ауданының өкілі Қайыр Сейтмағанбетов пен жаңаөзендік Рахия Мәулібаева «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін тағынса, ақтаулықтар Рима Танмағанбетова, Валентина Сүйебаева мен түпқарағандық Айбаршын Өтесбаева «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. Ал, бейнеуліктер Гүлнар Шәудірбаева, Тұрлан Оспанов, Маңғыстау ауданынан келген Едіге Сәтінұлы, қарақиялық Аманбай Таңқаев пен түпқарағандық Қалия Мұқамедьярова ҚР білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасына ие болды. Сондай-ақ, бірқатар мұғалімдер облыс әкімінің алғысын алды.
Кеңес соңында облыс әкімі Алик Айдарбаев өңір мектептерінде еңбек жолын бастағалы тұрған бірнеше жас маманға еңбек кітапшасын салтанатты түрде тапсырды. Ұстаз болуға бел буған жастардың бірі – бейнеулік Сәрсенбай Нұрқанат. Бейнеу ауданындағы Манашы мектебінің биология пәнінің жас мұғалімі білім беру саласына асқан сүйіспеншілікпен келген. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатын жігіттің алар асуы биік боларына сенім мол.
Анар Шамшадинова Суреттерді түсірген Талант Құсайын