Құлашын кең сермеп, көркейген үстіне көркейе түсіп келе жатқан Ақтау қаласында сәнді ғимараттар баршылық. Тұрғындар мен қала қонақтары серуендеп, демалатын орындар да жеткілікті. Әсіресе, жаз маусымында кешкі салқынмен тынығып қайтатын жерлер де бар, шүкір. Облыс орталығындағы Бекет ата мешітіне қараңызшы. Үздіксіз келіп, құлшылық жасап жүрген жамағатымен сұлу көрінетін мешітіміздің алды қандай керемет. Айналасы жап-жасыл. Әдемі гүлдер көз тартады. Ал кешке қарай мұнда ары-бері өткендер, арнайы келетіндер қыдырып, Ақтаудың ас самалымен тыныстап, бой сергітеді. Бірақ... Әттеген-ай, мұның да бірағы болып тұр... Бірақ осы жердегі саябақтың көркін келтіріп тұрған ағаштар мен бұталар, әсем гүлдер көптен бері су көрмеген. Жапырақтар сарғайып, гүлдер салбырап қалған. Мұны көргенде жайдары көңіл су сепкендей басылып, құлазып сала береді. Мына суреттер маусым айының соңғы күндерінің бірінде түсірілген еді. Абырой болғанда, шілде айы жылдағыдай емес, жауын-шашынмен басталды. Соның арқасында бұл жердегі өсімдік біткен біраз көтеріліп қалды. Алайда, жаздың аты—жаз. Ала жаздай жауын жауып тұрар деймісіз, ертең-ақ қаламыздың аптап ыстыққа орануы—қалыпты жағдай. Сол кезде қалалықтардың сүйікті серуен орнына айналған бұл саябақтың сұрқы кете ме деп алаңдайды ақтаулықтар. Әлбетте, қаладағы барлық көк желектер сияқты, бұл саябақты да суаруды тендерден ұтып алған бір мекеменің бары анық. Бірақ, оның жұмысы әзірше көзге көрінбей тұр. Жарықтық жапырақтар желкілдеп, алқызыл гүлдер менмұндалап тұрса, кәнеки...
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА