Баутин теңіз порты арқылы Ресейге алғашқы ұлутас (ракушечник) тасымалы жасалды. Кеңес кезінде дүниежүзі бойынша екінші ірі порт атанған Баутин теңіз портындағы бұл жаңалықты «Sputnik» сайты «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасай отыра хабарлады. Осыған дейін ұлутас көрші елге теміржол арқылы тасымалданған, ал Баутин теңіз порты арқылы соңғы рет 1992 жылы жөнелтілген болатын. Араға ширек ғасырдан астам уақыт сала отырып, қайта жанданған тасымалда ұлутастың бірінші жөнелтілімі 2500 тоннаны құрап отыр. Өңірде ұлутас 1960 жылдары өндіріле бастап, Кеңес кезінде Ресейде сұранысы жоғары болып, Астраханьға жеткізіліп отырған. Бұл жолы «Саура таскескенінде (карьер) өндірілген тастарды тұрақты түрде айына 2 рет «Торговый дом» Каспийский» компаниясының «Волго-Балт-216» астрахандық жүк кемесі тасымалдайтын болады.