Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу мәселелері бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қ.Байгебаевтың, департаменттің әкімшілік басқармасының басшысы Е.Жұмабайдың және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры А.Демеуованың қатысуымен арнайы брифинг өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Аумақтық департамент басшысының орынбасары Қайрат Байгебаев жастар жылы аясында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеудің тәртібі, қажетті құжаттар, pkrezerv.kz онлайн-платформасы, Ұлттық комиссияның құрамы мен құзыреті, жобаға қатысушы мақсатты топтар және жұртшылықпен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша сөз қозғады. «Қазіргі цифрлық қоғам мен білім экономикасы мемлекеттің даму жолын түбегейлі өзгертуде. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, «Біздің еліміз осы заман талаптарына сай болуы тиіс», ал жастарымыз – жаhандану заманында еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы болмақ. Тұңғыш Президент Жарлығымен 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Жастарға барлық салаларда көмектесу және қолдау саясаты жалғасып келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасымен Агенттік алдында «Президенттік жастар кадр резервін» қалыптастыру міндеті қойылған. Нақты бір салада өзіндік жетістіктері бар жас қазақстандықтардың іріктеуден өтіп, резервке алыну, жоғары мемлекеттік және басқарушы лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігі пайда болды», - деп атап өтті Қайрат Байгебаев. Аумақтық департамент өкілдері сонымен бірге жоба шеңберіндегі лауазымдық топтар, қабілеттерді тестілеу, тестілеуді верификациялау, әлеуетті бағалау, сараптамалық комиссияның мүшелерімен сұхбаттасу және үміткерлерді Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау мәселелері бойынша егжей-тегжейлі баяндап берді. Өз кезегінде Академияның облыстық филиалының директоры Айгүл Демеуова кадрлық резервке тұрғандарды оқыту бойынша ақпарат беріп өтті. Спикерлер брифингті қорытындылай келе өңірдің жас мамандарын Президентттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезеңіне белсенді қатысуға шақырды.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85134,85135,85136"]