©
Маңғыстау облысында ҚР Жер кодексінде қарастырылған заң талаптары бойынша жер телімдерін алып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер аз емес. Жыл сайын мол өнім жинап, тұрғындарды көкөніспен қамтамасыз еткен іскер жандар өнегесі қанат жайып келеді.
Кәсіпкерлерге және жалпы жұртшылыққа жер мәселесіне қатысты заңды түсіндіру мақсатында 8 ақпараттық-насихат тобы құрылған-ды. Барлығы 115 мүшесі бар топтардың құрамына барлық деңгейдегі мәслихаттың депутаттары, жер қатынастары басқармасының қызметкерлері, партия ардагерлері енгізілген болатын. Жуырда «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х. Нұрғалиева жетекшілік ететін ақпараттық-насихаттық топ «Қызылқұм» жерінде көкөніс өсіріп жатқан шаруа қожалықтарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты, егіншілердің жер реформасына қатысты сауалдарына жауап берді.
Бұл жерде Мұнайлы ауданына қарасты 5 шаруа қожалығы қызанақ, қырыққабат, болгар бұрышы, қауын -қарбыз, басқа да көкөніс түрлерін өсіріп отыр. Кәсіптерін 2003-2005 жылдары бастаған олардың барлығы да жерді 49 жылға жалға алған. Шөлейт аймақты жасыл-желекке бөлеп, еңбек көрігін қыздырып жатқан егіншілер тамшылата суару әдісін қолданып, барынша мол өнім жинауда. Ұңғылар арқылы жер астынан су тартып, егін суарып отырған егіншілерге айтқызсақ «бұл әдіс шөлейт аймақ үшін аса тиімді, онсыз да тапшы суды үнемдеумен бірге мол пайда да табасыз»...
Жақсыны көрмек үшін деген. Көрдік. Үйренетін, тәжірибеге енгізетін жақсы өнеге. Айнала тартылған шланга бойымен тамшылап жатқан су аңызақ желмен кеуіп кетпес үшін, үстіне қара пакет жабылған. Бұл булануға жол бермейді, топырақтың үнемі ылғалды жағдайда болуына көмектеседі.
-Пайдасы көп болғандықтан алты гектар жерге қызанақ ектік. Күніне 5-6 тоннадан өнім жинап жатырмыз. Қауын-қарбызымыз, қиярымыз бар. Былтыр қырыққабаттан өсірдік. Биыл наурыз айында өз қолымызбен тұрғызған бірнеше жылыжайдан да ойдағыдай өнім алдық. Қыста тағы да қызанақ өсірсек деген ой бар,-дейді «Қалмұрат» шаруа қожалығының басшысы Өмірбек Мамутов тәжірибесімен бөлісіп. Тәжірибе демекші, он бір жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан іскер жаннан шынында да үйренер тұстар аз емес. Бір гектар жерге жылыжай орнатқан, 15 гектарға егін еккен Өмірбек Ресей, Ираннан жеміс ағаштарының көшеттерін әкеліп отырғызып, біраз жерді жасыл «тоғайға» айналдырып үлгеріпті. Алмасының дәмін татып, ақ тілегімізді арнадық. Күнге тотыққан жүзі ерекше нұрлы.
- Бұл тірлікпен де айналысқаныма төртінші жылға кетіп барады. Алманың, өріктің, алмұрттың бірнеше түрі, жүзім ағаштары бар. Әзірге байқап-көріп, үйреніп жатқан жай,-деп жымиып қойды. Журналистер қауымы сұрақтың астына алсын. Білсек деген құбыла ниет ғой. Егін өсірушілерге үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдау-көмек баршылық екен. Өмірбек көкөніс еккен 22 гектар жеріне субсидия алыпты. «Гектарына 72 мың теңгеден берді» дейді ризашылығын білдіріп. Яғни, тыңайтқыш құнының 50 пайызын үкімет төлейді, бұл үлкен көмек. 72,5 гектар жерді жалға алып, оның 15 гектарына егін еккен кәсіпкер 9 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, орташа 70 мың теңге жалақы төлеп отыр. Төрт түлік малы өрісте жайылған, егінінде еңбек қызған Өмірбектің байқуатты тірлігіне сүйсіндік.
Келесі аялдағанымыз –«Бөрібай» шаруа қожалығы болды. Шаруа қожалығы басшысы Итемиш Алданов бізді көңілді қарсы алды. 92,5 гектар жерінің жыл сайын 15-20 гектарына егін егіп, тәп-тәуір өнім алып отырған іскер жанның қуанатын да жөні бар. Қаладығыдан әсте кем емес кең сарайында немерелері жүгіріп, келіндері сәлем етіп, айранын ұсынып, ақпейілімен ілтипат көрсетіп қарсы алып жатыр.
-Шұбат та, айран да өзімізден. Ұсақ малды айтпағанда, түйемен қоса бірнеше сиыр, жылқы ұстап, өнімін қадеге жаратып отырмыз. Ішіңдер, дәмін көріңдер, бағасын беріңдер,-дейді замандас аңқылдап, ақтарыла сөйлеп.
- Үш ұлым бар. Ортаншым –Баймұхан егін шаруашылығын меңгерген бағбан. Кәсібімді жалғастырады деп сенемін. Алғашқыда Мұнайлы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы 3 миллион теңге несие берді. Шағын несиелеу ұйымынан былтыр тағы 3 миллион теңге несие алдым. Пайызы төмен.Үкімет тыңайтқыш бағасының жартысын көтеріп алып отыр. Осыдан артық не керек, -дейді тағы. Әлгіндегі көрініс мұнда да қайталанды. Маң-маң басып суға қайтқан түйелер, еріне басып өрісті бетке алған сиырлар. Үйір жылқы сағымға батып барады.
-Жағдайларыңыз жақсы екен,- дедік біз де көңілденіп.
-Әрине, жақсы. Ерінбей еңбек етсең бәрі қолда,-деді замандас жымиып.
-Бірнеше шаруа қожалығында болдық. Облыста мал шаруашылығы бойынша 900, егін шаруашылығы бойынша 117 нысан тіркелген, оның 90-ы көкөніс өсіріп отыр. Қазіргі басты проблема -өнім бағасы. Егіншілеріміз қызанақтың килосын 80 теңгеден тапсырса, жолдан сатып алушылар оны 150-200 теңгеге дейін көтеріп отыр. Кәсіпкерлер «өнімімізді көтеріп алып, сақтап, сататын бір орталық қажет» дейді. Шынында да тоңазытқышы, желдеткіші, басқа да жағдайлары бар әмбебап база болса бағаны түсіруге де, біраз адамды жұмыспен қамтуға да болар еді. Бұл ұсынысты облыс басшысына жеткіземіз, -деп әңгімеге « Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Қабижанқызы араласты.
... Қызанақ алаңында суретке кезек-кезек түсіп, мәз-мәйрам болған әріптестерімнің жүзі ұясына бет алған күннің сәулесін қондырып, ерекше нұрланады.
Болат Үмбетов