Түпқараған ауданының әкімі А.Т. Хамиев әкімдіктің кіші мәжіліс залында Ресейлік «РосХимИндустрия» корпорациясының өкілі Мешков Александр және «Kaz-Waterhunters» ЖШС директорының геология және геофизика бойынша орынбасары Мұрынов Төреғали, аталмыш мекеме директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Нүкенов, Қошанов сынды геология саласының ғалымдарымен кездесті. Су тұшыту зауытын салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп,кездесу барысында инвесторлар Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласында су тұшыту зауытын салудың артықшылықтары мен су тұшыту қондырғысының ерекшеліктерін таныстырды. Сонымен қатар 80 елде танымал корпорацияның патенттелген су тұшытудың әр деңгейіндегі жұмыстары табиғатқа зиянсыз, керісінше оң көмегімен жүзеге асатынын жеткізді. Су тұшыту кезіндегі су қалдықтары да дизенфекция сияқты түрлі залалсыздандыру жұмыстарына пайдаға асатынын атап өтті. Жоғары сападағы су тұшытатын қондырғы жобасы бұған дейін Шымкент өңірінде іске асқан, шымкентікктердің игілігіне әлі де қызмет етіп келе жатқанын жеткізді. Аудан әкімі А.Т. Хамиев ауыз су қоры тапшы өңір ретінде бұндай жобаларға қаржы құятын инвесторларды қолдайтынын, теңіз суын тұшыту ісіне баса назар аудару керектігін жеткізе отырып, әлі де жұмыстарды пысықтау қажеттігін айтты. Аудан бойынша су тапшылығы әсіресе көктем, жаз айларында байқалатындықтан бұндай жобалар өңірге қажет. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, жоба жұмыстары әлі де пысықталатын болады. Айта кету керек, осыған дейін су тұшыту зауыты ретінде Баутин кентінде шағын «Баута» мекемесі жұмыс жасаған болатын. Алайда бүгінде өз жұмысын тоқтатқан мекеме ғимараты жеке меншікте болғандықтан, иелері сатылымға қойған. Сонымен қатар аудан орталығында тұрғындарды сумен қамтамасыз ету мақсатындағы «Түпқараған су жүйесі» мекемесі жұмыс істейді.
Милана Елеусінова