Таяуда 110 мыңнан астам адам тіркелген Ақтау қалалық №1 емханасының жанынан жаңа бөлімше—амбулаторлық хирургия орталығы ашылды. Қаланың денсаулық сақшылары көптен күткен бұл орталықта жасалатын отаға тәулік бойы стационарлық бақылау қажет емес және осында ота жасау науқастардың жоспарлы ота үшін ауруханаға жату кезегін күту мерзімін анағұрлым қысқартады. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, операциялардың 60%-дан астамы амбулаторлық түрде жүргізілетін көрінеді. Мамандардың айтуынша, медицина ғылымдарының кандидаты, ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау басқармасын басқарған денсаулық сақтау ісінің үздігі Сүлеймен Бердәулетовтың бастамасымен ашылған орталықта терідегі қатерсіз ісіктерді жою, сүт безі, күрделі емес травматологиялық, проктологиялық, гинекологиялық, урологиялық, офтальмологиялық және бас операция түрлері жасалатын болады. Келешекте мұнда орталықтың қызмет аясы кеңейіп, жабдықталуына қарай лапароскопиялық операция түрлері де жасалатынына сенеді орталық мамандары. Сондай-ақ олар облыс басшылығы тарапынан орталықтың компьютерлік томографпен, асқазан-ішек жолдарын зерттеу үшін видеоэндоскопиялық аппараттармен жабдықталатынынан үмітті. Әрине, операция жасау үшін ең алдымен жоғары анестезиологиялық жабдық, яғни, наркозды-тыныс алу аппараттары қажет екені белгілі. Орталық мамандары бұл мәселенің де өңір басшысының бақылауында екенін айтып отыр. Ертеректе Ақтау қалалық №2 емханасының жанында амбулаторлық хирургия орталығы болған. Алайда, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасындағы нарықтық қатынасқа көшкен ауыр кезеңде және денсаулық сақтау саласын реформалауға байланысты орталықты жабуға тура келген. Жаңа орталықтың ашылуына мұрындық болған С.Бердәулетовтың сөздеріне назар аударсақ, жоспарлы хирургиялық оталардың 40-50 процентін амбулаторлық жағдайда жасауға болатын көрінеді. -Өңірдегі жалғыз облыстық аурухана аудандар мен қалалардан толассыз келіп жатқан науқастардың барлығын толық қамти алмайтыны анық,-дейді ол.-Ал амбулаторлық хирургия орталығы осы аурухананың жүктемесін жеңілдетіп, жоспарлы ота кезегін қысқартуға мүмкіндік береді. Орталықтың тағы бір артықшылығы—пациенттердің отадан кейін өздерінің үйреншікті әдетін, өмір сүру салтын сақтай алатындығында. Ал өзін үйдегі жағдайындай сезінген науқастың жазылып кетуі де жеңіл болады. Облыстық ауруханада күніне бір адам емделетін болса, бұл мемлекет үшін қымбатқа түседі, ал орталықта екі-үш пациент бірден ем алатындықтан бұл экономикалық тұрғыдан да тиімді. Енді ауруханадағы қымбат төсек-орындар күрделі ота жасалатын және отадан кейін ұзақ қалпына келтіруді қажет ететін ауыр науқастар үшін босайтын болады. Бұрын фиброаденома дейтін сүт безінің кішкене қатерсіз ісігін алып тастау үшін науқас жекеменшік клиникаларда 70 мың теңге және одан да көбірек төлеуге мәжбүр болатын. Ал осы амбулаторлық хирургия орталығында мұндай операциялар бірнеше есе арзан. Мұндағы бағалар қолжетімді, өйткені біз шығын материалдарын ғана өтейміз. Халықтың 15-20%-інде ғана жекеменшік клиникаларда емделетін мүмкіндігі бар. Орталықта жоғары санатты санатты хирургтар, травматологтар, урологтар және гинекологтар жұмыс істейді. Барлығы да өз кәсіптерінің шебері. Мұнда дәрігерлердің ұрпақ сабақтастығына баса назар аударамыз, яғни, жас мамандарды оқытып, тәлімгерлік көмек беріледі. Бірнеше жылдан бері осынау орталықты ашу жолында жұмыстанып келген белгілі маман медицинаны халыққа осылайша жақындата түсуге себеп болғаны үшін қуанышты. Ол орталықты қан тамырларына ультрадыбыстық зерттеу жүргізуге, жүктілік пен ұрықтың дамуын бақылауға болатын қымбат бағалы әмбебап аппарат және миды тексеруге арналған электроэнцефалографпен қамтығу қол жеткізді. Ашылған күні-ақ мойын ісігіне ота жасалып, қатерсіз липома алынып тасталған орталықта операциялар үздіксіз жүріп жатыр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА