Жақында облыстық стоматология орталығында «Стоматологиядағы инновациялық тәсілдер мен мүмкіндіктер» атты екі күндік ғылыми-практикалық семинар өтті. Оған арнайы келген медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан эндодонтистер және пародонтологтар қауымдастығының президенті Майра Көпбаева маңғыстаулық әріптестерін стоматология саласында болып жатқан жаңалықтармен таныстырды. Дегенмен, басты тақырып—жергілікті анестезияны тиімді таңдау, түрлі стоматологиялық аурулардың алдын алу мәселесі жайына кеңінен тоқталып, тереңірек әңгімеледі. Сонымен қатар Майра Көпбаева облыстық стоматологиялық орталықтың дәрігерлері, Маңғыстау облысының аудандары мен қалаларында жұмыс істейтін жеке стоматологиялық кабинеттердегі мамандар үшін шеберлік сабағын өткізді. Шеберлік сабақ барысында тәжірибелі профессор жаңа препараттарды қолдану арқылы стоматологиялық емдеуде заманауи технологияларды пайдаланудың қыр-сырымен таныстырды. Сондай-ақ, ол өңір стоматологтарын саланың дамуынан, заманауи эндодонтиялық емдеудің мақсаттары мен міндеттерінен хабардар етті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА