Жыл сайын маусымның соңғы жексенбісінде журналистер қауымы кәсіби мерекелерін тойлайды. Биыл да дәстүр бойынша төл мерекеміз аталып өтуде. Әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғыдан қалам тербеп, қашанда жаңалық жаршысы бола білген журналистердің қоғамда алар орны ерекше. Осы орайда 38 жыл бойы аты аталған салада қызмет етіп келе жатқан облысқа белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», «Маңғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақованың да өңір үшін атқарған еңбегі зор. – Валентина апай, сіз осы журналистика саласында бірнеше жылдан бері еңбек етіп, қазанында әріптестеріңізбен бірге қайнап келесіз. Бірақ сол алғашқы үлбіреген жастық шақты еске бір түсіріп көріңізші. Бұл салаға алғаш қалай қадам бастыңыз? -Мен журналистика саласына 1981 жылдары келдім. Ол кезде Түрікменстанда тұрамыз. Аудандық «Жұмысшы» деген газеттен еңбек жолымды бастадым. Мәртебесі аудандық болғанымен, газеттің республикадағы рөлі өте жоғары болатын. Себебі оны сол елдің барлық уәлаяттарында тұратын бүкіл қазақтар оқыды. Мектеп жасымыздан газетке шағын өлеңдерімізді, эсселерімізді жолдап, кейде мақала да жазып жүрдік. Содан мектеп бітірген жылы аудандық газеттің редакторы мені өзіне шақырып алды. Мектеп қабырғасында жүріп жазған материалдарымды ескеріп «Сенің жазғандарыңды бір әрпін де өзгертпестен газетке жариялап отырамын. Егер журналистика мамандығын оқығың келсе, Алматыда мемлекеттік университет бар, соған жолдама керек болса көмектесейін. Бірақ сырттай оқисың. Өйткені бізге жұмыс істейтін журналист керек» деген. Сол кісінің нұсқауымен университетке оқуға түстім. Сырттай оқығаныммен, бізде ешқандай таныс-тамыр жоқ, берілген тапсырмалардың бірін де қалдырмай орындап, барынша жақсы білім алдым. Осылайша 2000 жылға дейін газетте қызмет еттім. Бірақ сол жылы газет жабылды. Себебі қазақтардың көбісі Қазақстанға көшіп кетті де оқырман саны күрт азайып қалды. Ол кезде газеттің редакторы әріптесім Мұрат Жетекбай болатын. Мен оның орынбасары болдым. Сөйтіп, «Жұмысшының» кейде редакторы болып, жауапты хатшысы да болып, журналистика саласында мол тәжірибе жинақтадым. 2000 жылы Маңғыстауға қоныс аударған соң облыстық радио-телевидениеге жұмысқа орналастым. Онда 3 жыл қызмет етіп, кейін облыстық «Маңғыстау» газетіне ауысып кеттім. Телевидениеде жұмыс істеп жүрген жылдарымның да өзіндік естеліктері бар. Сол кездері Алматы қаласында 1 ай халықаралық телестудия мектебінде оқу бұйырып, көп тәжірибе алған едім. Ол менің ең бақытты сәттерімнің бірі десем де болады. «Режиссура және актерлік шеберлік» сабағын күніне екі пардан, аптасына алты күн оқыдық. Ол бойынша бізге мықты режиссёр Болат Атабаев дәріс берді. Сөйлеу техникасын да меңгердік. Ресейлік танымал тележүргізуші Нина Зверевадан ақпаратты алу, өңдеу, тыңдарманға, оқырманға жеткізу жолдарын меңгердік. Ал оператордың сабағында операторлықтың қыр-сырын үйрендік. Шетелдік атышулы БАҚ өкілдерінің мамандары да келіп, бізге дәріс оқыды. Осылайша нақты 3 бағыт бойынша білім алып шықтық. Бұл курсты сол кезде Қазақстан бойынша тек 13 журналист ғана оқыған болатын. Кейін оқудың қымбаттығына орай оның жалғасы болмай қалды. – Журналист болу әйел адамға оңай емес екенін барлығы жақсы біледі. Себебі кейде үйге кеш қайту, отбасын екінші орынға қоя тұру секілді келеңсіз тұстары бар. Десе де, бұл салада қызмет ететіндердің басым көпшілігі – нәзік жандылар. Жаңа өзіңіз телевидениеде жасап жүрген жылдарымдағы естеліктерімнің бірі деп бақытты сәтіңізбен бөлісіп жатсыз. Алайда ақ пен қара қатар жүретіні секілді, осы телеарнадағы жұмыстың отбасыңызға кері әсер еткен тұстары болды ма? -Осы сәтте басымнан өткен бір оқиға ойыма оралып отыр. Дұрыс айтасыз, телеарнада жұмыс істеу әйел адам үшін қиындау. Ол кезде жергілікті арнаның жаңалықтар қызметі мен бағдарламалар бөлімі екіге бөлінбеген кезі. Барлық жұмысты бірге атқара беретінбіз. Содан бір күні бағдарламамды аяқтап жатқанда, басшылықтан Жаңаөзенге бару керек деген тапсырма келді. Өздері көлік беріп, аяқ асты сонда жол жүріп кеттік. Хабарласатын қолда телефон жоқ. Балаларым үйде қалды. Жолдасым тығыз шаруаларымен ауылға кетіп қалған. Сөйтіп, Өзенге барып, ақпаратымызды алып, қалаға түнгі сағат ондарда келдік. Ол кезде 8-қабатта бір бөлмелі үйде тұрамын. Үйге келіп, баспалдақпен 3-ші қабатқа көтеріле бергенде балаларымның қатты жылаған дауысы шықты. Содан жанымды қоярға жер таппай, ышқынып 8-қабатқа қалай шыққанымды білмей қалғанмын. Келсем үйдің жарығы сөніп қалған. Екі балам қорқып қалған, қарындары аш. Содан балаларымды құшақтап, өзім бірге қосылып жылап алдым. Сол күні өзіме «Мен телеарнадан кетемін» деп уәде бердім. Себебі отбасымды, балаларымды ойладым. Бұл – наурыз айында болған оқиға еді. Енді газетке барып, жұмыс сұрауға жол түспей жүрді. Бір күні телеарнада жұмыс жасап кеткен бұрынғы әріптесім Гүлнар Науыршаны кездестіріп қалдым. Әңгіме арасында ол менің ойымды оқып қойғандай, «Сен осы біздің газетке жұмысқа келсеңші» деді. Барғанда газеттің редакторы Маңдайлы Қосымбаева мені танымайды ғой, жүрексініп жүрмін дедім. Ол кісі «Жоқ, ол сені сыртыңнан жақсы көреді. «Мына қыздың сөзі де жақсы, өзі де жақсы», деп айтып отырады» деді. Осы сөзді естіп алып қуанып, қанаттанып, кеттім. Содан әне барам, міне барам деп жүргенде мамыр айында «Шопандар» тойы болды. Бір топ журналист болып Үстіртке кеттік. Сол жерде Маңдайлы апамды көріп, танысқан болатынмын. Бір күнге қонуға барғанбыз ғой, төсек-орын жетпейді. Содан Маңдайлы апа екеуміз бір жастыққа жаттық. Екеуміз әңгімелесіп, газетте жұмыс жасағым келетінін де тілге тиек еттім. Бетімнен қаққан жоқ, бірақ жұмысқа өзі шақыртатынын айтты. Алайда жаз өтті, күз өтіп, үмітімді үзіп жүрген едім. Бірақ ол кісі уәдесінде тұрып, ақпан айында мені жұмысқа шақырды. Сөйтіп, «Маңғыстау» газетіне жұмысқа орналастым. Биыл осы газетте қызмет жасағаныма 16 жыл болады екен. Жалпы журналистика саласында 38 жыл еңбек етіппін. – Журналист төртінші билік деп жатамыз. Халық түйткілді мәселесін шешуде де журналистерге арқа сүйейтіні белгілі. Осы тұста сіздің жазған мақалаңыздың ықпалымен шешімін тапқан сұрақтар болды ма? – «Жұмысшы» газетінде жүргенде бұндай жағдайлар болған. Ол жақта тұз өндіретін «Қулытұз» комбинаты болды.Оның басшысы Т. есімді орыс кісі болатын. Жұмысшылары кіл қазақ. Содан басшылықтың жұмысшыларға көрсетіп келе жатқан қысымын естіп, сол жағдайды газет бетіне жариялауға кірісіп кеттім. Таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін комбинатта болып, жұмысшылардың өз ауыздарынан барлық арыз-шағымдарын жазып алдым. Ол кезде диктофон да жоқ қой. Содан газетке жұмысшылардың айтқан арыздарының бірін де қалдырмай «Бір кәсіпорындағы былықтар» деген мақала жаздым. Газет шықты, ертеңіне аудандық партияның бюросы болды. Бюрода мақаланың ықпалымен жаңағы комбинаттың басшысын жұмыстан босатты. Одан кейін «Бір ауыз сөз» деген де мақалам шықты. Бұл да қарапайым жұмысшының жанайқайы болатын. Сол кезде Мәскеуге тікелей бағынышты «Қарабұғазсульфат» деген кәсіпорынның басшысылары өзге ұлт өкілдері болды. Олар бір қазақ жұмысшыны нақақтан-нақақ жұмыстан шығарып жіберген. Әлгі қызметкер тиісті жердің барлығына барып көмек сұрайды. Сотқа да шағым түсіреді. Алайда нәтиже жоқ. Сөйтіп, анда-мұнда жүгіріп жүргенінде 20 күні «прогул» болған екен. Содан ол бір күні біздің газеттен көмек сұрап келді. Ол бойынша да екі күн жүріп, ақпарат жинап, жұмысшының «прогулды» мәжбүрлі жасағанын дәлелдеп, газетке мақала жарияладым. Таңертең газет шығысымен, аудандық соттың судьясы маған келіп: «Мақала жазбас бұрын бір ауыз ескертпедің бе? Бұл істі мен де қарап жатыр едім ғой», деп реніш білдірді. Мен: «Егер алдын ала ескерткен болсам, мұндай мақала шықпас еді ғой» дедім. Сол маған көңілі қалған күні судья Бекдашыға тартып отырып, кәсіпорында жылжымалы сот болып, жаңағы жұмысшыны жұмысына қайтадан орналастырып, оны жұмыстан босатқандарға жаза тағайындап келді. – Алдыңғы буын ретінде қазіргі жас журналистерге қандай баға бересіз? Айтар кеңесіңіз бар ма? -Қазіргі жас журналистер білімді, сауатты деп айта аламын. Себебі олар жан-жақтан оқып, білім алып келіп жатыр. Десе де, арасында кейбір жастар бар, мақаланы қазақша жазғанымен, олардың қазақшасын қайта қазақшалауға тура келеді. Мәселен, «Прокуратурамен тексерілді» дейді. Қазақ олай сөйлемейді ғой. «Прокуратура тексерді» болуы керек. Бір ғана мысал айтып отырмын. Келтіре берсең өте көп. Сосын қазіргі жас журналистер құр қошеметке үйренген, сын көтере алмайды. Ал біздің кезімізде біреу мақтаса, соған ұялатынбыз. Шын айтып тұр ма екен деп күдікпен қарайтынбыз. Қазіргі жастар өзінің кемшілігін естігісі де, көргісі де келмейді. Ол кемшілікті көрмесе, естімесе, өспейді ғой. Бұл сала да алға баспайды. Сондықтан жас буынға айтарым, тәкаппарланбай, сынға құлақ түріп, нәтиже шығаруға дағдыланса екен деймін. Кезінде «Жұмысшы» газетінде жүрген кезімізде редакторымыз «Журналист басқа сала мамандарынан екі елі биік болуы керек, бойы емес, ойы» дейтін. Сондықтан журналист көп ізденіп, көп оқып, өзін жан-жақты жетілдіріп отыруы тиіс.
Айгүл ОРЫНБАЕВА