Бүгінгі жаһандануға жапатармағай бет бұрған технократтық заман ұрпақтары үшін Айнахан Есеттің салт-дәстүр, қазақы тәрбие, қолөнер, атбегілік, отбасы құндылығы тақырыбындағы жазбалары ерекше құнды. Ол өзінің «Дүлдүл мінген дүрлерім» еңбегінде ата-тегі жөнінде: «Атбегілік өнерімен Адайдың атағын кіші жүзге жайған, қазақты түрікмендерге танытқан, талай атбегіні қапы қалдырып, Алшыннан ат оздырған Есет атам туралы айтпай кету – қасиетті перзенттік борышты аяқ асты ету, аруақты сыйламау, қаламгерлік міндетімді өтемеу болар еді» деп жазады. Ел аузында «Қазақ жылқы мінездес халық» деген тұжырым бар. Ауыз әдебиетімізде, батырлар жырынан жылқы культі бірден көзге ұратыны тағы бар. Жауға мінетін қазанатын сайлап, қылышын қайрап күн кешкен көшпенді халықтың жылқысыз күні қараң болғаны рас. Осы үрдіс кешегі ата-баба заманына ұласты. Бүгінгі күні де жылқы өсіріп, ат баптау – қасиетті салтымыздың бірі. Жүйрік жаратудан жергілікті Адай арғымақтарының абыройы жоғары, даңқы асқақ. Демек, кешегі Есеттерден қалған атбегілік өнер жалғасын тауып келеді деген сөз. Қазақтың бетке ұстар қай тұлғасының түп-тамырына үңіліп, ата шежіресіне көз салсақ, олардың кешегі зұлмат зардабын тартқанын аңғаруға болады. Айнаханның аталары да ол нәубеттен тыс қалмапты. «...Өнерінің арқасында «хан» ағасы Тобанияз бен би ағасы Айдарбайдың қасынан табылған» өз заманының белгілі азаматы «Есет сейістің жүйрік аттарына арнайы соқтырған күміс ер-тұрманы белсенділердің басшысының қолында кетті. Мал-мүлкі түрікмен жерінде тәркіленді». Соның кесірінен ұзақ жылдар атамекеннен жырақ жүрді. Түрікмен арасын паналады. «Жылқының тілін білетін қазақ түрмеден келіпті»...деп сейістік қасиетін қатты бағалаған түрікмен елінде тұлпар жаратып, бәйге аттарын баптады. Сол арқылы атақ-абыройға бөленді. Ол өнерінен атамекенге оралғасын да қол үзген жоқ. Немересінің: «Сағызым менің, Сағызым, Саф алтын булы аңызым. Саумал да самал жазығым. Сағаң да сейіс қалдырған, Сәйгүлік байлар қазығын» деген жолдары соның дәлелі. «Есет 1960 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Қопа өңіріне көшіп келгенде түрікмен елінен ала келген үш арғымағының бірі «Жирен қасқа» жүйрікті нағашысы Иматқа сыйға тартты. «Қара арғымақты» «мұның баласы жүйрік болады, бұл Адай жылқысының тұқымы деп кеңшардың жылқысына қосып, үйірге салды. Ал үшінші арғымағы – сол жылы құнан шыққан «Кершабақты» «бұл аттың жүйріктігі тек өз басында, тұқымы жүйрік болмайды, сондықтан жылқыға қоспай тек бәйгеге қосу керек» деп, жеке дара баптады. ...Атам өмірден өтіп, намазы шығарылып, ақырғы сапарға аттанып бара жатқанда ауыл шетінде арқандаулы тұрған Кершабақ қазығын айналып жанұшыра оқтын-оқтын кісінегені. Осы бір сәт, жүйріктің кісінеген дауысы құлағымнан әлі күнге кетпейді. Бәлкім, менің өлеңге құмар қылған, музам осы шығар» деп тебіренеді ақын. Тағы бір жолы ФБ парақшасына: «Арғымақтар жайлы жазуға аңсарым ауады да тұрады» деп жазыпты. ...Осындай атаның ұрпағына киелі өнердің жұғысты болуы табиғи жалғастық секілді. Өнерлі ортада өскен Айнаханның ақын болмауы мүмкін еместей көрінеді. 4-5 жасында әпкесінің кестелеп бітірген шілтерлі сүлгісін басына орап алып, «Жүгіріп келдім қасыңа, Сүлгі тарттым басыма...» болып тілінің ұшына оралған ұйқасты екі тармақтан басталған ақындық жолы, 13-14 жасында мектептің қабырға газеттеріне ұстазға, Отанға арналған өлеңдерге ұласқан. Кейін өзі «Жазығы жоқ жәутең жастық шағымның, Патшайымы бір өзіңсің, Алматым!» деп жырлаған Алатау бауырындағы арман қалада Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Оқуын бітіргесін Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінен қаламгерлік қызметін бастады. Бейнеу аудандық «Рауан» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған, республикалық ұлттық тәуелсіз «Үш қиян» газетінде жұмыс істеп, «Маңғыстау» облыстық газетінің меншікті тілшісі болды. Бүгінде Бейнеу аудандық «Рауан» газетінде тілшілік қызметті атқара жүріп, өлеңнен, өнерден қол үзбейді. Туған жер табиғаты ақынның сыршыл сезімімен үндесе айшықталып, өзіндік көркемдігімен сырлы суретке айналады. «Ақ шаршы байланып ап, адырлар тұр, Жусаған жылқылардай шағырлар тұр. Тобылғы қанық-күрең қамшыға сап, Бұлдағы тұлпар жайлы сағынған сыр...». «Үстіртке көктем келді ұзатылып, Ақ желек шұғыласы шұбатылып, Cәлемін салады енді маңғаз қырға, Қыр лебі, саумал самал бұратылып!..» «Бақытым күннен, бағытым – төрткүл құбылам, Төсегім түннен, жамылғым – айдың нұрынан. Еркіндеу өскен, еркелеу дала қызы едім, Жусанның иісі аңқитын ән мен жырынан. Самалы қырдың айналып әр кез толған-ды, Сыйлаған аспан көкжиек көркем ойларды. Жалғанда мынау мен ақын болғым келмеген, Көңілім көнбей бозторғай-жырға айналды». «Боз үй тігіп боз төбенің басына, Боз жорғаның құлын ертсем қасына. Боз інгендей желсем сосын желкілдеп, Боздап тұрған боз ботаға асыға...». Жаны нәзік ақын қаламынан сыршыл лирика сазы сызылып есе жөнеледі. «Арзан дүние, арбауыңа көнбесем, Мінезім сол – мейіріммен селдесем. Сабағынан ақ сүт парлап тұратын, Сүттігенмен жаным егіз шөлде өскен...» «Дала даусын сағынған жан тілдессін, Қырды кезіп, жалаң аяқ құм кешсін. Шағыл құшып тыншу табар түбінде, Жан шөліме дауа – ғазал, жыр көшкін...». «Елең-елбір еру сезім кернеген, Жер менен көк жыр тілінде сөйлеген. Айдаланы кезсем дағы бір өзім, Жалғызбын деп жапа шегіп көрмегем...». Кейде суретті сөзге, сырлы саз қосылып, жаңа әуенге айналып жатады. Айнаханның тағы бір қыры – сазгерлік, ән салатыны өнері де бар. Ақынның қазынасы – сөз, өсиеті – өлең. «Көркем сөз деген көріктің, Құдыретін талмай жазамын. Жаман сөздерден қорықтым, Жақсы өлең жазу – ғажабым». «Алланың лебi пейіштен ескен – Жансусар-жырдың өзегі!» Айнахан ойына келгенді боратып жаза беретіндер санатынан емес, таным таразысын салмақтап, сараң жазатын ақындар қатарында. «Бойдағы барым менен жанымды сап, Қазақы қаным менен арымды сап, Бір өлең жазып кетем қалайда мен, Ел үшін өмір кешкен дарын құсап», дейтіні содан. «...Ақ көйлектей бүрмелі, Ақ жаулықтай ілмелі, Зер белдіктей түрмелі, Керме қастай сүрмелі – түр өлең. Мұң сусыған қобыздай, Мың сиқырлы аңыздай, Елім деген жаны ізгі-ай, Асан Қайғы абыздай – сыр өлең. Жер тарпыған тұлпардай, Көк қалқыған сұңқардай, Күмбірлетіп күй толғай, Арындатып жыр толғай, шын өлең жазғысы келген» ақын, «Кие тұтар қара өлеңін, кім көрінген қолжаулықтай әурелеп, Көкпар тартып, әбден құнын кетіріп, жетім сәби секілді еткен жайын ұғып» қиналады. Өлеңге қояр талабы жоғары талғампаз ақынның шым шидей шырайлы өлеңдері баршылық. «Тағдыр», «Сағыз», «Шағырлы», «Боз өлең», «Байсұлудың бәйіті» – шынайы аллитерация үлгісінде жазылған. Ақын жүрегі қашан да қамкөңіл олар өзі өмір сүріп жатқан ортаның жайына немқұрайды қарай алмайды. Айнахан да «Біздің хал» өлеңінде: «...Ұлдан иман, қыздан иба іздеген, Жоғалғанды жоқтаушымыз – біз деген. Улап жатыр үлпершектей ұрпақты. Мына заман – салт сананы тіздеген. Елік сенім – қорғансыз һәм кінәсіз, Қалай ғана құрбандыққа қиясыз? Ата салттың үзілсе егер үміті, Қалары анық жыр қаламым сиясыз. Осы жайдан біздің халды ұғасыз!» деп, оқырманына өз халынан хабар береді. «Жадау қайың, жарық-жарық балтыры, Қамсау болмай жұқа қабық, сыздар-ды. Мазалайды Жер-Ананың тағдыры, Қарсыз қыстың сұры неткен ызбарлы» дейді туған өңірінің бүгінгі экологиялық ахуалы туралы. «Жабылған жаланы жыл анықтайды, Жағымпаз жолдас болып жарытпайды. Жабыны жүз қайтара жаратсаң да, Арынын арғымақтай танытпайды...» абыздарша термелете ой толғайды. «Шырағданым сөне көрме ертерек, Кезім мынау ел-жұртыма ең ерек. Ақтаңдаққа алтын жазу жазамын, Қазына – елден тауып алып кен-дерек». Бұл – қаламгер тілегі! Қазақтың белгілі тарихшы-жазушысы Әнес Сарайдың «Олжашы шежіресі» еңбегіне: «Айнаханның шежірелік тарихты жақсы білетіні және шежіреде аты аталған тұлғалардың бірде-бірін аттап өтпей, саралап, дәлелдеп, үлкен сенімділікпен баяндауы көңілді ұйытпай қоймайды. Бұл еңбекті Олжашының ғана емес, Жеменейдің кейінгі 300 жылдық тарихы деп шамаладым» деп баға беруі, оның қазақ тарихы үшін қандай құнды еңбек екенін айқындайды. Ақын шығармаларының өзекті бір тақырыбы – арулар. Ару болғанда, беттің әрін бедел еткен «ақылы қысқалар» емес, ақылына көркі сай, елдің ар-намысы үшін жаралған асыл-арулар. «Байсұлу», «Түйме», «Оғылмеңді арудың монологі» секілді сүбелі жырларға арқау болған тарихи тұлғалар – Айнаханның жоғарыда айтылған шежірешілік қырын байыта түсетін портреттер. Айнаханның автобиографиялық деректі прозасы да – туған елдің көркем шежіресі деуге татитын жілігі майлы дүниелер. «Қалжан сейіс», «Жүйріктен қалған бір белгі», «Реушен, Құла ат һәм қырық жігіттің ерлігі», «Қасиетті Құла мен Алжеттінің ақыры», «Жиынға жүйрік жаратқан Зәкария», «Шеркеш бабаның Құлагері», «Көк мойнақтың үйірін баққан қыз», «Алшыннан ат оздырған атам Есет» деректі әңгімелерінің аты айғақтап тұрғандай арғымақтар тағдыры мен атбегілік өнері туралы шынайы, шымыр дүниелер шебер қолдан құйылған сұлу мүсіндей бірден оқырманның есінде сақталып қалады. «Тұлпар мінген текті әкенің қызымын», «Алты жаста атқа шаптым, не пайда, Асылзаттай жықпағасын жау қосын» деп жырлаған арынды ақын Айнаханның өзі де Гүлкенже есімді аруды дүниеге әкеліп, үкілеп тәрбиелеп отыр. «Бақ дегенің – сөзі шығар әкенің, Тақ дегенің – туған байтақ мекенің. Лебізінен тым ертерек сезінгем, Құдырет пен киенің не екенін». «Тұлпар мінген текті әкенің қызы боп, Қаламымды қайта ұстауға қармандым!..» деп жазған ақын бүгінде қазақы салт-сананың уызына қанып өскен ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлгілі үйелменнің отанасы. Бір шаңырақтың астынан өнері мен өнегесі қатар өрбіген бұл отбасы облыстық «Үздік жұбайлар» байқауының жеңімпазы атанды. «Өзге жұртты тек ұлттық үлгімізбен таңдандыра аламыз» деп, ауызбен айтып қана қоймай, күнделікті тірлікте зергерлік әшекейлер мен ұлттық киім үлгілерін айналасына насихаттай жүретін ақынның отбасы мүшелері де – өнерлі жандар. Айнаханның ері Өтепқали Өміров – он саусағынан өнері төгілген зергер, әке жолын жалғастырушы, екі ұлы Төлеген мен Төремұрат – Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының кескіндеме, мүсіндеу және дизайн факультетін бітірген кәсіби қолөнер шеберлері. Осы оқу орнының 1-курс студенті Гүлкенже сурет салады, домбыра тартады, өлең жазады. Айнаханның үлкен ұлы Төлегеннің жары, тұңғыш немересі Бибімариямның анасы, келіні Ниса конструктор-модельер. «Анам Ақзиза әлгі ат жабуларды өзі тігіп дайындап жыл сайын жаңалап отыратын. Бір өңкей аппақ және шым қара күзем жүннен жұқалап киіз басып, әрқайсысынан өз алдына бөлек-бөлек жабу пішіп, оның беткі өрнектерін бояулы жіп иіріп өрнектеп, кестелеп, әсемдеп тігетін» деуіне қарағанда ақынның анасы да – шебер. Киелі өнер ана сүтімен, ата қанымен бойына дарыған Айнахан – жыр мүшәйраларының, «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінің екі дүркін жеңімпазы, «Отпантау» республикалық жыр додасының, «Қанатты әйел – 2» идеялары мен тауарлары республикалық конкурсының жүлдегері. Ұлттық үлгідегі «Қыз ұзату», «Келін түсіру» тойларының сценарийін даярлап, мерекелік шараларды өткізуге мұрындық болуымен де аудан жұртшылығына танымал. Айналасындағы өнерлі жастарға қамқор болып жүретін Айнаханның ізін басқан өнерлі шәкірттері қатарында «Маңғыстау-медианы» басқарған журналист Сағындық Рзахметов, «Үш қиян» баспасының директоры Махмуд Қосмамбет, республикалық жастар сыйлығының иегері, ақын Асылбек Жаңбырбайды атауға болады. Ақын өмірінде жағымды жаңалық көп. Соның бір мысалы, биылғы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері атанды. Есімі «Маңғыстау ақын-жазушылары кітапханасына» өлеңдер топтамасы, «Жыр маржаны» қазақ поззиясының антологиясына өлеңдері енген ақын «Арыстардың аты жетсін ұрпаққа», «Олжашы шежіресі», «Өмір сыры», «Ақжелең» кітаптарының авторы, белгілі қаламгер, өлкетанушы, шежіреші Айнахан Есет 60-тың ауылына ат байлап, аудан көлемінде оқырмандарымен кездесуін өткізіп, шығармашылық есеп берді. Бейнеу ауданы әкімі Бейнеубек Көңілімқосұлы Әбіловтің қолдауымен өткен шығармашылық қорытынды кеште көптен күткен қос кітап – «Бойтұмар» мен «Үстірт балладалары» жинақтарының тұсауы кесілді. Бейнеу ауданының рухани өміріне өз үлесін қосып келе жатқан Маңғыстаудың қабырғалы қаламгері Айнахан Есеттің шығармашылық кешінде құттықтау сөз алған арқалы ақын Сабыр Адай, ақын-журналист Сағындық Рзахмет кеш иесіне өздерінің жүрекжарды тілектерін арнап, ақынға рухани, қаржылай көмек көрсетіп, рухани жаңғыру үлгісін насихаттап жүрген әкім Бейнеубек Көңілімқосұлына ризашылықтарын білдірді. «Қыдыра жал, қыл құйрықты қазанатты қазақ кие тұтты, елсізде жортса ес көрді, ел үшін жортса жігер-күш көрді, бәйгеге қосса намысы санады, арғымағын арға балады. Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған тұлпар туралы жырлар тарих сахнасында бұрыннан бар. Керемет жыр ғана емес, керімсал күй мен көркем әннің арқауы арғымақ болды. Тіпті басқа тұрғай бақилық тұрағы мазарының да қабырғасы тұлпар бейнелі әшекеймен безендірілді. Біздің бабаларымыз осылайша жылқыны өміріне балады, өнеріне айналдырды» дейтін арғымақ болмысты ақын Айнаханға «Бәйге-ғұмырда осы шабысыңыздан талмаңыз!» дегіміз келеді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ